Денсаулық сақтау мекемелерінде шешімін күткен мәселелер бар

Өткен сейсенбі күні облыс әкімі Сергей Кулагин Көкшетау қаласындағы бірқатар денсаулық сақтау мекемелерін аралап көріп, кейбір түйткілді мәселелерді шешудің тиімді  жолдарын қарастырды және сала басшыларына нақтылы тапсырмалар берді.

Алдымен, өңір басшысы облыстық аурухананың жүрек орталығында орналасқан бірқатар бөлімшелерді аралап көріп, ангиографиялық кабинеттің жұмысымен танысты. Дәрігерлер мен сырқат адамдардың хал жағдайларын сұрастырды. Коммуналдық қызметтің сапасына назар аударды. Жаз айларында ыстық, қыс айларында суық бөлмелердің терезелерін кішірейтуді тапсырды.

Бүгінгі таңда жүрек орталығында күрделі ота жасау қолға алынған. Соңғы жылдары білікті хирургтер  отаның жаңа түрлерін игере бастады. Биылғы жылы сырқатқа шалдыққан  екі жүзден астам ересек пен баланың жүрегіне ота жасалған көрінеді. Нәтиже көңіл көншітерліктей. Өткен жылдың соңында мұнда жүрек тамырларын зерттейтін жаңа қондырғы орнатылыпты. Қазір орталықта жүрек пен ми тамырларын зерттейтін жаңа технология игерілуде. Орталықтың мамандары Новосибирск қаласында біліктіліктерін арттырып, ми тамырларын емдеуді  бастапты.
Бұдан кейін облыс басшысы 5 қабатты ғимаратта орналасқан терапия кешеніндегі бірқатар бөлімшелердің бөлмелерін аралап көрді. 1972 жылы пайдалануға берілген ғимарат 2001 жылдан бері жөнделмеген. Барлық инженерлік жүйелерді ауыстырып, күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 350 миллион теңге қажет көрінеді. Бұл қаржы келесі жылы қарастырылатын болды. Сондай-ақ, облыс әкімі өз сөзінде медицина қызметкерлері үшін салынып жатқан көп қабатты тұрғын үй құрылысында жұмыс қарқынын арттыруды тапсырды.
Мұнан соң өңір басшысы онкологиялық диспансерге атбасын бұрды. Осында радиологиялық бөлімшені аралап, эндоскопиялық және компьютерлік томография кабинеттерінің жұмыстарымен танысты. Сырқат адамдармен емін-еркін әңгімелесіп, хал жағдайларын сұрастырды. Бюджеттен арнайы қаржы бөліп, мамандарды Ресей, Германия және Израил сияқты шет елдерде оқытуды, сатып алынған қондырғылардың жұмыссыз тұрмауын тапсырды. Диспансер маңындағы су қоймасының орнына ауысымына 150 адам қабылдайтын емхана ғимаратының құрылысын жүргізу көзделген. Облыс әкімі мердігер таңдау және абаттандыру мәселесіне де назар аударды.
Облыстық балалар ауруханасында болып, ересек балалардың бөлімшесін аралап көріп, бірқатар кабинеттердің жұмысымен танысқан облыс басшысы ғимараттың барлық инженерлік жүйесінің ескіргеніне қынжылыс танытты. Күрделі жөндеу қажет. Қалалық жылу жүйесінен де дұрыс жылу келмейтін көрінеді. Оның үстіне, бөлмелердің терезелері де үлкен. Сондықтан болар, аурухананың ішкі бөлмелері қыс айларында салқын болады екен. Сырқаттанып келген балаларға онша қолайлы жағдай жасалмаған. Осы орайда, облыс әкімі тиісті басшыларға ескерту жасады.  Мекеме маңында су бұрқағы бар балалар саябағын салуды және келесі жылдың тамыз айына дейін жобалық-сметалық құжаттама жасауды тапсырды.
Облыс әкімі жұмыс сапарының соңында бұрынғы  балалар мен жасөспірімдер кинотеатрының кинозалы мен бөлмелерін аралап көрді. Мұнда бұған дейін бірқатар қоғамдық бірлестіктер жұмыс істеді. Қазір бұл кинотеатр  бос тұр. Өңір басшысы өз сөзінде бұл ғимаратқа жөндеу жұмыстары жүргізілгеннен кейін облыстық әдебиет және өнер музейіне берілетінін жеткізді. Бұған дейін аталмыш мекеме жеке меншік ғимаратты жалға алып, жылына 2 миллион 600 мың теңге төлеп келген. Облыс басшысы мұндай келеңсіздіктерге жол берілмейтінін қадап айтты.
Суретті түсірген Төлеген ҚОСШЫҒҰЛОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар