Есімі де, өмірі де – еңбек

Елбасымыз «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты еңбегінде кейінгі кезде елімізде нағыз еңбек адамына деген құрметтің азайып кеткенін жасырмады. Солардың ішінде біз еңбексүйгіш ағаларымызды ұмытпағанымыз жөн. Біздің толқын еңбек адамдарын құрметтеп өсті, ал ол кездегі адамдар ортақ мүдде үшін жұмыс істейтін. Солардың бірі – білікті басшы әрі қоғам қайраткері Еңбек Қабданов десек, артық емес.

– Мен 1934 жылы қазіргі Зеренді ауданының  Еленовка селосына жақын жерде орналасқан  Қарағай ауылында дүниеге келдім. Әкем Қабдан Исенов жергілікті кеңшарда малшы болып жұмыс істейтін. Отбасымызда алты бала болғандықтан, анамыз Шайза үй шаруасымен айналысты. Ол кезде ауылда отызға тарта үй, бастауыш мектеп болды. Мен осы мектепті бітірген жылы әкем болашағымызды ойлап, Көкшетау қаласына қоныс аударды. Біз қысты күні бүкіл дүние-мүлкімізді бір атшанасына сыйдырып, көшіп келдік. Әкем автобазаға жүргізуші болып орналасып, мен қазақ орта мектебінде оқуымды жалғастырдым. Уақыт осылайша өтіп жатты. Ұлы Отан соғысы басталған кезде әкем ел қорғауға аттанып, шешемізге еңбекке араласуына тура келді.

Бақытымызға қарай әкеміз соғыстан аман-есен оралды. Кейін отбасын құрдым.  Өмірге балалар келді.  Ұлым Серік менің жолымды қуып инженер-механик мамандығын алды. Қыздарым Айгүл дәрігер, Ажар мұғалім. Өкінішке орай, жұбайым Майраш Кәрімқызы 2004 жылы дүниеден өтті. Текті тұқымнан шығып, өмір жолымның бақыты мен қиыншылықтарын бірге бөліскен жанның мен үшін алар орны ерекше болатын. Өзім ұзақ жылдар әртүрлі лауазымды қызметтер атқардым. Тыңның ХХV жылдығы атындағы кеңшарда директор қызметін атқарып жүрген кезімде елімізде қайта құру кезеңі басталып, нарықтық қатынастар пайда бола бастады. Қалыптасқан шаруашылық жүргізу бағытын бірден өзгерту кеңшар жұмысшыларына да, басшы ретінде маған да оңай тиген жоқ. Көптеген түсінбеушіліктер орын алды. Дегенмен, біз ұжым болып, кеңшар негізін сақтап, жұмысты жаңаша ұйымдастыра білдік. Электр қуатын берудегі келеңсіздіктерге байланысты өз күшімізбен шағын электр стансасын іске қостық. Соның нәтижесінде  нан өнімдерін шығаратын наубайхана жұмыс істеп тұрды. Екібастұз кенішімен  тікелей келісім шарт жасап, көмір алып отырдық. Көкшетау облыстық ауруханасына сол нан өнімдерін өткізіп, науқасқа шалдыққан кеңшар тұрғындарының емдеу орнына кезектен тыс қабылдануына қол жеткіздік. Бірінші-алтыншы сыныптағы мектеп оқушылары тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етілді. Қиындықтарға қарамастан, құрылыс жұмыстарын да тоқтатқан жоқпыз. Мұның бәрі бүгінде тарихқа кетті ғой. Бірақ, мен үшін ұмытылмайтын естеліктер, – дейді бізбен болған әңгімесінде Еңбек ағамыз.     
Еңбек Қабданұлы  өзінің еңбек жолын Бұлақ машина-трактор станциясында қарапайым жұмысшы болудан бастаған екен. 1959 жылы Көкшетау қаласындағы ауыл шаруашылығын механикаландыру училищесін үздік бітіріп, шалғайдағы  «Золотая Нива» кеңшарына жұмысқа жіберіледі. Бұлар шынжырлы трактормен екі жүз шақырымды үш тәулік жүріп өтіп, вагондарда тұрды. Түрен тимеген 264 гектар жерді жыртты. Бұны сол кездегі еңбексүйгіш жастардың ерлігі деп түсінген жөн.
Арман әрқашанда алға қарай жетелейді. Қара жұмыста шыңдалған жас жігіт білімін жетілдіргісі келіп, Целиноград ауыл шаруашылығы институтына оқуға түседі. Ол кезде ауыл шаруашылығында еңбек еткен жастарға жоғары оқу орнында жеңілдік жасалып, бөлек конкурстан өтетін.
Институт қабырғасында да Еңбек аға елгезектік танытып, оқуымен қатар, қосымша жұмыс істеді. Үшінші курста оқып жүрген кезінде «Тың өлкесі» газетінде корректор болып қызмет атқарған Майраш апаймен көңіл қосып, отбасын құрды. Сөйтіп, ағамыздың жоғары білім алуына көзі ашық, көкірегі ояу апай да өз үлесін қосқан көрінеді. Институтты ойдағыдай тәмамдаған жас маман алдымен, техника қауіпсіздігінің инженері, кейін бұрынғы Володар ауданы «Айыртау» кеңшарында  машина-трактор шеберханасының меңгерушісі болып еңбек етті.
Еңбек аға бала кезінен картоп өсіруді жанындай жақсы көретін. Осы арманы Зеренді ауданының «Подлесный» кеңшарында бас инженер болып қызмет істеп жүрген кезінде жүзеге асты. 1967 жылы елде картоп өсіруге де ден қойылған кез еді. Жалындаған жас инженер 500 гектар алқапқа картоп отырғызылуын техника жағынан жақсы қамтамасыз етті. Сол жылы кеңшар картоптан өнім алу жоспарын 5 есе асыра орындайды.
Осылайша ауыл шаруашылығында тәжірибе жинақтаған Еңбек Қабданов сол кездегі билік басындағылардың көзіне түседі. Сөйтіп, оны 1975 жылы Володар  аудандық Қазақстан арнайы мамандандырылған бірлестігінің директорлығына тағайындайды. Мұнда шаруашылықпен бірге, тұрғындардың әлеуметтік-тұрмыстық мәселелеріне көп көңіл бөлгенін  көнекөз қарттар күні бүгінге дейін аңыз қылып айтып отырады.
1990-1992 жылдары Еңбек Қабданов Зеренді ауданына қарасты Қазақстанның 40 жылдығы атындағы кеңшарды басқарды. Сол жылдары ол қазақ ауылдарының дамуына көп көңіл бөліп, Қызылқайнар, Бөгенбай би және Туражол ауылдарына отыздан астам жаңа тұрғын үй салды. Жергілікті тұрғындар сол үйлердің игілігін күні бүгінге дейін көруде. Бұдан кейін Еңбек Қабданов Володар аудандық әкімшілігінің басшысы, яғни, бүгінгі тілмен айтсақ, аудан әкімі  болып жемісті еңбек етті. Дегенмен, бұл жерде аяқтан шалушылық көрініс тауып, Зеренді ауданына оралуына тура келді. Оның өз себебі де бар. Сол жылдары Еңбек ағаның отбасында 13 жан тұрған көрінеді. Үй тар болғасын, үйдің екінші жағындағы пәтерді қосуына тура келеді.  Бұған түсіністікпен қарамаған сол кездегі облыс басшысы Оразбек Қуанышев сөгіс жариялайды. Соның салдарынан Еңбек Қабданов он жыл бойы қызмет баспалдағында өспеген екен.
Тәуелсіздік алған жылдары білікті директор Тыңның ХХV жылдығы атындағы кеңшардың тізгінін ұстады. Бұл ел экономикасындағы ауыр жылдар еді. Сол кезде 5 тонна астыққа бір-ақ тонна дизель отынын алуға болатын.  Осы қиын заманның өзінде Еңбек аға дәнді дақылдар  себумен қатар, картоп отырғызып, оны жинауға келген Щучинск педагогикалық училищесінің студенттерін тегін тамақтандырды. Картоппен облыстық және қалалық ауруханаларды қамтамасыз етті. Білікті басшының осындай игі істерін  көпшілік әлі ұмытқан жоқ. Осы күні республикалық КТК телеарнасын  басқаратын Арман Шораев та әкесінен 4 жасында жетім қалып, осы  Еңбек ағаның тәлім-тәрбиесін көрді.
Мемлекет  Еңбек Қабдановты осы еңбегін елеп, екі мәрте «Құрмет Белгісі» орденімен, бірнеше медальдармен және грамоталармен марапаттады. Ал, 1999 жылдың 14 желтоқсанында Елбасымыз  Нұрсұлтан Назарбаев Еңбек ағамызға  өз қолымен «Отан» орденін тапсырды. Ағамен болған әңгімеміздің барысында өз кәсібіңе деген сүйіспеншілік тұрғысында да ағадан сұрап, білген едік.
– Менің ойымша, мамандық таңдау дегеніміздің өзі баланы жас кезінен еңбекке тәрбиелеуден бастау алады, – дейді ардагер бұл орайда. – Бала жас кезінен бір нәрсеге қызығушылық танытса, ата-аналары оған қолдау білдірулері қажет. Қазіргі кезеңде тәрбиенің бұл түрі ұмытылып бара жатқан сияқты. Өзімнің мамандық таңдауым техникаға қызығушылықтан басталды. Марқұм әкем жоғары оқу орнын бітіріп келісімен, кабинетте отырып жұмыс істегенімді қалады.  Облыстық партия комитетінде жүргізуші болып істейтін ол бұл жөнінде тиісті органдармен келісіп те қойыпты. Осылайша әкемнің сөзінен аса алмай, екі күн демалысы бар, бір мекемеге жұмысқа орналастым. Бұл жұмыста мен бір күн ғана болдым. Келесі күні арыз жазып шығып кеттім. Өйткені, әрі қарай мұндайға  шыдай алмайтынымды түсіндім. Сондықтан да, көңіліңе шын ұнаған істен сені ешкімнің айныта алмайтынына сенімдімін.   
Міне, сөйткен Еңбек аға өз бақытын тек қана еңбектен тауып, жетпіс бес жастың да ауылына келіп қалыпты. Көкшетау, Ақмола облыстарында ауыл шаруашылығы саласының дамуына елеулі үлес қосқан қарапайым да жайсаң ағаның осы өнегесі көпке жұғысты болсын дейміз.
Рамазан ТІЛЕУОВ,
Қайрат ҚАЗИЯКПАРОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар