Жақын жерде өсірілген көкөніс

астаналықтарды осы өнім түрлерімен қамтамасыз етуге өте тиімді

Қосшы елді мекені аймағында көкөніс өсірумен жете айналысып жатқан шаруашылықтар қатары соңғы жылдар ішінде көбейе түсті. Солардың бірі – “Green Star” агрофирмасы 2012 жылдан Астананың азық-түлік белдеуіне барынша атсалысып жатқанын айтпасқа болмайды. Жауапкершілігі шектеулі серіктестік директоры Иманғали Чункуновтың айтуынша, олардың өсірген картобы, сәбізі мен қызылшасы қала тұрғындары арасында үлкен сұранысқа ие болуда.

Агрофирмаға бөлінген 363 гектар жерде ірі көкөніс қоймалары, автогараждар мен тағы да өндіріске қажетті материалдық-техникалық нысандар орналасқан. Негізгі құнарлы жерлер азықтық құнары мол өнім өсіруге бейімделіпті. Шаруашылықтың бұған қоса, суармалы тәсілмен жоңышқа мен арпа да өсіретінін көзіміз көрді.

–Бізбен іргелес жатқан жерде қоян фермасы орналасқан, – дейді әңгіме тиегін ағытқан Иманғали Чункунов. –Өткен жылдары серіктестік 2500 тонна картоп, 400 тонна сәбіз, 300 тонна арпа өндіріп, одан 125 миллион теңге таза пайда алды.
Биылғы жылы мұнда 100 гектарға картоп, 20 гектарға  сәбіз, 2 гектарға  асхана қызылшасын, 100 гектарға  арпа тұқымын еккен екен.
Қашанда қиындықтан, тығырықтан шығар жолды үйрететін  өмір ғой. Нарықтың талабын ескерген басшы азаматтар түскен тиын-тебенді өндірісті жетілдіруге, заманауи техникамен жарақтандыруға жұмсап жатыр. Себебі, экологиялық таза көкөністер алқаптан бірден базарларға, Елорданың ірі супермаркеттеріне жеткізіледі. Тасымалдайтын, іріктейтін де сол шетелдік зауыттардан  сатып алған жаңа автокөліктер мен құрал-жабдықтар.
ЖШС директоры жақын маңдағы ауыл адамдарына қарайласып, әлеуметтік жауапкершілік бойынша Қосшы ауылдық округі әкімдігінің өтініш-тілектерін ескерусіз қалдырмайтын кісілердің бірі. Көмек беруде арадағы келісім-шарт меморандумына да үнемі мән беріп  отырады. Осылайша 2013 жылы халыққа 165 мың теңгенің өнімі үлестіріліпті.
Адымын енді ғана жазып келе жатқан кәсіпорында 12 адам жұмыс істейді. Түсім мол болып, өндіріс нығайса, олардың берер қол ұшы да ұзара түсетіні сөзсіз. Биылғы жаздың бұл шаруашылық үшін жайлы болғанын отырғызылған өнімнің бітік шыққанынан аңғаруға болады. Бұл қала тұрғындары үшін оңтайлы жағдай. Көкөніс алқабының  Қосшыға жақын болуы  оның сапасы мен құнарлылығын түсірмейді,  өнімнің өзіндік құнын көтермейді. Тиімді жұмыстың тұрғындарға тигізіп отырған пайдасы зор.
Целиноград ауданы.
Суретте: серіктестік директоры И.Чункунов пен бас агроном  А.Ыдырысов шаруа жайын ақылдасуда.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар