Тіл дамуы – ел дамуы

«Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте», – деп Қадыр ақын айтқандай, қазақ қазақ болып тәуелсіздігімізді алып, тұғырымызды көтергелі бері төл тіліміз мемлекеттік мәртебеге ие болып, қолданыс өрісі кеңейді. Елімізде тіл мәселесіне аса көңіл бөлініп, қазақ тілін дамытуға көп күш салынып келеді.

Ана тілі – ананың ақ сүтімен әр қазақ баласының бойына сіңген ана тілі емес пе?! Қиын қыстау кездерде атамекен қонысын тастап босып кеткен қазағымыздың бар байлығы – еліне деген сүйініші мен күйінішін ұмыттырмай келген де осы тілі емес пе еді?!
Елбасымыздың «Қазақтың болашағы – қазақ тілінде», – деп алдымызға айқын жол салып бергені де тілге деген құрмет пен сүйіспеншілікті арттыра түсуге себепкер. Сондай-ақ, «Қазақстан-2050»: «Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында: «Енді ешкім өзгерте алмайтын бір ақиқат бар! Ана тіліміз Мәңгілік елімізбен бірге Мәңгілік тіл болды. Бұл мәселені даудың тақырыбы емес, ұлттың ұйытқысы ете білгеніміз жөн. Біздің тіліміз мемлекеттің барлық жүйесінде қолданылуы үшін біз өзімізді өзіміз қамшылауымыз керек және осыған өзіміз атсалысуымыз қажет» дегені қазақ халқының жігерін оятып, патриоттық сезімді нығайтады.
Қазақ тілінің өткені мен қазіргісіне көз жүгірте отырып, болашағына сеніммен қарауға болады. Қазіргі таңда өнер, әдебиет, мәдениет, радио, теледидарымыз 90-жылдарға қарағанда әлдеқайда «қазақша сайрап тұр» десек, артық айтқандық емес. Соның арқасында өзге ұлттарға қазақты танытып, қазақ тіліне және дәстүрге деген қызығушылықтарын ояттық. Тіпті, қазіргі кезде қазақ тілін меңгерген шетелдіктерді де жиілеп кездестіреміз. Ол тіліміздің үлкен жетістіктерінің бірі деуге болады.
Осыған ықпал еткен жағдай тек мектепте ғана емес, барлық мекемелерде де қазақ тілінің оқытылуы деп ойлаймыз. Осы орайда айта кетеріміз, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының Ақмола облысы бойынша департаментінде де мемлекеттік тілге аса көңіл бөлініп, қазақ тілі деңгейін көтеру мақсатында облыстың тілдерді оқыту орталығы арқылы қызметкерлерге мемлекеттік тілде сабақ ұйымдастырылған. Мекемедегі өзге ұлт қызметкерлерінің қазақ тілін ауызекі сөйлеу деңгейіне жеткізу көзделуде. Олардың кейбіреуі тілді әжептәуір меңгеріп, құжаттарды мемлекеттік тілде өздері-ақ дайындайтын дәрежеге жеткен.
Қазіргі қоғам басқа тілді үйренуге еш шек қоймайды. Дегенмен, қазақ тілін мемлекеттік тіл дәрежесіне көтеруге әр қазақтың үлесі болса екен дейді. Өзгенің құлы емес өз еліміздің ұл-қызы болайық, өзгенің емес, өз еліміздің тілін ұлықтап, мәртебесін асырайық!

Айгүл ЖАЗИНА,
сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-
қимыл ұлттық бюросының Ақмола облысы бойынша департаментінің аударма жұмысы жөніндегі редакторы.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *