Кеше облыс әкімі Сергей Кулагин Зеренді ауданының аумағында орналасқан Шағалалы станциясында 90 орындық жаңа мектептің ашылу салтанатына қатысып, құттықтау сөз сөйлеп, елімізде білім саласына баса көңіл бөлініп отырғандығын, соның айқын бір дәлелі осы жаңа білім ордасы екендігін атап көрсетті.
Бұған дейін Көкшетау қаласының іргесінде орналасқан Шағалалы станциясында тұратын 5-11 сыныптың оқушылары арнайы автобуспен екі мезгіл облыс орталығындағы №17 орта мектепке тасымалданып, сонда оқыды. Әрине, бұл жағдай әсіресе, қыс айларында көп қиындық тудыратын.
Мектептің ашылу салтанатына станция тұрғындары түгел жиналды десе болады. Алдымен, өңір басшысы тұрғындардың хал-жағдайларын сұрастырды. 128 түтіні бар станциядағы адамдардың көпшілігі ұн тарту және асфальт-бетон зауыттарында, мұнай базасы мен темір жол станциясында жұмыс істейтін көрінеді. Жергілікті тұрғындар Сайран Омарова, Айгүл Иманқұлова өз сөздерінде балалары мен немерелерінің енді станцияның өзінде оқитынына қуаныштарын білдіріп, алғыстарын жеткізді.
Облыс басшысы өз сөзінде мектепті салған бас мердігердің жұмысына оң баға берді. Мектеп директоры Нариман Малғаждарұлына мектептің кілті мен музыкалық орталықты табыс етті, үлкендермен бірге білім ордасының лентасын қиды.
Содан кейін мектептің бөлмелері мен спорт залын аралап көрді. Еңбек пәнінің мұғалімі Мырзахан Баялиннің айтуынша, пән кабинетіне он шақты ағаш және темір өңдейтін станок сатып алыныпты. Қыздар еңбек пәнінде киім пішіп, іс тігетін болады. Бастауыш сыныптың мұғалімі Айман Төлебаева білім саласында 30 жыл еңбек еткен екен. Оның айтуынша, мұнда сексеннен аса оқушы екі ауысыммен оқымақшы. Мұғалімдердің көбі Көкшетау қаласынан келіп жұмыс істейді. Мәселен, бастауыш сыныптың мұғалімі Салтанат Жанғожина көршілес Солтүстік Қазақстан облысы Ғабит Мүсірепов ауданының Мұқыр ауылынан келіпті. Мектептің бөлмелері мен спорт залы жарық әрі кең.
Одан әрі облыс басшысы осы станцияда орналасқан «КazGrain-Trade» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің астық қабылдайтын кәсіпорнына ат басын тіреді. Кәсіпорынның 12 мың тонна астық қабылдауға мүмкіндігі бар болса да, бүгінгі таңда 4-ақ мың тонна астық қабылдаған көрінеді. Бұл бір жағынан, қызмет көрсету бағасының қымбаттығынан болып отыр. Кәсіпорынға төмендетілген бағамен 80 тонна жанар-жағар май бөлінген көрінеді. Олай болса облыс әкімі де баса атап көрсеткеніндей, астық қабылдау жұмысын жандандырмай болмайды.
Суреттерді түсірген
Төлеген ҚОСШЫҒҰЛОВ.