Сауатсыз оқулық, сұрқай аударма

Бастауыш сыныптың оқулығындағы олқылықтарға қатысты жұртшылық тарапынан айтылып жүрген сын-ескертпелер аз емес. Тіл мамандары тарапынан эфирде де, республикалық «Ана тілі» газетінде де талай рет осы мәселе көтерілгенін естіп-біліп келеміз.

 

Білімнің іргетасы әдетте бастауыш сыныпта қалыптасатыны заңды қағида. Ал, оқитын кітабының мазмұны да осы негізде ойластырылуы, ұғынықты әрі  жеңіл болуы керек қой. Жуырда бірінші сыныптың «Сауат ашу» оқулығының екінші тарауына көзім түсті. Авторлары: Ә.Е.Жұмабаева, Г.И.Уайсова, Г.Т.Сәдуақас. Мұқабасының беташар парағында: «Алматы. Атамұра. 2016» деген анықтамасы бар.
Әрмен қарай парақтап көрдік. Түрлі-түсті суреті,  безендірілуі, дизайны заманауи үлгіге сай келеді. Баланың дүниетанымын кеңейтуге септесетін дүниелер баршылық. Әттеген-ай, дегізетін жайт: кейбір сөздері жаңсақ жазылған. Бұл компьютерлік қате ме, әлде корректордың аңғалдығы ма? Мысалы, 28 бетте әртүрлі көкөністің суреті салыныпты, бас тақырыбында көрнекі ірі әріппен: «КӨГӨНІС» деп жазып қойыпты. «Көрмейін десең көзің бар» демекші, бақырайып тұрған бұл сөзге кімнің де болса еріксіз көзі түсетіні анық. Ау, сонда кітап шығарушылар «көгөніс» емес, «көкөніс» болып жазылатынын білмегені ме?
Жә, әрі қарай оқиық. Суреттер топтамасының қатарынан сәбізді  көзіміз шалды. Суреттің дәл жанына бадырайтып «ұзынша» деп жазып қойғанына таңқалдық. Сонда қалай? Сөздік қорымыздағы «сәбізіміздің»  аты өзгеріп кеткен бе? Мысалы, капустаны да бірде орамжапырақ, енді бірде қырыққабат деп атайтынын оқыдық. Мұндай түсініксіз сөздер оқулықта біраз бар екен. Бала ертеңгі болашағымыз. Оларға сапалы білім, саналы тәрбие беру мемлекеттік маңызы бар мәселе. Яғни, бұл ұсақ-түйек шаруа емес. Ендеше, осындай маңызды міндетті орындайтын оқулық жазуға соншалықты жеңіл-желпі қарауымыздың себебі неде? Бүгін мектепте «көгөніс» деп жазып, сәбізді – ұзынша деп үйренген бала ертең мемлекеттік тілде сауатты бола ала ма? Ал, дүниетанымы мен ой-өрісі жаңа ғана қалыптаса бастаған бүлдіршін бала жаңағыдай екіұшты баламалы аударманың қайсысын қабылдамақ?
«Естімеген елде көп демекші,  бір келіншек ұстаздың Ғаламтордан БАНАН сөзінің аудармасы табылғанын, оны атауға ұялып тұрғанын айтты. Қазақы салтымызға сай әдеп сақтаған әйел оны сайттан өзіңіз іздесеңіз ашылады деген соң қарасақ, баламалы сөзі тіпті, күлкілі, айтуға да, жазуға да өрескел екен. Дүкеншіден жаңағы аударма қалпында сұрасаңыз қатты сөз еститініңіз немесе енді банан сұрап жемес-
тей боп түңіліп кететініңіз айдан анық. Әзірше жоғарыда өзіміз әңгімеге негіз еткен «Сауат ашу» оқулығындағы жеміс-көкөніс топтамасына бананның суреті жапсырылмағанына, жаңа аудармасының кіріп кетпегеніне іштей шүкіршілік еттік. Сайт парақшасынан көз майымызды тауыса іздеп тапқан аудармамыз – ТАЛТАСАҚ  болып шықты. О заманда, бұ заман, осындай өрескел сөзді термин ретінде қабылдап, кітапқа енгізіп жүрген кім деген ой келеді.  
Не болып барамыз? Шала-шарпы түсініксіз аудармамен, орфографиялық қателермен келешек ұрпақты қашанғы адастыра береміз? Сұрақ көп, жауап жоқ.

Нұрлыбек ТӨРЕГЕЛДИН,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
Ерейментау ауданы.   

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар