Әке жайлы естелік

 Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллиннің Көкшетаудағы еңселі ескерткішіне  қаһарман ұлдың қызы Майдан апай отбасымен келіп, гүл шоқтарын қойды. Жөндеу жұмыстары жүргізілген қоғам қайраткерінің мұражайында болып, бағалы бастамалар, тың деректермен танысты.

  Әдебиет зерттеушісі, филология ғылымдарының докторы сынды дардай атақтары мен ел төбесіне көтерер зор беделі бар Мәлік атамыз отбасында қарапайым, сүйікті жар, ұл-қыздарына ардақты әке бола білді.  Майдан Мәлікқызы ескерткіш алдында тұрып, сол бір қайталанбас шақтарды жадында қайта жаңғыртты.
– Әкем майданға жазда кетті, ал, мен қыста дүниеге келгенмін. Сөйтсек, ол кісі соғысқа аттанар алдында атымды Майдан қойсын деп тапсырған екен. Әр хатында  мені сұрап тұрыпты. Кейін Кеңес Одағының Батыры атанып, оған демалыс берілді. Ауылға келіп, жиындарға қатысып, сөз сөйледі. Сол кезде әкемнің екі-үш жасар мені қасынан тастамағанын айтады көзін көргендер, – дейді қызы.
Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталған соң Батырға Алматыдан пәтер беріліп, ол отбасын көшіріп алып кетеді. Жан-жақты болсын деген ниетпен Майданды орыс мектебіне беріпті. Ауылда өскен ол орысшаны мүлде түсінбесе керек. Институт директоры болып, кандидаттық, докторлық диссертацияларды қорғап жүрсе де, бала тәрбиесін шеткері ысырып қойған жан емес еді. Мәскеуге барған әр сапарында сурет салуға әуестене бастаған қызына түрлі қарындаш-бояуларды әкеліп беретін. Кейін бұл қызығушылық қолөнерге ауысты. Ғалымның перзенті картиналарды кестелеп тіге бастады.
КСРО Педагогика ғылым академиясының академигі, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген ғылым қайраткері ұрпағының ғалым болмаса да, көкжиектерінің кең, зерделі болып өскендіктерін қалады. Ол үйге кітапты көп таситын. Содан да болар, бұл шаңырақты әлем ертегілерімен, төл әдебиетімізбен түгел таныс әулет деп те айтуға болады. Өзі асыл әже атанып отырған Майдан апа бүгінде әкесінің кітаптарын қайта оқи бастаған. Олар бұрынғыдай емес, есейгендіктен бе, оған басқаша әсер етуде. Сол еңбектердің арғы жағынан әке дауысы естілгендей болады.
Даңқты бабамыздың қызы танымал адамның баласы болудың оңай шаруа еместігін айтады. Сол төгілген тер, жасалған еңбек еш кетпесе екен, әкенің асқақ атына кір келмесе екен дейді.  Қазіргі буын соған тырысып-ақ жүр. Майдан Үсенованың екі қызы, одан тараған төрт немересі де  жоғары білімді азаматтар. Әр салада ел игілігі жолында еңбек етіп жүр. Солардың ізін басып шөберелер де өсіп келеді. Олардың бәрі атасын мақтан тұтады.
Шараға қатысқан Батыр музейінің директоры Құдайберлі Мырзабектің айтуынша, мерейтойлық шаралар легі жыл басынан басталып, өткізіліп келеді.  Осы тамыз айының 17-сі Краснояр кентіндегі атшабарда Мәлік Ғабдуллин жүлдесі үшін ұлттық спорт түрлерінен республикалық чемпионат басталады. Ал, 21-інен бастап қазақтың біртуар перзентінің мерейтойы Зеренді ауданында кең көлемде тойланады деп күтіліп отыр. Ол осындай дара ұлды қазаққа сыйлаған құтты мекен –  Қойсалғанда
бастау алып, аудан орталығындағы мәдениет үйінде еске алу кешімен жалғасын таппақ. Бұл шараларды музей ұжымы және  сол ауданның әкімшілігі облыстық мәдениет басқармасының қолдауымен ұйымдастыруда. Батыр ұрпақтары осы шаралардың барлығына қатысады деп күтіліп отыр.
Ескерткішке гүл шоқтарын қойғаннан кейін Майдан апа мен оның отбасы мүшелері музейді аралап көрді. Ғалымның қызы әке мұражайына өзі кестелеп тіккен «Ақ жол»  картинасын табыс етті.

Перизат ӘБІЛҚАСЫМҚЫЗЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар