Пайда көзіне айналдыруда

2013 жылдың қараша айында Мемлекет басшысы Астананың іргесіндегі 30 шақырымдық аумақта жер бөлуді уақытша тоқтату жөнінде арнайы мораторий жариялаған еді.

Соған қарамастан, осы орайдағы заң бұзушылық Целиноград ауданында әзірше тоқтамай тұр. «Құныққаннан дәніккен жаман» демекші, бұл көлеңкелі істі кәсіпке айналдырғандар Қазақстан Республикасының Жер Кодексінде көрсетілген баптарға, жергілікті билік органдарының түрлі тыйым салған шараларына пысқырып та қарамай отыр. Олай дейтініміз, бір ғана Қоянды ауылында жыл сайынғы сот шешімдеріне қарамастан, 167 жер телімі белгісіз пысықайлардың меншігіне айналған. Оның жалпы аумағы 23,9 гектарды құрап отыр. Ауданда жыл сайын етек жайып, ушығып бара жатқан қылмыстық әрекеттердің басы-қасында белгілі бір адамдар жүр.

Бұл туралы Астанадағы Журналис-тер үйінде өткен баспасөз брифингінде Ақмола облысы әкімінің орынбасары Қадырхан Отаров нақты деректермен ашық ақпар берді. Қазіргі кезде Аякөз Шнайдердің осы тектес сыбайластық әрекеттері тексеріліп, оған қарсы қылмыстық іс қозғалыпты. Аудандық әкімдіктің әзірлеген ақпаратында Қояндының тұрғынына айналған, алыстан қоныс аударған бірнеше ағайындарымыздың аты-жөні де бар. Олардың ісі жер үлесін заңсыз жолмен үлестіргендері үшін құқық бұзушылық санатына жатқызылып отыр. «Ұялмаған бұйырмағанды алады» деген сөз оларды қатты еркінсіткені сонша, іске көзді жұма, белді буа кіріскендері көрініп-ақ тұр.
Вайцеховская деген бәз біреу көлеңкелі ісін орнықты әрі батыл жүргізу үшін жер іздеген аңғал жұртқа өзін «облыс әкімінің жұбайымын» деп таныстырғанға ұқсайды. Заңды құжатты қолдан жасаған сұғанақ сумақайлар осылайша көздеген нәтижелеріне жетіп, қомақты қаржы жинап алыпты.
Баспасөз мәслихаты кезінде журналистер шығарылған сот шешімдеріне, жақын арада салынған үйлердің сырылуына байланысты едәуір өткір сұрақтарды жаудырды. Облыс әкімінің орынбасары  Қадырхан Отаров ашық әңгімеден жалтарған жоқ. Ол қазан айының орта тұсында Қояндыда арнайы заңды шешіммен құлатылған 12 үй, Шұбар ауылындағы 10 баспананың мән-жайы туралы толыққанды мәлімет берді.
БАҚ өкілдері облыстық ішкі істер департаментінің басшысы Жайлаубек Халықұлына, Целиноград ауданының әкімі Малғаждар Тәткеевке де бірнеше сауалдар қойды. Инфрақұрылымы, жолы, суы мен электр қуаты жоқ жерлерге үй салуға рұқсат берілмейтіні әкімдіктердің шешімдерінде нақты көрсетілген.  Жалпы, бір ғана Қоянды елді мекенінде жер алуға ауыл әкімдігіне 6 мыңға жуық адам өтініш берген. Бірақ, заңды белшесінен басқандар, олардың жолын кесіп отыр. Мұндайға жергілікті билік орындары бұдан былай нақты тосқауыл қоюды көздеуде.
Астана.
Суретті түсірген автор.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар