Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Тіл жайлы толғаныс - АРҚА АЖАРЫ

Тіл жайлы толғаныс

«Сырты – қазақ, іші – басқа, осы біз қайда барамыз», – деген сауал бүгінде бәрімізді болмаса да, біразымызды толғандыратыны бар. Өзінің тілін білмей, мақұрым болған қандастарымызды көріп, қатты қапаланасың.

Өзге емес-ау, өз қаракөздеріміз өзегімізден теуіп жатқаны әсте жақсылық болмаса керек. Бұл қалпымызбен біз қалай қазақ боламыз, қалай өркениет биігіне көтеріледі екенбіз?! Жан ауыртқан басты сауал осы.

Міне, жақында «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының  қолдауымен шыққан  белгілі журналист, сатирик Сайлау Көшкенұлының «Тілім менің – тірегім» атты кітабы бүгінде өзекті мәселеге айналған қазақ тілінің тағдыры жайлы сыр шертеді. Автор жай сыр шертіп қана қоймай, ана тілі үшін өзінің ішкі қатты алаңдаушылығын білдіреді. Бір-бірімен шүлдірлесіп, өзге тілде сөйлескен қандастарымызды қатты сынға алады. Өзінің журналистік пайымымен сын садағын кезеп, мірдің оғындай ащы тілімен ұлттық ұстынымыздың ұсақталып бара жатқанын ашына айтады.
Бұл жинақтағы тіл туралы ой-толғамдар қарапайым қала көшелерінде ілінген жарымжан жарнамалардан бастап, мемлекеттік мекемелердегі іс қағаздарының қазақ тілінде сөйлей алмай тұрғанын, бар жиындардың өн бойы орысша өтетінін паш етеді.
Шыны керек,  тіліміздің шұбарлануы отбасы, ошақ қасынан ғана басталып тұрған жоқ. Кішкентай бүлдіршіндер тәлім-тәрбие алатын білім ошақтарындағы жағдай да сын көтермейді. Қазақ мектептеріне бара қалсаңыз, мұнда өз балаларымыз таза ана тілінде сөйлейді деп ойлайтын көңіліміз сап тыйылады. Үзіліске шығысымен, балалардың өзара ресми тілде шүлдірлесіп жатқаны  сондай оғаш.
Сайлау Көшкенұлының қаламынан туған бұл еңбекте осы жайлар ортаға салынады. «Өзгенің тілін меңгеру үшін өз жүрегіңді ашуың керек» деген толғақты мақаласында: «…бала жетектеген ата-аналармен кездейсоқ кездесе қалсаң, өзара шүлдірлесіп орысша сөйлесіп бара жатқандарын естисің. Шіркіндерде намыс жоқ па-ей, неге бүйтеді дейін десең, онсыз да еріндері жып-жып етіп, ауыздары дүрдиіп тұрған әлгі пәтшағарлардың өзіңді жер-жебіріңе жетіп, «байтал түгілі, бас қайғы» кейпіне түсіре ме деп, үндемей құтыласың» дейді. Алып-қосары жоқ, шындық-ау.
 «Тіл – қуатты қару. Реті келгенде  онымен іреп те, шіреп те бересің. Бірақ, тілім бай, сөзге шешенмін деп орынды, орынсыз жерде ділмарсуға  да болмайды. Кей-кейде өз ағайынымыз түгілі, өзге ұлт өкілдерінің нақ қазақтан туғандай ана тілімізде емін-еркін сөйлескенін көргенде жүзі басқа болғанмен, жүрегі бір бауырыңдай сезінетінің анық» екенін де айта отырып, өзгелерден өнеге алудың жолын нұсқайды.
Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері Сайлау Көшкеновтың оқырмандар қолына тиген бұл еңбегі де өзінің өміршеңдігімен қымбат. Сондықтан, баспасөз ардагеріне қаламыңыз мұқалмай, әлі де тартымды  шығармалар жаза беріңіз дегіміз келеді.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар