Қоғамымыздың басты құндылығы

Гүлжанар ШӨКЕЕВА,
облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы

Қазақ елі қашанда өркениеттердің алтын арқау ошағы, батыс пен шығыстың әртүрлі діни және мәдени үдерістерінің  мәмілелі мекені болғаны анық. Сондықтан, бүгінгі  ұрпақтың рухани салада  бабалар салған даңғыл жолды жалғап, сан ғасырдан бері үйлесім тапқан ынтымақты жарастырып отырғаны жақсылықтың нышаны. Осындай ортақ мүдденің арқасында кең байтақ елімізді мекен еткен жүздеген ұлт өкілдері тату-тәтті өмір сүріп жатыр.

Адам құндылығын қорғап, оның құқықтары мен бостандықтарын құрметтеуге негізделген демократиялық қағидаттар біздің мемлекеттілігіміздің басты негіздері болып табылады. Мемлекет пен діни бірлестіктер арасындағы ынтымақты қарым-қатынас  ең алдымен өзара түсіністікке талпындырып,  ешкімді дініне, нәсіліне және басқа  да сипаттарына қарап алалауға жол бермейді.
Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың алғаш тәуелсіздік алған күннен бастап көреген саясат ұстанып, ішкі тұрақтылықты сақтауға барынша көңіл бөлуінің арқасында барлық дәстүрлі діндердің еркін дамуына айқара жол ашылды. Бұған жыл са-йын  елімізде Рухани келісім күнін атап өтудің дәстүрге енгені де айқын мысал бола алады.
Осынау тамаша дәстүрдің бастау алуына  1992 жылы қазан айында  Алматы қаласында өткен алғашқы Бүкіләлемдік рухани келісім конгресі себеп болды. Аталған  басқосудың  қорытынды мәжілісінде  18 қазан – Бүкіләлемдік рухани келісім күні болып бекітілді. Содан бері елімізде бұл мереке бүкілхалықтық мейрам ретінде аталып келеді.
Тәуелсіз Қазақстанның тарихы бүкіләлемдік қауымдастыққа өзінің тұрақты үнқатысуы негізінде әртүрлі этностар мен конфессиялардың тату-тәтті  өмір сүру мүмкіндігі қалыптасқанын айғақтайды. Бұған Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясының І-ші сессиясында сөйлеген сөзінде айтқан тұжырымды ойлары мысал бола алады. Онда Елбасы барлық діндердің негізінде адамдарға деген сүйіспеншілік пен мейірімділік, адасқандарға жол көрсетіп, төзімділікке үндеу қағидаттары жатқанын айтқан еді. Сондықтан, біздің еліміздегі барлық діндер ең алдымен, ізгілікті үндеп, татулықты қалайтыны айдан анық. Бұған қазіргі кездегі дәстүрлі діндердің өзара ынтымақта, ел мүддесі жолында қызмет етіп жатқаны айғақ болса керек.
Елбасымыздың Қазақстанды өңірлік ынтымақтастық пен халықаралық қоғамдастықтың жауапты мүшесі ретінде осы айқын  ұстанымды ұстауға бағытталған күш-жігері арқасында еліміз өркениеттер үнқатысы мен мәдениетаралық ынтымақтастықтың белсенді жақтаушысы  ретінде көріне білді.
Біріккен Ұлттар Ұйымының бұрынғы Бас хатшысы Кофи Аннан Қазақстанды ұлтаралық келісімнің, тұрақтылық пен лайықты дамудың мысалы ретінде басқа мемлекеттерге үлгі етуі жайдан жай емес. Себебі, біздің еліміз әлемдегі бейбітсүйгіш мемлекет ретінде жаһандық ынтымақтастыққа лайықты үлесін қосып келеді. Президентіміздің бастамасымен Астана қаласында өткен әлемдік және дәстүрлі дін көшбасшыларының съезі конфессияаралық келісім мен үнқатысудың қазақстандық моделінің тиімділігін паш етті. Бұл еліміздің өркениеттер арасындағы жаһандық ынтымақтастықта үлкен орын алатынын көрсетеді.
Осындай аса бір маңызды шараны өткізетін ел ретінде Қазақстанның таңдалуы әлемдік қоғамдастықтың біздің елімізге деген сенімін білдірсе керек. Сондықтан, әлемдік діндердің бас қосуы біздің қоғамымыздың рухани құндылықтарын жаңа сапалы деңгейге көтеруге мол ықпал еткені анық. Осы іргелі істері арқылы Қазақстан  әлемдегі ынтымақтастықты жарастырушы мемлекет ретінде өзіне жауапты миссияны алуда.
Қазақстандағы діни қарым-қатынастар саласындағы жүргізіліп келе жатқан мемлекеттік саясатты үш негізгі қағидатқа бөлуге болады. Бұл бейбітсүйгіштік пен төзімділікке негізделген сенім еркіндігі арқылы көрініс табуда. Ешкім өзінің ұлттық, діни және нәсілдік сипаттарына байланысты  алалаушылыққа, кемсітушілікке ұшырамауда. Қайта осы елде өздерінің құндылықтарын емін-еркін дамытуға мүмкіндік алып отыр.
 Біздің еліміз адам құқығы саласы бойынша қырыққа тарта халықаралық мәмілелер мен келісім шарттарға қосылды. Оның ішінде Біріккен Ұлттар Ұйымының осы саладағы фундаментальды актілері де бар. Сондықтан, әртүрлі діни сенімдегі адамдарға қатысты толеранттылықты қалыптастыру – конфессияаралық келісімнің негізгі шарты болып табылады. Себебі, мемлекет халықсыз, халық дінсіз болмайды. Бүгінгі таңда елімізде ұлттық және азаматтық топтасу тұрғысындағы үндесуді қалыптастыру үшін барлық қажетті жағдайлар жасалған. Демократиялық және азаматтық қоғамды дамыту институттары құрылып, еліміздің тұрақтылығы, қауіпсіздігі мен тәуелсіздігі нығайып келеді.
Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған салтанатты жиналыста сөйлеген сөзінде: «Тәуелсіздік арқасында біздің бабаларымыздың діні гүлденіп келеді. Біз бағзы замандардан бері тәуелсіздік жоқ жерде діннің де жоқ екенін жақсы білеміз» деген еді.
Қазақстанда дінге сенушілер арасында әлемнің барлық діндерін – исламды, христиандықты (православие, католик, протестант ағымдары), буддизмді, сондай-ақ иудаизм мен индуизмді, ежелгі политеистикалық ағымдарды және қазіргі жаңа құрылымдарды ұстанатындар жетерлік. Бірақ, біздің еліміз ежелден ислам дінін ұстанып, сонымен бірге, соңғы ғасырлар өзгерістеріне байланысты христиан және тағы басқа діндерге де түсіністікпен қарап келеді.
Бүгінгі күні қырықтан астам конфессияны ұстанатын үш мыңнан астам діни бірлестіктер бар. Сондықтан, рухани саланың инфрақұрылымдарын дамытуға ерекше назар аударылады. Біздің облысымызда да бұл бағытта тұшымды жұмыстар атқарылуда. Қазір облыс орталығында жаңа мешіт құрылысы жүргізілуде.
Діни ұйымдар әлеуметтік қатынастағы нысандар құқығын алып, діни негіздегі оқу орындары кіретін мемлекеттік емес білім беру секторы ретінде даму үстінде. Қазақстанда «Нұр-Мүбәрәк» Египет ислам мәдениеті университеті және тоғыз медресе жұмыс істейді. Бүгінде осы оқу орындарында 38 жерлесіміз білім алуда. Сонымен бірге, республикамызда Құрбан айт, Рождество діни мерекелері тойланып, дінге сенушілер үшін қамқорлық жасалуда. Бұл мерекелер барша ұлтты ортақ мүддеге жұмылдыруға да ұйытқы болуда.
Дінаралық келісімнің сақталуы, өзара түсіністік негізінде қоғамдық кеңістікті қалыптастыру елімізде азаматтық бірлік пен саяси тұрақтылықтың негізінде мүмкін болып келеді. Бұл ретте, мемлекеттің діни бірлестіктердің ішкі істеріне қол сұқпаушылық, бейтараптылық көзқарасы ерекше құптарлық құндылықтар саналады. Еліміздің 2011 жылғы 11 қазандағы «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңында мемлекет діннен және діни бірлестіктерден бөлек, ешқандай дін мемлекеттік немесе міндеттілік ретінде белгілене алмайды деп аталып көрсетілген. Сондықтан, өз кезегінде мемлекет діни конфессиялардың өз құзырларын жүзеге асыруы үшін барлығына тең жағдайда қолайлы мүмкіндіктер туғызып отыр. Біздің елімізде барлық діндер және діни бірлестіктер заң алдында тең.
Осының бәрі әлемнің көптеген нүктелері мен Орталық Азияда дінге байланысты қарама-қайшылықтар туындап жатқан кезде біздің еліміз өзінің ұлттық қауіпсіздігін сақтау мақсатында рухани ынтымақты бекітуді баса назарда ұстап отырғанын көрсетеді.
Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев өзінің сөздерінде Қазақстанда дін бір-бірімен бәсекеге түсудің ошағы ретінде емес, отандастарымыздың рухани мәдениетін толықтыратын, қоғамымызға көпқырлылықты қамтамасыз ететін өзіндік ерекшелігі бар игілік ретінде қарастырылатынын атап көрсеткен еді. Әлемнің дәстүрлі дін көшбасшыларының үшінші съезінде мәдениетаралық және дінаралық ашық үнқатысу Қазақстанның ішкі және сыртқы саясатының негізгі мәселелерінің бірі екендігі де  баса айтылғаны белгілі.
Қазіргі кезде барша әлем әртүрлі көзқарастар мен сенімдердің дағдарысын бастан өткеріп отыр. Әсіресе, өркениеттердің қарама-қайшылыққа толы теке-тірестері жиі айтылады. Белгілі саясаткер Самюэль Хантингтон өзінің бір сөзінде: «Әлем өркениеттер қақтығысына қарай жақындап келеді. Соңғы он жылдықта әлемде екі ағымның күресі байқалады. Бір жағынан қоғам алдында тұрған мәселелерді шешуде дінаралық ынтымақтастықтың жаңа деңгейі анықталса, екінші жағынан, жаңа ғасырдың басында экстремизм мен терроризм үшін орта қалыптастырған діни қарама-қайшылықтар ретінде қабылданатын саяси, экономикалық және әлеуметтік теке-тірестердің тұйыққа тірелу процесі жалғаса түскенін көрсетеді» деп атап өткен болатын. 
Сондықтан, біздің еліміздің мемлекет, қоғам және дін арасындағы өзара байланыстың жаңа жолын табуға ұмтылып отырғаны өз ішіміздегі ұлтаралық және дінаралық ынтымақты нығайтуға деген зор талпынысымызды танытса керек. Бұл орайда, жалпы бейбітшілік, өзара үнқатысу бағытындағы  үйлесімділікті дамыту үшін  қолда бар барлық мүмкіндіктерді пайдалана отырып, мемлекетіміздің өзіндік бет-бейнесін қалыптастыру бүгінгі таңдағы  аса маңызды мәселелердің бірі екенін айтқан жөн.
Сонау ғасырлар тереңінде жатқан асыл бабаларымыздың ұлт болашағын ойлап, аттан түспей, қолынан найзасын тастамай, байтақ даланы қорғағаны біздер үшін әрдайым санамызда ұстар асқақ ұғымдар болып қалады. Сол сайын дала бүгін қайта түлеп, жаңғырып, жасара түскен жайы бар. Бұл бірлігін биік қойып, ынтымағын асқақ ұстаған еліміздің  басты құндылығы дер едік. Ендеше, бабалар рухымен азаттықтың көк байрағын желбіреткен қазақтың байтақ жерінде ешкім де өзінің тіліне, нәсіліне және дініне орай, алалауға ұшырамайтыны айдан анық. Осы ретте, өзге ұлттар да халқымыздың осы бауырмалдығына дәл сондай ілтипатпен жауап беріп, осы жерді нағыз Отаным деп танып, тәуелсіз Қазақстанның дамып, өркендеуі үшін қолдан келгеннің бәрін істеуі тиіс. Рухани келісім күнінің мәні де міне, шынайы ынтымақ-бірлігімізді паш ететін осы бір қарапайым қағидада жатса керек.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар