Бойында білігі мен ұлағаты

Ұстаз болу – жүректің батырлығы,
Ұстаз болу – сезімнің ақындығы,
Ұстаз болу – мінездің күн шуағы,
Азбайтұғын адамның алтындығы.
Қазақтың көрнекті ақыны Ғафу Қайырбековтың қаламынан туған осы бір жыр жолдары өңіріміздегі өнегелі ұстаздардың бірі – Гүлжамал Ілияшеваға арналғандай. 

Жаңа ғасыр бастауында ақпараттық технологияның қолданысқа енгізілуі ерекше қарқынмен жүргізілуде. Компьютермен жұмыс істеуге басты назар аударылып отыр. Жиырма бірінші ғасыр біздің еліміз үшін  ақпараттық технологиялардың дәуірі болып қалыптасты. Осы тұста есептегіш техника мамандарына деген сұраныс та арта түсуі заңды. 
Біз білікті ұстаздарды мақтамаймыз, олармен әрқашан мақтанамыз. Кез-келген адамға ұстаз болу бақыты бұйырмайтыны анық. Бұл тек жаны жақсылыққа құштар, оқу-білімге ынтызар, жүрегі ізгілік пен махаббатқа толы адамдардың ғана қолынан келетін іс. Бірақ, кез-келген ұстаз бала жүрегінің төріне шыға алмауы да мүмкін. Ал, біздің кейіпкеріміз Гүлжамал Ілияшева жақсы ұстаз ғана емес, студенттердің қамқоршысы, жанашыры, тіпті, екінші анасы деп айтсақ, қателеспейміз. Осы орайда, ұлағатты жанның өткені мен бүгіні жайында аз-кем тоқтала кеткеніміз де жөн шығар.
1964 жылы Қарағанды облысына қарасты Жезқазған қаласында дүниеге келген Гүлжамал Иранқызы жастайынан оқу-білімге, өнерге құштар болып өседі. Сол құштарлық кейін оны Алматыдағы В.И.Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтына жетелеп апарғандай. 1981 жылы мектепті үздік аяқтап, электронды есептегіш машина факультетіне оқуға түседі. Содан Қарағандыда біраз жұмыс істеген соң, 1992 жылы Көкшетау ауыл шаруашылығы институтына инженер-бағдарламашы болып жұмысқа орналасады. Мамандығына деген сүйіспеншілігінің арқасында оның өмір белесі, еңбек жолы сәтті қалыптасады. Евней Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің аспирантурасында оқып,  2001 жылы диссертация жазып, физика-математика ғылымдарының кандидаты атағын алғаны соның бір дәлелі. 
Ол 2001 жылы Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің информатика кафедрасының меңгерушісі болып тағайындалғаннан бері осы білім ордасында кадр даярлауға баса назар аударып келеді. Ол үшін ең алдымен оқу базасының қажетті оқу-әдістемелік құралдармен, заманауи технологиялармен жабдықталуы қамтамасыз етілді.
Бүгінде Гүлжамал Ілияшеваның жұмысты ұйымдастыра білуінің арқасында кафедра білікті де білімді кадрлар даярлап шығаруда. Қазір  бакалавр дәрежесі бойынша 100-ге жуық студент ғылым кандидаттары мен магистрлардан дәріс алуда. Кафедра меңгерушісінің бастамасымен шетелден арнайы мамандар шақырылып, студенттерге дәріс оқиды.
Студенттердің қамқоршысы, ұжымның жанашыры ретінде  Гүлжамал Иранқызының есімі әрқашан зор құрметпен аталады.   Жоғары оқу орнындағы кафедралардың арасында Гүлжамал басқарып отырған кафедра  әрқашан алдыңғы орындардан көрінуде. Ұлағатты ұстаздың өз ісіне деген ынта-ықыласының арқасында оқытушылар мен студенттер биік белестерді бағындыруда. Түрлі облыстық, республикалық, халықаралық сайыстарда топ жарып, жүлделі орындардан көрінген студенттер аз емес. 2009-2012 жылдары еліміздің жоғары оқу орындарының арасында аталмыш білім ордасының информатика кафедрасы топ жарып, үздіктер қатарынан орын алды.
Гүлжамал Иранқызының бұл саланы таңдап алуы да бекерден-бекер емес. Әкесі Иран сал Тасқара елімізге белгілі өнер қайраткері, ал, анасы Рәзия Хасенова  КСРО және Қазақ КСР-і ағарту ісінің үздігі, ұзақ жыл шәкірттеріне математика пәнінен сабақ берген ұлағатты ұстаз. Гүлжамал Ілияшеваның өсіп-өнген ортасы өнерге жақын болғандықтан, өзі де одан құр алақан емес. Бала кезінде арнайы музыка мектебінің фортепиано сыныбын оқып бітірген.
Кісінің кісілігін адамды бір көргеннен-ақ ажыратуға болады. Гүлжамал ұстаздың адамгершілік бейнесі де бізге жақсы әсер қалдырды. Оның жылы жүзді, келбетті,  рухани бай адам екенін бірден аңғардық. Сөзге тартқанымызда қандай мамандық иесі болсын, әуелі адам болып қалыптасуы керек дейді. Тағы бір ескеретін жәйт, білікті маманның айтуынша, адам өмір бойы ізденуден, оқып-тоқудан қалып қоймауы қажет. Білім адамды өрге жетелейді, адам біліммен білігін арттырады. Сондықтан, ұлағатты ұстаз алдағы уақытта ағылшын тілін үйренуді алдына мақсат етіп қойған. Ал, студенттер үшін кафедрада кейбір сабақтар қазірдің өзінде осы тілде өтеді. Өйткені, магистратураға оқуға түсіп, шет елде тәжірибе жинақтайтын шәкірттер үшін ағылшын тілін білу маңызды.
Гүлжамал Иранқызы өзгені сыйлайтын, өзін де сыйлата алатын адал да әділ ұстаз. Әріптестері де оның адами болмысын, білім-білігін жоғары бағалайды.  – Ол білікті маман, шынайы дос, нағыз жанашыр, – дейді  әріптесі Айгүл Саябаева.
Ұстаздан шәкірт озса, бұл да мерей. Осы орайда да, кафедра студенттерінің жетістігі бір төбе. Зәуре Болатова, Елжас Мұқанов, Анар Темірқанова, Қымбат Елтаева сынды шәкірттері ұстаздарының мерейін үстем етіп, сенімдерін ақтап жүр. Тағы бір атап өтерлігі, кафедрада оқыған түлектердің барлығы жұмыспен қамтамасыз етілуде. Өйткені, мұндағы информатика мамандығын алған жастарға жұмыс берушілер тарапынан сұраныс жоғары.
Гүлжамал Ілияшева білікті де білімді басшы ғана емес, сүйріктей қыз тәрбиелеп отырған аяулы ана. «Болашақ» бағдарламасы бойынша Америка Құрама Штаттарында білім алған Әзизасы бүкіл әулет мақтанышы. Қазір одан әрі магистратурада оқуда. Перзентінің жетістігіне қуанбайтын ана жоқ шығар. Гүлжамал Иранқызы да қызының осынау жетістігін мақтан тұтады.
Кезінде Бауыржан Момышұлы «Ұстаздық – ұлы құрмет…» деп айтқан еді. Біздің кейіпкеріміз де бар саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнап, білім саласына белсене атсалысып келеді. Гүлжамал Иранқызының осы жолда алар асуы әлі алда деп ойлаймыз.
Суретті түсіргенТөлеген ҚОСШЫҒҰЛОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар