Баянғали Тақанұлы Әлімжанов – ақын, драматург, жазушы, сатирик, айтыс ақыны, жыршы-жырау, манасшы, кинорежиссер, сценарийші, актер, әдебиет пен өнер зерттеушісі, сыншы, кинодокументалист, тележүргізуші, мәдениет қайраткері. Ол 1954 жылы 16 қазанда Ақмола облысы (бұрынғы Көкшетау) Еңбекшілдер ауданының Степняк қаласында қарапайым еңбекшілер отбасында дүниеге келген. Әкесі Тақан Әлімжанов Ұлы Отан соғысының мүгедегі. Анасы Бәтима Әбішева екеуі де зейнетке шыққанша кеңшарда жұмыс істеген.
Баянғали Әлімжанов 1971 жылы Степняк қаласындағы Абай атындағы орта мектепті бітірген соң Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетіне оқуға түсіп, оны 1977 жылы аяқтап шыққан. 1987 жылға дейін Алматы қаласында тұрып, Сәбит Мұқановтың мұражайында ғылыми қызметкер, «Лениншіл жас», қазіргі «Жас Алаш», «Кітап жаршысы», «Қазақ әдебиеті» газеттерінде тілші, «Қазақфильм» киностудиясында деректі фильмдер мен хроника бөлімінің редакторы, «Балдырған», «Жұлдыз» журналдарында проза, сын бөлімдерінің редакторы болып қызмет істеген.
1987 жылы ата-анасын күту үшін туған ауданының Кеңащы ауылына зайыбы Әлиямен бірге көшіп келіп, 11 жыл ауылда тұрған Баянғали облыстық «Көкшетау правдасы» газетінің Еңбекшілдер, Уәлиханов, Щучье аудандары бойынша меншікті тілшісі, Еңбекшілдер аудандық мәдениет бөлімінде төкпе ақын болып жұмыс істеген. Ата-анасы қайтыс болғаннан кейін 1998 жылы Көкшетау қаласына қоныс аударып, 2001 жылға дейін Шахмет Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық-драма театрында сахна шебері болып қызмет атқарған.
2006 жылдан бері «Паң Нұрмағамбет» киностудиясының көркемдік жетекшісі. Астана қаласында тұрады. Құралай, Ақмарал, Ақкенже есімді үш қызы бар. Ақкенжесі – киноактриса, ұлы Нұрлан – әнші, сазгер, киноактер. Балаларынан немере-жиендер көріп отыр.
Танымал тұлға Баянғали Әлімжанов 1988 жылы Қазақстан Жазушылар одағының мүшелігіне қабылданған. 1995 жылы Қырғызстан Композиторлар одағы мен Мәдениет министрлігінің Абдылас Малдыбаев атындағы Халықаралық сыйлығының лауреаты атанды. 2000 жылы «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталып, 2006 жылы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атағы берілді. Сонымен бірге, ол «Қызылорда облысына 70 жыл» медалінің иегері. Еңбекшілдер ауданының құрметті азаматы. 2013 жылы оны Қырғызстан Мәдениет министрлігі «Мәдениеттің мықты қызметкері» төсбелгісімен марапаттады.
Сегіз қырлы, бір сырлы
Поэзия
Баянғали Әлімжанов лирикалық, философиялық өлеңдер мен елуге тарта поэманың, оқиғалы жырлардың авторы. «Тәксидегі тағдырлар», «Қиянатқа қарсылық», «Ғарыш қазағы», «Жұмабек батырдың жұлдызы», «Олжабай батырдың өркені», «Гүлбанудың биіктігі», «Бекет атаның үйі», «Марал ишанның аманаты», «Өткеннің өнегесі», «Молда мен НКВД», «Әпшу мен аупартком», «Жел сыбырлаған шындық» сияқты көптеген шығармалары оқырмандардың ілтипатына бөленген. Оның өлең-жырлары «Ауылдың ақ самалы», «Аңыз бен аспан», «Өмірдің өзі…» секілді жеке кітаптарында жарық көрген және тарихи тұлғалар туралы көптеген жинақтарға енген. Сонымен қатар, республикамыздың көптеген беделді журналдары мен газеттерінде жарияланған.
Баянғали Әлімжанов көптеген ән мәтіндерін жазған. Әсіресе, әнін ұлы Нұрлан Әлімжанов жазған «Ғажайып күй» әні бүкіл елімізге әйгілі болды. Б.Әлімжановтың балаларға арналған өлең-жырлары да баршылық.
Драматургия
Баянғали Әлімжанов оннан астам пьесаның, көптеген шағын сахналық шығармалардың авторы. Оның «Құдалық», «Қожанасыр», «Қайран кемпір-шалдар-ай!», «Еркегі бар болғыр», «Қазақы сайлау», «Қаптан шыққан қара қыз», «Суицид алаңынан репортаж» комедиялары, «Жас қазақ», «Ойран» «Біржан салдың шідері» атты драмалары бар. «Жолбарыс пен пони», «Алтын ноқта», «Жалмауызды жеңген бала» пьесалары балаларға арналған. Сонымен қатар, ол Мағжан Жұмабаевтың «Батыр Баян» поэмасын сахнаға лайықтап жазған.
Бұл пьесалары Ғабит Мүсірепов атындағы мемлекеттік академиялық жастар театрында, Ақмола, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан облыстық театрларында, Шығыс Қазақстан облысындағы Абай, Ақмола облысындағы Қорғалжын, Батыс Қазақстан облысындағы Ақжайық, Солтүстік Қазақстан облысындағы Аралағаш, Алматы облысындағы Дәнеш Рақышев атындағы Жаркент халық театрларында сахналанған.
Пьесаларының көбін Шахмет Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық-драма театры он жылдан бері үздіксіз сахналап келеді. Жуырда осы өнер ордасында «Біржан салдың шідері» атты пьесасының премьерасы болып өтті. Автордың «Қайран кемпір-шалдар-ай!» шығармасының «Отыз тістен шыққан сөз» деген атпен Семей театрында, «Ойран» пьесасының Ж.Шанин атындағы Оңтүстік Қазақстан облыстық театрында қойылып келе жатқанына бірталай уақыт болды. Балаларға арналған «Жалмауызды жеңген бала», «Алтын ноқта» туындылары Қызылорда облыстық Нартай Бекежанов атындағы театрда сахналануда.
Проза
Баянғали Әлімжанов «Қиқыматтың хикаялары», «Қарасай батырдың тұқымының толғауы» атты сатиралық повестердің, ауыл өмірі туралы көптеген әңгімелердің авторы. Бұл шығармалары республикалық, облыстық газет-журналдарда жарияланып, жеке кітап болып шыққан.
Б.Әлімжановтың 1932 жылғы нәубет туралы «Ашаршылық жылғы махаббат», орыс тілінде жазылған «Победа чемпиона Айхана», балаларға арналған «Аблай хан и его батыры» атты киноповестері «Көкшетау» журналында басылған.
Айтыс
Баянғали Әлімжанов 1984-2005 жылдар аралығында 216 рет айтысқан, республикалық, облыстық деңгейлерде өткен айтулы тойлардың бәрінде дерлік өнер көрсетіп, жиырма екі рет бас жүлдеге ие болған, талай рет жүлдегер атанған. Қанжығалы Бөгенбай батырдың 300, Шұбыртпалы Ағыбайдың 190 және 200, ақын Сараның 115, Мағжан Жұмабаевтың 100 және 110, Ілияс Омаровтың 80, Көтібар Бәсенұлының 240, Есет Көтібарұлының 190, Тама Есет батырдың 325 жылдығына арналған айтыстардың, Сырым батырдың 250 жылдығына орай Ташкентте өткізілген Қазақстан-Өзбекстан, «Манас» жырының 1000 жылдығына орай Бішкекте өткізілген Қазақстан-Қырғызстан ақындары айтысының, Семей полигонының жабылуына арналған «Невада-Семей» қозғалысы аясында өткен халықаралық акция айтысының жеңімпазы. Оның айтыстары республикалық, облыстық теледидар мен радиодан үздіксіз беріліп, шет елге дейін таралған, газет-журналдарда, көптеген айтыс жинақтарында жарияланып, ғалым, әдебиетшілердің зерттеу объектісіне айналып, түрік және қырғыз тілдеріне аударылды.
Ақынның өмірдің түрлі жағдайларына байланысты тауып айтқан өткір сөздері, әзіл өлеңдері «Әзіл шуағы», «Деген екен» кітаптарына топтастырылып, көптеген республикалық, облыстық, аудандық газет, журналдарға көшіріліп басылды.
Жыршы-жырау
Б.Әлімжанов «Қобыланды батыр», «Ер Тарғын», «Ер Тәуке», «Арқалық батыр», «Жанақ пен Рүстем төре», «Сүйінбай мен Тезек төре» секілді қазақтың ескі жыр-дастандарын көп жылдардан бері ел ішінде жырлап келеді. Мағжан Жұмабаевтың «Батыр Баян» поэмасын ең алғаш ХХ ғасырдың жетпісінші жылдарынан бастап жырлаған. Сонымен қатар, өзінің «Байғозының жебесі», «Балуан Шолақ пен Иманжүсіп», «Керей ер Жәнібектің көңілі мен көк дөнені» секілді толғау, дастандарын да жырлайды. 2001 жылы Қызылорда қаласында өткен республикалық «Ғасырлар үні» жыраулар конкурсының үшінші, 2003 жылы екінші, 2011 жылы Өскеменде өткен республикалық конкурстың бірінші жүлдегері. 2005 жылы Қарағандыда өткен Тарақты Байғозы батырдың 300 жылдық, 2008 жылы Павлодарда өткен Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің 150 жылдық тойларына арналған жыршы-жыраулар конкурсының жеңімпазы.
Баянғали орындаған жыр-дастандар Қазақ радиосы мен телеарналардың алтын қорына жазылып, сақталуда.
Манасшы
Баянғали Әлімжанов қазақтан шыққан бірден-бір манасшы. 1995 жылы Қырғызстанның астанасы Бішкекте Манастың мың жылдығына арналған Халықаралық манасшылар конкурсында арнайы жүлдеге ие болды. 2006 жылы Бішкекте өткен Әлем халықтары эпостарының Бірінші дүниежүзілік фестиваліне, 2006 жылы Қызылордада өткен Түркі тілдес елдердің Халықаралық «Қорқыт және Ұлы Дала сазы» фольклорлық-музыкалық өнер фестиваліне, 2007 жылы Қырғызстанның Талас қаласында өткен «Эпикалық мұра – Алтай елдерінің байырғы мәдениеті» атты халықаралық ғылыми-мәдени шығармашылық шараға, 2009 жылы Қалмақстанның астанасы Элиста қаласында өткен «Әлем халықтарының эпосы – жоңғар ұрпақтарының жерінде» атты ІІІ Халықарлық фестивальге, 2013 жылы Бішкек-Талас-Ош телекөпірі арқылы өткізілген манасшылардың бірінші халықаралық фестиваліне қатысушы.
Түрлі мәдени шаралар мен жиындарда, телеарналар мен радиодан «Манас» жырынан үзінділерді жиі айтады.
Кино
Баянғали Әлімжановтың бастамасымен 2006 жылы Астана-Көкшетауда «Паң Нұрмағамбет» киностудиясы ашылды. Осы идеяны құлшына қолдаған белгілі кәсіпкер, қоғам қайраткері Марат Нәбиев киностудияның құрылтайшысы және бас де-меушісі болды. Содан бері бұл киностудияда 2006 жылы «Ән мен анаша», 2010 жылы «Аран», 2011 жылы «Айхан», 2012 жылы «Асау толқын» атты толық метражды төрт көркем фильм, «Ұлы даланың қырандары» сериясымен Т.Кәкішев, А.Нұрқатов, И.Сауэр, Т.Елубаев, Көкше өнерпаздары туралы алты деректі фильм түсіріліп шығарылды. Бұл фильмдердің барлығының да сценарий авторы және қоюшы режиссері – киностудияның көркемдік жетекшісі Баянғали Әлімжанов. Ол сондай-ақ, «Аран», «Айхан», «Асау толқын» фильмдерінде басты рөлдерде ойнаған. Киносценарийлерді қазақ және орыс тілдерінде жазып, субтитрлерді орыс тіліне өзі аударады.
Баянғали Әлімжанов сонымен бірге, 1983 жылы «Қазақфильм» киностудиясында Ораз Әбішевтің режиссерлігімен түсірілген «Жыраулар», 1984 жылы Георгий Емельяновтың режиссерлігімен түсірілген «Палуан», 1985 жылы Данияр Аймановтың режиссерлігімен түсірілген айтыскер ақын, майдангер Көкен Шәкеев туралы «Асылдың сынығы» деректі фильмдерінің сценарийін жазған.
Әдеби сын, зерттеу
Баянғали Әлімжановтың әдеби сын және зерттеу мақалалары 1970-90 жылдары республикалық мерзімдік басылымдар мен «Уақыт және қаламгер», «Жастар жастар туралы» сияқты жинақтарда жиі жарияланып тұрды. Әсіресе, оның көшпенділердің шешендік өнері мен Қасым Аманжоловтың «Өзім туралы» және Мұқағали Мақатаевтың «Реквием» атты өлеңдері жайындағы мақалалары кеңінен танымал болды. Сол жылдары ол журналист ретінде де белсене еңбек етті. Қазіргі уақытта да бұқаралық ақпарат құралдарына әдебиет пен өнер, қоғамның сан алуан мәселелері туралы қазақ және орыс тілдерінде жиі сұхбат беріп тұрады.
Мәдени қызметі
Баянғали Әлімжанов өткен ғасырдың 80-інші жылдары қазіргі «Қазақстан» ұлттық арнасы, бұрынғы республикалық телеарнадан «Халық қазынасы», «Бес ғасыр жырлайды» сияқты хабарларды жүргізіп, қазақтың жыршы-жыраулық өнерін кеңінен насихаттады. Ол Астанадағы қазақ тілі мерекесіне, 2002 жылы Көкшетаудағы Кенесары ханның 200 жылдығына, 2006 жылы Астанадағы Алпамыс батырға, 2008 жылы Ақтөбедегі Қобыланды батырға, 2009 жылы Астанадағы Мұрын жырау Сеңгірбекұлының 150 жылдығына, 2010 жылы Ақтөбе облысының Темір ауданындағы Нұрпейіс Байғаниннің 150 жылдығына арналған республикалық жыршы-жыраулар конкурстарын ұйымдастырушылардың бірі және жүргізушісі болды.
Баянғали Әлімжанов бір эпосты бірнеше жыршы, әр жастағы, әр мектептің өкілдері бірлесіп, бір-бірін қайталамай, жалғастыра жырлау идеясының авторы. Осы ретпен «Алпамыс батыр» жырын Астана мен Қызылордада семейлік Дүйсенғазы Нығметжанов, алматылық Ақан Әбдуәлиев, қызылордалық Майра Сәрсенбаева, ақтөбелік Перуза Нарман, қарағандылық Дидар Қамиев сияқты бес жыршы Баянғали Әлімжановтың жетекшілігімен түгел айтып шыққан. Осы ізбен Ақтөбеде он шақты жыршы «Қобыланды батыр» жырын жырлаған.
Кітаптары
Б.Әлімжанов оннан астам кітаптың авторы. Атап айтқанда, 1982 жылы Алматыдағы «Жалын» баспасынан «Қиқыматтың хикаялары», 1985 жылы «Жазушы» баспасынан «Ұя», 2000 жылы Омбы қаласынан «Жынды Қаратайдың қасіреті», 2003 жылы Астанадағы «Елорда» баспасынан «Ауылдың ақ самалы», 2004 жылы Новосибирскіден «Алаш пен Манас. Қырық айтыс», 2004 жылы Көкшетаудан «Әзіл шуағы», 2005 жылы Новосибирскіден «Деген екен», 2010 жылы Алматыдағы «Қазақ тарихы» баспасынан «Аңыз бен аспан», 2014 жылы Астанадағы «Фолиант» баспасынан «Өмірдің өзі…», «Қиянатқа қарсылық» үш томдық таңдамалы шығармалар жинағы, 2014 жылы Көкшетаудағы «Келешек» баспасынан «Мақалалар, сұхбаттар. Интервью, факты», «Қорасан қарақшының қолмергені» атты поэзиялық және прозалық кітаптары жарық көрген. Сонымен бірге, оның шығармалары ондаған ұжымдық жинақтарға енген және орыс, қырғыз тілдеріне аударылған.
Төрт кітабы – төрт белес, таңдамалысы – көп белес
Баянғали Әлімжановтың биыл баспадан шыққан кітаптары жайында
Әдебиетке жастай араласып, бүгінге дейін оның бірнеше жанрында өнімді еңбек етумен келе жатқан атақты жерлесіміз Баянғали Әлімжанов өзінің 60 жылдық мерейтойына да баспа жүзін көрген бірнеше жаңа кітаптарымен келіп отыр. Солардың ішінде ең шоқтықтысы Астанадағы «Фолиант» баспасында жарық көрген «Қиянатқа қарсылық» атты үш томдық таңдамалы шығармалары. 1070 беттен тұратын бұл көлемді кітабының бірінші томы қарымды қалам иесінің әр жылдары жазған таңдаулы лирикалық өлеңдері, толғаулары мен эпикалық жырларынан тұрады. Екінші томына республикалық, облыстық театрлардың сахналарында қойылып, көрермен ықыласына бөленген, әрі өнертанушылар тарапынан жоғары бағасын алған пьесалары топтастырылған. Сөз ретіне қарай айта кетсек, бүгінгі күнге дейін белгілі драматургтың еліміздің көптеген театрларында тоғыз бірдей шығармасы қойылыпты. Кітаптың үшінші томына жазушының көркемдігі келісті прозалық туындылары топтастырылған екен. Олардың ішінде әр жылдары оқырманын елең еткізген сатиралық әңгімелерімен бірге, осы жанрда жазылған «Алмамбеттің толғауы» сияқты көлемді повестері де бар.
Үш томдықтың салмағын арттыра түскен тағы бір құнды шығарма – автордың тарихи деректердің және аңыздардың негізінде Абылай хан мен оның батырлары туралы орыс тілінде қалам тартқан «Легенды великой степи» повесі. Бұл туындыдан да сегіз қырлы, бір сырлы талантты жазушының екі тілге бірдей жүйріктігі мен халқымыздың басынан өткен небір тар жол, тайғақ кешулеріне мейлінше қанықтығын айқын аңғаруға болады. Қорыта айтқанда, бұл үш томдық таңдаулы шығармалар жинағы бір жағынан, жерлес қаламгердің өз мерейтойына жасаған лайықты бір әдеби тартуы болса, екінші жағынан, қаншама жылдар бойы көз майын тауысып, қара сөздің қадіріне бойлаған ой еңбегінен оқырманына берген толық бір есебі іспетті. Барлық туындыларының үш томға бөлініп, бір кітапқа топтастырылуы да біздіңше, ұтымды шешім. Өйткені, көңілі қалаған оқырманның Баянғали Әлімжановтың бүгінге дейін жазып шыққан барлық дерлік шығармаларын осы бір кітаптың аясынан-ақ табуына жақсы мүмкіндігі бар.
Мұнымен бірге, қаламгердің биыл баспадан шыққан «Өмірдің өзі…» деп аталатын өлеңдер жинағы да ешкімді бейжай қалдырмайды деген ойдамыз. Ақындық қолтаңбасы айқын, шынайы талант иесінің бұл кітабына соңғы кездері жазған сыршыл жырлары мен бірнеше поэмалары топтастырылған.
Өмірдің өзі адамға,
Жаратқанның сыйлығы.
Жаралмай кетсең қайтер ең,
Өзгеше болып бұйрығы?
Өмірдің өзі – махаббат,
Сүюден бәрі жаралған.
Бастауы мөлдір бұлақтай,
Жайылып жерге таралған…
Бұл – өлең өру мәнері өзгеше ақынның осы кітапқа аты берілген «Өмірдің өзі…» деген өлеңінен сәл-пәл ғана үзінді. Жаңа жинақтың лейтмотиві, яғни, өзегі секілді тап мұндай ойлы да шымыр жырлар бұл жинақта қаншама!
Әрине, әдебиет пен мәдениеттің сан жанры, сан саласына белсене ат салысумен келе жатқан Баянғали Әлімжановтай дара тұлғаның өз жеке басына да осы жылдар аралығында аға-іні болып қатар жүрген әріптестері, жанашыр тілеулестері тарапынан небір жылы сөздердің көп арналғаны әмбеге аян. Оның бәрі жерлесіміздің айтыс, жыраулық өнердегі ерекше орнын, қазақтан шыққан жалғыз манасшы екендігін, жазушылық, жазба поэзиядағы ақындық қарымын, бір өзі әрі актер, әрі режиссер ретінде танымал кинодағы қайраткерлігін әр қырынан жан-жақты аша түседі. Кезінде ел газеті – «Егемен Қазақстаннан» бастап көптеген республикалық, облыстық, қалалық және аудандық мерзімдік басылымдарда жарық көрген осынау мақалалар мен сұхбаттар, деректер мен тағы басқа да назар аударарлық тартымды ақпараттар «Мақалалар, лебіздер. Интервью, факты» деп аталатын және бір жеке кітапқа біріктіріліпті. Аты да айтып тұрғанындай, қазақ, орыс тілдерінде шыққан бұл мазмұнды жинақтан да Баянғали ағамыздың өмірі мен шығармашылық жолы, «ұлтым, елім» деп соққан жүрегінің ыстық лүпілі, қарапайым кісілік келбеті, қоғамдық ортада алатын өзіндік орны мен ешкіммен таласпайтын биік тұлғасы жарқырап көріне түсері хақ. Қазақтың құбылысқа баларлық, дарынды бір баласын өзі жайлы жазылған осы кітаптан тағы бір жете тани түсемін деген адам ол жинақты біз айтып жатқаннан гөрі, қолына алып, оқып шыққаны абзал.
Жазушының мерейтойы алдында жарық көрген келесі бір жаңа шығармасы – жуырда ғана «Келешек» баспасынан жеке кітап болып басылып шыққан «Қорасан қарақшының қолмергені» поэмасы. Тарихи тақырыптарға баруда, бірегей тұлғаларымыздың қадір-қасиеті мен болмыс-бітімін өмірлерінің бір сындарлы сәті арқылы биікке шығандата қоюда үнемі шалымдылық пен алғырлық танытып келе жатқан ақынның бұл туындысы да тосын, жаңашыл мәнермен жазылған, көлемді шығарманың жүгін көтеріп тұрған дүние. Шынайы оқиғаларға құрылған, сезім де, торығу да, адамгершілік ізгі қасиет те, өмірге құштарлық пен шарасыздық та бар поэма тағдыр тәлкегіне түсіп, түрме есігін көрген есіл азаматтың ақыры, өзін өлімге қиюымен аяқталған баянды да баянсыз тірлігінен есті сыр шертеді.
Міне, алпыс жастың асуында тұрған Баянғали Әлімжановтың осы бір жаңа кітаптарымен биылғы өзі үшін мерейлі жылы қазақ әдебиеті мен оқырманына салған олжасы аз болмаса керек. Біз осы орайда, қуаныш иесінің өзіміз аз-кем шолып шыққан жаңа төрт кітабын – төрт белесі, соның ішінде таңдамалысын көп белесі деп ой түйдік. Лайым бұл белестеріне жаңа белестер қосыла берсін деген тілектеміз.
Қайырбай ТӨРЕҒОЖА.