Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
«біздің құрмаш» деп арқа тұтатын - АРҚА АЖАРЫ

«біздің құрмаш» деп арқа тұтатын

Редакциямызға ертеректе Моңғолиядан қоныс аударған Есет Құрманханұлы бауырымыз келді. Амандық-саулықтан соң Алматыда Дүниежүзілік қазақтар қауымдастығы әкесі, көрнекті жазушы Құрманхан Мұқамәдиұлының 90 жасқа толуына орай дөңгелек үстел ұйымдастырғанынан қуана хабардар етті.

Осы кезде менің көз алдымнан сонау 90-шы жылдары Көкшетау облыстық телерадиокомпаниясында бірге қызмет істеген Баман марқұмның бейнесі қылаң берді. Бірер жас үлкендігіне қарамастан, аңқылдаған ашық жан еді. Бірге жолсапарға шығып жүрдік. Ата-жұртқа қоныс аударған жерлестеріне соғып, хал-жағдайларын білуді ұнататын. Бірде Көкшетау қаласының іргесіндегі Бірлестік ауылында тұратын опера әншісі Советхан Долдаұлымен дидарласудың сәті түсті. Ол кісі далада мал бағып жүр екен. Біраз әңгімеден соң Баман оған ән салғызды. Неткен ғажап дауыс дерсіз. Қуатты әуен ен даланы жаңғыртты. Кәдімгі Ермек Серкебаев ағамызша ән шырқады. Сол жолы осы кісінің арқасында Моңғолиядан оралған небір өнерлі азаматтармен танысудың сәті түсті.

Ақын жанды азамат болғандықтан, Баманның өзі де өлеңдерін жатқа соғатын. «Қасқайып бәріне де қарсы тұрам, қазақтың ұлы болсам егер де мен!» деп келетін өршіл рухтағы жырлары көп екен.
Әкесі Құрманхан Мұқамәдиұлы жазушы-драматург болғанын Баман көзі тірісінде жиі айтушы еді. Ол 1924 жылы Алтайдың күнгей бетіндегі Шыңжанда туған. Мұғалімдер даярлайтын техникумды, 1948-1950 жылдары Мәскеуде ішкі істер жоғары мектебінің арнайы курсын бітірген. Еңбек жолын 1942 жылы ұстаздықтан бастайды. Біраз уақыт ішкі істер бөлімінде өкіл, Баян-Өлгий аймағы әкімшілігінің бастығы, партия комитетінің бірінші хатшысы лауазымдарын абыроймен атқарады. 1946 жылы Шыңжанда Шығыс Түркістан мемлекетін құруға ат салысып, Моңғолия қазақтарынан жасақталған партизандар қозғалысының комиссары болады.
1951 жылы алғаш рет мемлекеттік Ұлы хуралының депутаты болып сайланады. Одан кейін де депутаттыққа екі мәрте сайланыпты. Ол Моңғолиядағы қазақ қаламгерлері арасында әуелі әңгіме жанрында танылған жазушы. Ал, шығармашылығының дені драмалар мен аудармалар болып келеді. Оның жастай қаламынан туған үш әңгімесі мен екі очеркі бірден көркемдігімен оқырман қауымды баурап алған көрінеді. Мәселен, «қайғы қара басыңдікі болса, жалғыздық ісі жазым. Жылып аққан бұлаққа батасың да кетесің. Қайғыңа көп ортақ болса, түскенің көптің кемесі, мінесің де өтесің. Қуанышың жеке өзіңдікі болса, кездейсоқ түскен бір сағым, өтеді де кетеді. Қуанышыңа көп ортақ болса, шашырап түскен күн нұры, ғұмырыңа жетеді» деген сөйлем тіркестері Құрманханның қарымды қаламгер екендігін аңғартады.
Ақынның ұлы Абай бабамызға еліктеп жазған «Қыс» атты өлеңінде пейзажды көрініс әсем берілген.
Айдаһардай ашулы, бұйра сақал,
Үстінде мұздан киген қамзолы бар.
Түкірігі – қар, аяз, демі – боран,   
Екі иінін жұлып жеп келді ақсақал, –
деген жолдар ақын өресінің биіктігін аңғартып-ақ тұр.
Проза жанрында аудармаға аса мән берген. Моңғолия халқының атақты жазушылары Д.Нацагдорж және Ц.Дамдинсурэн шығармаларын аударып, бастырды. Сахна төрінде «Қарға қарғаның көзін шұқымайды», «Тамыр дәрі» комедиялары, «Алтыбақан» либретосы сияқты ондаған туындылары қойылды. Оның «Жасыл дөң», «Асуда» жинақтары оқырмандар қолына 1959-1960 жылдары тиді. Аударма саласында да өндірте жұмыс істегені байқалады. Осы орайда, жазушы Құрманханның Ц.Гайтавтың «Д.Сұхбатыр» поэмасын, Ч.Лодойдамбаның «Тұнық Тамир» романын қазақ тіліне жатық аударғанын айтқан ләзім. Моңғолиядағы қазақ әдебиетінде көркем аударманың озық үлгісін танытқан қаламгерді ел-жұрты «біздің Құрмаш» деп ерекше арқа тұтады екен.
Ұлы Есет Құрманханұлының айтуынша, Алматыда Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің Ғылым комитеті, Шоқан Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты, Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы ұйымдастырған дөңгелек үстел мәжілісінде тарих ғылымдарының докторы, профессор Зордыхан Қинаят, белгілі ғалым әдебиет-шілер Хабсатар Омарұлы мен Гүл Кәпқызы тартымды баяндама жасаған көрінеді. Қоғам қайраткері Мәрияш Ноғай, жазушының қызы Лиза Құрманханқызы және басқалары Моңғолиядағы қазақ әдебиетінің негізін қалаған классик жазушы туралы қызғылықты естеліктерін ортаға салыпты.
Сөз соңында «Өшпейді үнім, өршелене түседі, өйткені, шындықтың үні зор» деп өзі айтып кеткендей, аз ғұмыр кешсе де, артына мол мұра қалдырған асыл азаматтың жарқын бейнесі алдағы уақытта да Қазақстан мен Моңғолиядағы әдебиет сүйер қауымның жүрегінде мәңгі сақталады деген сенімдеміз.
Дәуренбек АҚБЕКҰЛЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар