Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының пленарлық мәжілісінде сенатор Жабал Ерғалиев Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі К.Қ. Мәсімовке депутаттық сауал жолдап, Көкшетау қаласын Астананың серіктес қаласы есебінде дамытуға Үкіметтің барынша назар аудару қажеттігін айтты.
– Жүз тоқсан жылдық тарихы бар Көкшетау қаласы қазір өз өсіп- өркендеуінің жаңа кезеңін басынан кешіріп отырған жағдайы бар. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Көкшетау қаласын Астананың серіктес қаласы ретінде дамыту қажет деген болатын. Соған сәйкес соңғы жылдары Көкшетау қаласының бұрыннан жинақталып, қордаланып қалған біраз мәселелері өз шешімін таба да бастады. Тұрғын үй құрылысы өркендеп келеді. Жаңа өндірістік нысандар да бой көтеріп, жаңа жұмыс орындары да ашылуда. Көкшетаудың реңі жақсарып, ажары кіріп келеді,–деді сенатор өз сөзінде.
Ұзақ жылдардан бері жөндеу көрмеген көше жолдарын қалыпқа келтіру қолға алына бастады. Әрине, бұл жұмыс қыруар қаржыны талап ететіндігі белгілі. Алайда, Көкшетау қаласының бюджеті бұл жұмыстардың бүгінгі күннің талабына сай атқарылуына мүмкіндік бермей келеді. Қаржы тапшы. Осыны ескере отырып, 2015 жылы республикалық бюджеттен қаланың Төлеу Сүлейменов атындағы көшені қақ жарып ағып жатқан Қылшақты өзенінің үстінен өтетін әбден ескірген көпірді жаңартып салу үшін 371 миллион 815,9 мың, Жеңіс көшесін, Еркін Әуелбеков атындағы көше мен Шоқан Уәлиханов атындағы көше аралығын күрделі жөндеу үшін 304 миллион 965,9 мың, Қаныш Сәтбаев атындағы көшені, Сабатаев атындағы көше мен Шоқан Уәлиханов атындағы көше аралығын күрделі жөндеу үшін 302 миллион 26,2 мың, Набережная көшесін, Абай атындағы көше мен Капцевич атындағы көше аралығын орташа жөндеу үшін 97 миллион 751 мың, Капцевич атындағы көшені Вавилов атындағы көшенің бойындағы темір жол арқылы өтетін көпірге дейін орташа жөндеу үшін 226 миллион 662,7 мың, барлығы 1 миллиард 330 миллион 221,7 мың теңге қаржы қарастырылуын сұраймын. Осы сома мөлшерінде атқарылатын барлық жұмыстардың мемлекеттік сараптамадан өткізілген сметалық-жобалық құжаттары толық бар. Көкшетау көркеюі керек.