Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Жемқорлық «жалмауыз» құбылыс - АРҚА АЖАРЫ

Жемқорлық «жалмауыз» құбылыс

Газетіміздің өткен санында хабарлағанымыздай, «Нұр Отан» партиясы Ақмола облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі   Сергей Кулагиннің төрағалығымен партия филиалы жанындағы жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңестің, партиялық бақылау комиссиясы мен «Жас Отан» жастар қанатының бірлескен отырысы болып өтті. 

Отырыста алдымен, партиялықтардың ішкі тәртіпті сақтауға қатысты мәселелері айтылды. Алғашқы болып хабарлама жасаған  Атбасар мен Сандықтау  аудандық партия филиалдарының төрағалары, аудан әкімдері,  Андрей Никишов пен Ербол Сағдиев партия мүшелерінің барлық тұрғыдан өзгелерге үлгі болулары керек екендіктерін тілге тиек етті. Бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыс та аз емес.

Қазір аудандарда барлық саладағы партиялық бақылау күшейген. Осылайша, нұротандықтар «Өзіңнен баста!», «Тоқта, қылмыс!» тағы да басқа адам өмірінің әр саласын қамту арқылы қоғамдағы заңсыз әрекеттер мен жемқорлыққа нөлдік төзімділікті қалыптастыруға бел шеше кірісіп кеткен.  Осы тұста, партияны қолы «таза», ісі ашық емес азаматтардан «тазарту» жұмыстарының Сандықтау ауданында қызу жүргізіліп жатқанын айта кетейік.  Жыл басынан бері мұнда 160 мүше партия қатарынан шығарылған. Оның көбі қарапайым ғана партиялық жарналарды төлемегендері үшін осындай  жазаға тартылып отыр. Бір таң қаларлығы, солардың ішінде мүйізі қарағайдай басшылар, яғни, лауазымды тұлғалар да жетерлік. Осы тұрғыда өз ойын ортаға салған облыс әкімі  Сергей Кулагин шамамен 200 теңге ғана болатын партиялық жарнаны төлемей, бұл іске атүсті қарау салдарынан  партия филиалдарының ғимараттарын ұстаудың қиынға түсіп отырғандығын жеткізді. Бұл мәселені оң шешу үшін жарнаны 400-500 теңгеге көтерген де артық болмайды.
Бұдан кейін Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаменті басшысының міндетін атқарушы  Олжас Нышанбаев сөз алып,  адам туғаннан жер қойнына кіргенге дейін берілетін мемлекеттік қызметтердің өңірдегі сапасына жан-жақты тоқталып өтті.  Оның айтуынша, мемлекеттік қызмет көрсетудегі салғырттықтары үшін өңірде 13 лауазымды тұлға жауапқа тартылған. Дегенмен, бұл жалпы жүйені қаралауға себеп бола алмас. Қазір осы істегі адам факторын мүлде алып тастау, яғни, жемқорлыққа жол бермеу бағытында автоматтандырылған жүйелерге көшіп, сол арқылы халыққа жедел әрі сапалы қызмет көрсету ведомствоның басты мақсатына айналып отыр.  Осы мемлекеттік қызмет түрлерінің сапалы деңгейде көрсетілу жайын Еңбекшілдер ауданының әкімі, партияның аудандық филиалының төрағасы Абай Сәдуақасұлы да сөз етті. Оның айтуынша, аймақта бұл бағытта айтарлықтай алға жылжу бар.  Мемлекеттік қызметтің 68 түрін ұсынатын аудан  жыл басынан бері  5920 азаматқа өз қызметін  көрсетіпті. Соңғы уақытта мерзімінен кешігу мен сапасыз қызмет көрсету фактілерінің әжептеуір азайғандығын сол жүргізілген қажырлы жұмыстың нәтижесіне де баласақ болады.
Шенеуніктерден бастап қарапайым маманға дейінгі мемлекеттік қызметшілердің жемқорлықтан ада болуы маңызды. Бұл партиялық доктринаның басты бағыттарының бірі. Осы тұрғыда білім саласында атқарылып жатқан істер жайын баяндаған облыстық білім басқармасының басшысы Балым Ізбасарова  жыл басынан бері басқармаға түрлі мәселелер бойынша 444 өтінімнің түскенін айтты. Жеке қабылдаулар жүргізіп, педагогтарға қатысты түскен шағымдарды май шаммен қарап жатқанымен, содан сабақ алуды жөн санамаған қызметкерлер де жоқ емес. Биыл сондай жеті адам тәртіптік жауапкершілікке тартылды, оның екеуінің жұмыстан шығарылғаны тағы бар. Жиынға қатысқандар ең адал мұғалім мамандығының, жалпы, облыстағы ағарту саласының мұндай былықтан қашан арылатындығын басқарма басшысынан бүкпесіз сұрады. 
Мектеп пен балабақшаны жайлаған жемқорлық биліктің негізгі құрылымдарына өршіп еніп барады. Тынымсыз күреске қарамастан, әсіресе, мемлекеттік сатып алулардан жеке пайдасын көздеп қалғысы келетіндер жетіп, артылады. Ақмола облысы бойынша қаржылық бақылау инспекциясының басшысы  Нұрлан Бекенов  2012-2014 жылдар аралығында 30 миллиард 934,5 миллон теңгенің осы бағытта ысырап болғанын алға тартты. Бұл көрсеткіштің төмендер түрі байқалмайды. Керісінше, барынша етек жайып келеді.  Облыстық тексеру комиссиясының төрағасы
Мереке Мұстафин де әріптесінің сөзін жоққа шығармады.  Оның айтуынша, тексерістер нәтижесінде өңірде 270 мемлекеттік қызметші тәртіптік жауапкершілікке тартылған.
Бұдан кейін сөз алған Бурабай, Зеренді аудандық партия филиалдарының төрағалары, аудан әкімдері Төлеген Тәшмағамбетов пен Қанат Әлібеков «жемқорлық» деп аталатын қатерлі кеселге қарсы іс-қимылдың жүйелі түрде жүргізіле беретіндігін жеткізді.  Жиын барысында облыстық партия филиалының төрағасы Сергей
Кулагин «Нұр Отанның» әлі жас партия екендігін, соған қарамастан, біраз жетістікке жеткенін атап өтті. Отырыс қорытындысы бойынша қаулылар қабылданып, билеуші партия өкілдері қай істе болмасын, өзгелерге үлгі болуға тырысатындықтарын айтып тарқасты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар