«Қорғалжын» қорығына қауіп төнді

«Артемия салина» шаяншасы тұзды көлдерді мекендейді. Мамандардың сөзіне жүгінсек, ол балықтарға таптырмас жем-азық. Косметика мен түрлі медициналық препараттар өндірісінде де қолданылады. Жұмыртқасы ақуыз, май, көмірсуға бай. Сондықтан, шет елдерде үлкен сұранысқа ие.

«Қорғалжын» мемлекеттік табиғи қорығының өзінің 46 жылдық тарихында талай қиыншылықтарға душар болған кездері аз емес. Еліміздің тәуелсіздік алуымен, аяғынан тік тұрып, дамып, өркендей бастаған бүгінгі таңда тағы бір қиындық алдынан шығуда. Бұл көріністің етек ала бастағанына екі жылдай уақыт болды. Содан бері Теңіз көлінен жоғарыда айтқан «Артемия салина» шаяншасының жұмыртқасын жинаушылар легі үсті-үстіне көбеймесе, азаяр емес. Көпшілігі күндіз үкіметтің жұмысын атқарып, түнге қарай қараңғы түсе «мол ақшаға қарық боламыз» деп көлге ағылатын жастар. Олардың мұндағы шаяншаларды құртқанша тоқтайтын түрлері жоқ.

Ақша дегеннің адамның санасын улап, көкірек көзін соқыр қылатыны өкінішті-ақ. Жылда осы көлге келіп қонатын бүкіл Қазақстанның, қасиетті Қараөткелдің мақтанышы – қоқиқаз, отүйрек,  сарыала қаз, тағы басқа да көптеген құстардың негізгі қорегі болып табылатын
шаяншалар көлде күрт азайса, аталған құстардың популяциясының да күрт тоқтайтыны, яғни, олар бұл жаққа келмей қоятыны  «ақша» деп жұлқынғандарды ойландыратын емес. Оларға осы құстардың қонуымен құс базарына айналып жататын Қорғалжын қорығының тағдыры мен болашағынан да, ұстаған шаяншаларын әлдекімдерге өткізіп, содан табатын ақшалары қымбат болып тұр. Осы жолдағы өлермендіктеріне тіпті, таң қалмасқа болмайды. Заңның әлсіздігі сол, бүгін ұсталған топ келесі күндері Теңіз жағалауында қайта  кездесетіндігіне  не айтарыңды білмейсің.
Бұл түрімен, осы бір ауажайылушылыққа шындап тосқауыл қойылмаса, күні ертең мұндағы көркіне көз тоймайтын қоқиқаздың да саны азайып, құрдымға кетпесіне кім кепіл?!. Ондай жағдайда дамытамыз деп жатқан туризм саласынан да мән кетіп, өлкемізге осы бір әсем құстарға бола келетін туристердің де қарасы азаятындығы сөзсіз. Сондықтан,  күндіз-түні «Артемия салина» шаяншасының соңына шырақ алып түскендердің  бұл қасақана ісі жеме-жемге келгенде,  мемлекетіміздің көп жылдық даму Стратегиясына да қарама-қайшы әрекет. Олай болса, күннен-күнге бел алып бара жатқан  бұл  келеңсіздікті тоқтату шараларының әрбірден соң мемлекеттік деңгейде қарастырылғаны жөн. 
Жан-жануарлар әлемін  қорғау туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2001 жылғы 4 қыркүйектегі №1140 Қаулысында  заңсыз жиналған бір келі «Артемия салина» шаяншасының жұмыртқасы үшін үш айлық есептік көрсеткіш есебінде айыппұл қарастырылған.  Бұл айыппұлды қазір оны қаппен жинап жатқандар көзге де ілетін емес.  Өйткені, сол шаяншаларды өткізіп табатын табыстары, бұдан әлдеқайда қомақты.  Біздіңше, бұлай тегін ақшаның соңына  түсіп, табиғатқа сұғанақ қолдарын салып жатқандар Теңіз көлінде бұдан былай емін-еркін тайраңдамаулары үшін Қылмыстық  Кодекстегі тиісті баптарды қатайтып,  заң орындары тарапынан да қырағылықты барынша  күшейту қажет. Барымызды дұрыс қорғай алмай осылай отыра берсек, бұл сорақылықтан түптің-түбі бармақ тістеп қаларымыз айдан анық.
Б.РЫСПАЕВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар