Күнсая қыздың арманы

Елімізде аудан прокуроры деңгейіндегі екі-ақ нәзік жанды бар. Оның біреуі Қызылорда облысына жуырда тағайындалса, екіншісі –  Жақсы ауданының прокуроры Күнсая  Балғожина.

Степняк қаласында  дүниеге келген ол  орта  мектепті  Уәлиханов  ауданында  бітірді.  Оқуда әр кез зеректігімен көзге түсіп, ұстаздарының мақтанышы, үлгілі оқушы бола білді.  Оның бала кезі тіс қаққан із кесушілер туралы фильмдердің
экраннан түспеген тұсы еді.  Кішкентай Күнсая сол киноларды   бірінен соң бірін көретін.  Үшінші сыныпта оқып жүргенде, өскенде кім болатыны жөнінде сұраған
апайына: «Мен із кесуші болам!», – деп жауап бергені әлі жадында.  Ол уақытта бұл елдің түсіне де кірмейтін мамандық еді. Содан да болар, сыныптағы оқушылар ду күліп, сынай қараған. Кейін, өсе келе, бұл арман ұмыт болған-ды.
Бұл тұстағы оқушы атаулының бір ғана мұраты бар еді, ұстаз болсам деген. Себебі, мектептегі мұғалім шәкірттер үшін қол жетпес биік те кемеңгер тұлға болып көрінетін.  Күнсая да, сол қиялмен, өз пайымынша,  бәрін білетін ұстаз болып, ағартушылық салаға кетуді армандады. Әкесі Қабиболла – «Даңқ», «Еңбек Қызыл Ту» ордендерімен марапатталған, қырық жылдық өмірін кеңшардағы қара жұмысқа арнаған азамат. Анасы  Зәуреш – білгенін балаға үйретуден жалықпаған ұстаз.  
Осындай үлгілі жанұяның қызы дәстүр бойынша ана жолын қууға тиіс еді.
Бірақ, біздің кейіпкеріміз жақын-жуықтың кеңесімен Қарағанды мемлекеттік университетінің құқықтану факультетіне оқуға түсті. Ол кездерде бұл салаға барушылар, оның ішінде қыз балалар некен-саяқ болатын. «Өй, сен де, қайдағыны тауып алып. Ал, кім болмақсың мұнымен енді?» – дейтін оған ауылдың кемпір-шалдары әр демалысқа келген сайын. Бірақ, қайсар қыз еш қиындыққа мойыған жоқ, барын салып білімін жетілдірді, оқуды үздік бітіріп шықты.
Ауданда адвокат болып еңбек жолын
бастады. Тоқсаныншы жылдардың тоқырауы қай-қайсымыздың болсын есімізде ғой. Елде жарық, жылу, су жоқ. Адвокаттармен жұрт қой, сиыр әйтеуір, қолдағы барын беріп есеп айырысады. Өрімдей жас қызға мал не керек? Күнсая осының бәрін ойлап, сол кездегі Уәлиханов ауданының
прокуроры Абай Ілияшевтің шақыртуымен прокуратураға ауысты. Өзінің алғашқы басшысы, саланың құрметті ардагері болған, өңірге белгілі  бұл атпал азамат жайлы кейіпкеріміздің айтары көп. Тәлімгер аға жас маманның ысылуына, қалыптасуына тікелей әсер етті. Кейін, облыс жабылғанда, Петропавлға прокурордың көмекшісі болып ауысты. Сол өңірде облыстық прокуратурадағы тергеу ісін қадағалады, прокурор, аға прокурор болды. 2000 жылы  Көкшетауға   оралып, қалалық, облыстық прокуратурада еңбек етті. Әлеуметтік-экономикалық саладағы заңдылықты қадағалады, табиғатты қорғау прокуроры болды. Қазіргі қызметіне тағайындалғанына да міне, төрт жылға жуықтапты.
Кейіпкеріміз жастайынан ұяң, ұялшақ
болып өскендіктен болар, өзінің де, өзгелердің де оны прокурор болады деп елестетуі қиын еді. Дегенмен, өмір бәріне үйретеді екен. Жақсы тәлімгерлердің, өз ісіне деген жоғары жауапкершіліктің және талапшылдықтың арқасында ол бұл салада да үздік болып көрінді. Жанындағылардың оны
«кругом отличница» дейтіні, қатарластарынан қашанда бір адым алда тұратыны да қырмызы қыздың осы бір еңбексүйгіштігі мен өз ісіне деген шексіз сүйіспеншілігінің арқасы болса керек. Сол баяғы биязы ару бүгінде көпшіліктің алдында мәлімдемелер жасауға, жалпақ жұрттың мүддесін қорғау бағытында батыл шешімдер қабылдауға әбден төселіп алған. Өз ісінің нағыз кәсіби маманымен әркім де қашанда санасады, қарапайым тұрғындар шүбәсіз сенеді.
– Жұмысымыздың бар қиындығы сол, біз қабылдаған шешімдер адамдардың тағдырына, өміріне тікелей әсер етеді. Сондықтан да, ол бейтарап, жан-жақты әрі таразыланған болуы керек. Міне, дәл сондай әділ шешімдер шығарылса ғана, жұрт оған қайта шағымданып, сан табалдырықты тоздырмайды, – дейді прокурор ханым.
Иә, жұмыс болғандықтан, әртүрлі адамдармен бетпе-бет келесің. Оның ішінде түсінігі молы да, «өзім білемге» салып, басқаны мойындамайтындары да болады. Солардың бәрінің тілін табу, әділ заң төрелігін айту – қиынның-қиыны. Болмысы нәзік жаратылған Күнсаяның да кейде бәрін тастап, басқа салаға кетіп қалғысы-ақ келеді. Бірақ, өз кәсібіне деген адалдық пен осы жолда кездескен ақжүрек жандардың ақ батасы оны ешқайда  жібермейді. Содан күш алып, қайта жұмысын жалғастырады. Осылай жалғасып келе жатқанына, оның прокуратура органдарында еңбек еткеніне де биыл

20 жыл болады.
Өнегелі отбасының қыздары, Күнсаяның сіңілілерінің бәрі де бүгінде ірі қызметте. Бірі – Президент Әкімшілігінде заңгер, екіншісі – Мемлекеттік кірістер комитетінде жұмыс істейді, тағы бірінің жеке бизнесі бар. Әкесі аз уақыт бұрын дүние салыпты, анасы Астанада тұрады. Өзі Жақсыдай жақсы жерде еңбек етіп жатқандығына еш өкінген емес.  Парасатты прокурор жанына спортты серік етіп келеді. Фитнес, йога, тибет гимнастикасы, басқа да шығыс жаттығуларымен айналысады. Күніне кем дегенде бір сағат уақытын дене шынықтыруға бөліп, салауатты өмір салтын ұстануға тырысады. Содан да болар, ол тұстастарынан жас, тартымды, әрі сымбатты көрінеді. Қадағалаушы орган өкілінің адамгершілік қасиеті, көпшілікпен тіл табысуы, жылы шырайлы, мейірімді жүзі өз алдына бөлек әңгіме.
Прокурордың белсенді ұстанымы,   өмірге деген құлшынысы ортасына да әсер етпей қоймайды. Сондықтан да, оған қарап бой түзеушілер көп.  Ендеше, бар ізгі қасиет бір бойынан табылар, ибалы да инабатты, заманына сай білімді осындай қазақтың қаракөз қызының еңбегіне біз тек табыс тілейміз. Дәйім, жұлдызы жоғары болғай.

 

Перизат БӨЛЕКОВА

Жақсы ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар