Жетпіс жыл беймәлім болған Алтын ЖҰЛДЫЗ

Шахан нағашым өте мейірімді, әрдайым жылы жүзінде күлкі үйіріліп тұратын адам еді. Сол кезде ел ішінде ұстаздардың беделі өте жоғары болды. Төңірегіне білім нұрын шашатын мұғалімдерді халық өте сыйлайтын. Жас толқын болса әрдайым үсті-басы мұнтаздай таза, кіршік жұқтырмайтын сыпа, барынша мәдениетті мұғалімдерге қарап бой түзейтін. Санасында сәулесі барлары дәл осы мұғалімдердей білім айдынына құлаш ұрып, күні ертең білім көкжиегі кең азамат болуға тырысатын.

Шоқ жұлдыздай шағын ауылдардағы мұғалімдер сол елді мекендердің ертеңгі болашағы – жас жеткіншектердің бағыт түзер темірқазығы іспетті еді. Жарты ғасырға жуық уақыт өтсе де, аяулы ұстаздардың, ардақты ел азаматтарының, ажарына мейірім тұнған, дидарынан ақыл-парасат ескен мен үшін соншалықты қымбатты жандарды тағы бір еске алып отырмын. Мұғалім – тұлға, мұғалім – ұлы бейне еді. Менің Шахан нағашым да дәл осындай биік деңгейдегі, жаратқан ие жан дүниесіне небір ізгі қасиеттерді дархандықпен дарытқан дара бітімді, асқақ кейіпті, мөлдір мейірлі жан еді. Содан ба екен елдің бәрі бұл кісіні мұғалім деп атап кетті.
Әлі есімде ол кезде Ұлы Жеңіс мерекесі өзіндік сән-салтанаты асқақ, мәртебесі биік мереке ретінде тойланатын. Жай ғана той емес, жас ұрпаққа өшпес өнеге, ұлықты ұлағат ретінде өткізілетін. Жалпақ жұрттың бәрі, еңкейген ақсақалдан еңбектеген балаға дейін салтанат өткізілетін жерге жиналып, бір кезде басқыншы жаудан Отанымызды қорғап қалған ержүрек жауынгерлерге шексіз құрмет көрсетіп, олардың алдында бас-тарын иетін. От-жалыннан аман келген аяулы ардагерлерге ғана емес, тым-тым алыста, ақ ажалдың оғы жауған қатыгез де, мейірімсіз майдан даласында опат болған шейіттерді еске ала отырып. Біз салтанатты шеруде сап түзеп өтіп бара жатып, президиумға көз салар едік. Сол президиумда менің нағашым, Ұлы Отан соғысында асқан ерлік көрсеткен Шахан Әлішев тұратын. Сол сәтте көкірегімді қуаныш кернеп кетуші еді. Құрбыларыма ептеп мақтанатынмын да. Ұлы Отан соғысына бастан-аяқ қатысып, әлденеше ордендермен марапатталған ержүрек           жауынгер мақтануға да, мақтауға да татитын. Бірақ, өз басы мен солай ерлік көрсеттім деп кеудесін керген емес. Қайта жас балалардың көзінше майдан даласындағы шайқастар туралы сирек айтатұғын. Шамасы бала жүрегі қатыгездіктен шайлықпасын дейтін болар.
Қазір ойлап қарасам, қан қасап майданда өшпес ерлік көрсетіп, ел қорғаған жауынгерлердің көпшілігінің көкірегінде адамгершілік нұры шүпілдеп тұрған екен ғой. Олар мынау жарық дүниеге іңкәр жас толқынның бойына парасат пен адамгершілік нәрін сіңіріп, шын мәніндегі ел азаматы атануына үлестерін қосқан екен. Мен майдангерлердің қаншалықты қиындық көріп, азап арқалағандығын түйсіне алатын жаста едім. Кішкентай кезімде майдангер өз әкемнің еміс-еміс айтатын естеліктерін жадыма тоқып өскенмін. Менің әкем Нұрқұл 1941-1944 жылдар аралығында басқыншы жаудан сүйікті Отанымызды қорғауға бір адамдай үлесін қосқан соғыс ардагері болатын. Сондықтан да, өз әкемнен, нағашы атамнан зұлматтың зардабы жайлы көп естідім.
Арада жылыстап қанша жыл өтті. Қан майдандағы қиян-кескі шайқастарда ел қорғаған ерлердің қатары сиреп келеді. Өмірдің заңы да. Көкіректе жатталған көне сурет сәл-сәл көмескі тартқандай. Осы Ұлы Отан соғысының жетпіс жылдық мерекесі қарсаңында көкіректің бір түкпірінде жатқан көмескі ойларды қайтадан жаңғыртқан ғажап оқиға болды. Осы күні интернет желісі арқылы есте жоқ ескі күндердің елесі қайта тіріліп, өткен күннен қалған бедерлі белгілердің оралып жатқандығы ешкімге таңсық емес. Таяуда ғана неміс фашистеріне қарсы қиян-кескі соғыста айрықша ерлік көрсетіп, жаужүрек батырлықпен соғысқан, ізгілікке толы ізетті кеудесінде алған марапаттары сыңсып тұрған нағашы атамның Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылғаны туралы ақпарат табылды. Кезінде өзі бұл жайында тіс жарып айтқаны есімізде жоқ. Мүмкін білмеген де шығар. Әлде білгенімен, әуел бастан мақтануды жөн көрмейтін нағашы атамыз ел шетіне келген жауды жеңіп, бас көтертпей ініне қуып тыққанымыздың өзі шексіз марапат деп есептеді ме екен, әйтеуір, бұл жай беймәлім болып қалып еді.     
Атамыз қазақта «болат пышақ қап түбінде жатпайды» дейтін аталы сөз бар. Арада қанша жыл өтсе де күні кешегідей көрінетін қан қасап майдандағы ерлік істер жоғалмайды екен-ау. Менің нағашы атам Шахан Әлішев Жамбыл облысына қарасты Шу ауданынан 1939 жылдың қыркүйек айында Кеңес әскерінің құрамына алынған. №52-ші Ленин және Суворов орденді Рига гвардиялық атқыштар дивизиясының құрамындағы №124 гвардиялық артиллерия полкінің барлаушылар бөлімшесінің командирі ретінде Ұлы Отан соғысына бастан аяқ қатысып, әлденеше мәрте ерлік көрсеткен жауынгер. Майдан даласындағы қайтпас қайсар мінезді Шахан Әлішев 1943 жылы «Қызыл Жұлдыз», 1944 жылы екі мәрте екінші дәрежелі «Ұлы Отан соғысы», үшінші дәрежелі «Даңқ» ордендерімен және «Сталинградты қорғағаны үшін» медалімен марапатталған.
Табылған құжатта былай деп көрсетілген, 1945 жылдың сәуір айының 14-і күні Одер өзенінің жағалауындағы қиян-кескі ұрыста жауынгер Шахан Әлішев шынайы батырлықтың өшпес үлгісін көрсеткен. Осы айдың 21-і күні Берлин қаласының маңындағы Мальхов елді мекенінде демі бітіп бара жатқан неміс фашистерінің шешуші ұрыстарының бірі өтті. Дұшпан жағы бұл шайқасқа қолдарында бар күшін жұмылдырған болатын. Жауынгер Әлішев жау әскерінің қорғанысын дәл болжап көрсетуінің арқасында батарея дәл көздеп жою мүмкіндігіне ие болды. Осы шайқаста зеңбірек командирі опат болды. Ал, көкірегінде жауға ыза-кек тұнып тұрған жауынгер Әлішев командирдің орнын басып, гитлершілерге өлтіре соққы берді. Шайқас барысында жаудың үш пулеметімен 20 жауынгерінің көзін жойды.
Берлин қаласының көшелерінде жүрген ұрыс барысында қызыл жауынгер Шахан Әлішев жау оқ атып жатқан бекіністерді дәл анықтап, бірнешеуінің көзін жойды. Мамыр айының 2-і күнгі түнде тоз-тозы шыққан дұшпан әскерінің қалдықтары күш біріктіріп, қарымта шабуылға шықты. Танктердің қолдауымен мысықтабандап жылжыған неміс әскері қала көшелерін бекініске айналдырып, қатты қарсылық көрсетті. Ал, тәжірибелі командир Шахан Әлішев неміс фашистерінің әскерін 200-300 метрге дейін жақындатып барып, бөлімшенің барлық қаруынан оқты нөсерлете жаудырды. Осы шайқаста жау екі танкісінен, бір бронетранспортерінен айырылды. Ұрыс даласында алпыстан астам жауынгерін қалдырып, кейін шегінді. Қиян-кескі соғыс барысында бөлімше командирі Шахан Әлішев те ауыр жараланған.
Міне, осы көзсіз батырлығы мен ерен ерлігі үшін аға сержант Шахан Әлішев Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылыпты. 1945 жылдың 6 мамыр күні толтырылған марапаттау қағазына 124-ші артполктің гвардия подполковнигі Биганенко қол қойған. Оқырманға түсінікті болуы үшін ердің ерлігін, батырдың батырлығын айғақтайтын тарихи құжаттың көшірмесін толық беруді жөн көріп отырмыз.
 Жетпіс жылдан соң жария болған Шахан Әлішевтің ерлігі, батырлығы баянды болса екен дейміз. Рас, одан бері қоғамда қаншама түбегейлі өзгерістер болды. Кеңес Одағы да келмеске кеткен. Енді еліміз егемендік алғанда өзінің Шәкең тәрізді ерлерін елеп-ескеруі керек қой. Әлдеқашан өмірден өткен Шәкеңе марапаттың қажеті де жоқ шығар. Тек аруағы разы болып, кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге болуы үшін әділеттің салтанат құрғаны әбден жөн болар.     

Бақыт ОСПАНОВ,
батырдың жиені.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар