Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде Елбасы сұхбатына байланысты «Ұлытау — ұлы тарихымыздың ұстанымы» атты ғылыми-практикалық конференция өтті.
Шараға студенттер мен университеттің оқытушылық-профессорлық құрамы қатысты. Конференцияны университеттің бірінші проректоры, профессор Темірхан Жандарбеков кіріспе сөзден бастады.
– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев дәстүрлі Жолдауында ел мәдениетін дамытуға жаңаша серпін беріп, бәсекеге лайықты мәдени менталитетті қалыптастыру керек деген болатын. Яғни, жаңа заманға сай мәдениет кластерін дамытуға бағытталған шараларды белгілеу қажет. Сондықтан, Нұрсұлтан Әбішұлының қасиетті Ұлытау өңірінде жасаған іссапарының рухани салмағы терең. Ұлытау – қазақ елінің кіндігі. Қазақтың үш жүзінің басы қосылған мекен. Бүгінгі мақсат осыдан туындайтын өзекжарды айқын мәселелерді белгілі бір белеске жеткізу, – деді ол.
Конференция барысында Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің профессоры Қадыржан Әбуев, доцент Сәбит Жәмбек, облыстық «Қазақ тілі мен мәдениеті» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мейрамбек Қиықов және оқу орнының І курс магистранты Жанарай Шартенова мен ІІ курс студенті Мөлдір Демеуова баяндама жасады.
Конференцияның соңында баяндамашылар қатысушылардың сұрақтарына жауап берді.