Ақмола облысы бойынша қаржылық бақылау инспекциясы бюджет қаржысының дұрыс игерілуін қадағалау мақсатында жыл басынан бері 250 бақылау шарасын өткізді.
Соның нәтижесінде 26 миллиард 771 миллион 034,3 мың теңге көлеміндегі қазына қаражатының дұрыс игерілмегендігі анықталды. Қаржылық заң бұзушылық саналатын мұндай жағдай негізінен, ережелер мен шарттарды қадағалау барысында, жергілікті бюджетті әзірлеу, бекіту және нақтылау мен түзетуде, мемлекеттік сатып алуларды ұйымдастыруда жіберілген кемшіліктер салдарынан орын алып отыр. Осы орайда, жыл басынан бері біздің тарапымыздан қабылданған шаралар мақсатты жұмсалмаған қаражаттың 97,3 пайызының қалпына келтірілуіне, бюджетке қайта өтеліп алынуына ықпал еткенін атап өткен жөн.
Жоғарыда аталған заң бұзушылықтарға жол беріп, бюджет қаражатын игеруге салғырт қараған тұлғаларға қатысты материалдар процессуалдық шешім қабылдау үшін құқық қорғау органдарына жіберілді. Жолданған осы тексеріс материалдары бо-йынша 27 лауазымды тұлғаны әкімшілік жауапкершілікке тартып, оларға 2 миллион 537,24 мың теңге көлемінде айыппұл салуға шешім шығарылды. Бақылау шаралары нәтижелеріне нақты мысалдар келтіру арқылы тоқталып өтер болсақ, Атбасар ауданы бойынша жергілікті атқарушы органдарда бюджеттік және мемлекеттік сатып алулар жөніндегі заңнамалардың сақталуына инспекция жүргізген тексеріс барысында 4 480 002,9 мың теңге көлеміндегі қаражаттың дұрыс игерілмегендігі анықталды. Бұл қаржы талабын бұзушылықтар бюджеттік бағдарламалардың ұйымдастырушылары тарапынан кеткендігін айтқан жөн. Шығындарды бекітілген нормативтерден жоғары көрсету, іссапар төлемдері бойынша және жалақы төлеудегі заң бұзушылықтар, қаржылық есептерді жасау ережесін сақтамау аталған аудандағы 13 мекемеде байқалған басты кемшіліктер болып отыр. Сөйтіп, біздің бақылау шараларын жүргізуіміздің арқасында 182,8 мың теңге аудан бюджетіне қайтарылып, 1 миллиард 386 миллион 521,5 мың теңге қаржы бухгалтерлік есеппен сәйкес келтірілді. Қазына қаражатын игеруде олқылықтарға көбіне аудандық құрылыс, сондай-ақ, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімдері жол бергенін айтуға тиіспіз.
Жалпы, алдағы уақытта бюджет қаражатын мақсатты жұмсауға байланысты қадағалау жұмысы одан әрі жандандырылатын болады. Өйткені, бюджет – елдің қаржысы, оның әр тиынын үнемді жұмсау аса маңызды мәселе болып табылады. Қазіргідей экономикалық қиындықтар белең ала бастаған кезде мемлекеттік бағдарламалар аясында әрбір теңгенің орынды жұмсалуы ерекше назарда ұсталуы тиіс. Өйткені, біз ел экономикасын, халықтың әл-ауқатын да осы арқылы көтеріп, жақсартатын боламыз.
Нұрлан БЕКЕНОВ,
Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Қаржылық бақылау комитетінің Ақмола облысы
бойынша қаржылық бақылау инспекциясының басшысы.