Еліміздегі тыныштық, ұлтаралық татулықтың жарасымды көріністері сізді қандай сезімдерге бөлейді?

Леонид НОДРИН, зейнеткер:
−Мен өзім 82-ге келген адаммын. Беларусь ұлтының өкілі болып,
христиан дінінің православие тармағын ұстанғаныммен, дінге қатты берілген адам емеспін. Әрине, мейрамдарда қызыммен шіркеуге барып тұратыным бар. Жалпы, менің ойымша, сенімі жоқ адам болмайды. Жер бетіндегі тірі пенденің бәрі де бір нәрсеге сенеді. Жұрттың бәрінің діндар болуы мүмкін емес қой. Десек те, бәріміз бір Жаратушы иенің барын мойындап, маңайымыздағы әр адамды бауырдай көруге міндеттіміз. Кейде маған  қазақстандықтар тумысынан толерантты, біртұтас ұлт сияқты көрінеді. Олай дейтінім, Құдайға шүкір деп айтайын, еліміз сұм соғыс пен бітіспес қақтығыстардан ада. Президентіміздің арқасында Қазақстан халқы Ассамблея-сы сияқты ірі құрылымға ие болып,  тату-тәтті күн кешіп отырмыз. Ұлттар арасындағы осы татулық бізге рухани тұтастықты сақтауға мүмкіндік беріп отыр.

Қандай дінді ұстанып, қандай ұлт өкілі болмайық, ол біздің ортақ мақсаттарға ұмтылуымызға, «Қазақстан» дейтін ұлы мемлекетті әлемнің дамыған елдерінің қатарына қосып, сол арқылы тұрғындардың жағдайын жақсартуымызға еш кедергі жасамайды. Менің айтпағым, түріміздің түрлі болуы жүрегіміздің үндесе соғуына кедергі жасамасын. Бір болайық, тұтас болайық, сонда ғана  еліміз гүлдене түседі.

Ризабек НҰРҒАЛИЕВ, заңгер:
−Жалпы, рухани келісім деген менің ұғымымда адамдардың өзара рухани ынтымағын білдіретін дүние. Яғни, жан тыныштығы, жүрек әміріне құлақ асып, тек игі істерге ғана баратын асыл жандардың татулығы дер едім оны.  Бірлік пен береке салтанат құрған елімізде рухани келісімнің сақталуы заңды сияқты.
Дегенмен, мұның ресми мереке ретінде аталып өтілуі біз үшін үлкен қуаныш. Күнделікті өмірде бір жанұяның мүшелеріндей араласып жүргенімізбен, осы ынтымағымызды ұлғайта түсер осындай мейрамдардың маңызы ерекше. Мұндай шұғылалы күнде  айналаңа көз салып, жаныңда жақсы адамдардың жүргенін, солардың шапағаты мен махаббатының сені қуанышқа бөлеп келе жатқанын ұғынып, тәубеңе келесің. Күн сайын жаңарып, жаңғырып жатқан жаһандану қоғамында аталмыш мерекенің ауадай қажеттігін айтпаса да түсінікті. Айналамызда болып жатқан атыс-шабыс, тоқтауы жоқ түсініксіз соғыс, мұның бәрі бізді ойландырмай қоймады.
Міне, дәл осындай сын сағатта Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың барлық ұлттар, діндер мен конфессиялардың басын біріктіріп, бір шаңыраққа жиып отырғанын, сыйластыққа сызат түсіріп алмау қажеттігін күн сайын қайталап жататынының мәнін түсінгендей боласың.
Зеренді ауданы.

Наталья БАЙОРИС, жеке компания менеджері:
− Рухани келісім деген құдды бір менің отбасыма қатысты айтылған сияқты. Себебі, жанұямда мұсылмандар да, католиктер мен православие бағытын ұстанатын христиандар да бар. Сондықтан да, мен үшін бұл мерекенің орны ерекше. Біздің жанұяда діни мерекелердің бәрі айрықша аталып өтіледі.  Өз шаңырағым жайлы айтар болсам, біз әртүрліміз, бірақ, ойымыз, мақсат-мүддеміз бір.
Еліміз де дәл осындай, оны мекен еткен татар, орыс, әзірбайжан, кәрістер, не басқа ұлттар болсын, бөлінуді емес, қашанда бір болуды ойлайды. Бір қуантарлығы, өзгелерге ұлтымызды айтып емес, «Біз, қазақстандықтармыз!» деп мақтанамыз.  Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев мемлекетіміздің басты байлығының дәл осы  тыныштықта екенін айтып отырады. Бүгінгі күрделеніп, тіпті, асқынып кеткен гео-
саяси жағдай бізді осы бірігудің басымызға қонған бақ екенін, сол арқылы берекелі күн кешіп отырғандығымызды жақсы ұғындырғандай. Біздің өзге діндерге деген құрметіміз – өзіміз ықылым заманнан  араласып-құраласып  келе жатқан адамдарға деген құрметіміз.  Жұрт бір-біріне түсіністікпен қарайтын болса, рухани келісім деген сол шығар. Бұл бірліктің бізді тек берекелі өмірге жетелейтіні сөзсіз.
Сауалнаманы дайындаған Перизат БӨЛЕКОВА.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар