Мағжан Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында өткізілген белді еңбек әулеттерінің жастармен кездесуінде адал еңбектің қадір-қасиеті, қоғамымызды дамытуда алатын ерекше орны туралы кеңінен әңгіме қозғалды.
Облыстық соғыс және еңбек ардагерлері кеңесі мен «Нұр Отан» партиясының «Жас Отан» жастар қанаты бірлесіп ұйымдастырған аталмыш шарада жастарды еңбекке баулу мәселесі сөз болды. «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай − 20 қадам» деп аталған Елбасының бағдарламалық мақаласында да осы жайға жіті мән берілген еді. Мамандықтың бәрі жақсы дегенмен, қазір еліміз жұмысшы тап өкілдері мен ауылды өркендету жолында аянбай еңбек етер мамандардың тапшылығын айқын сезініп отыр. Осы мәселелер жөнінде жиында облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Чапай Әбутәліпов кеңінен ой қозғады.
Оның айтуынша, бүгінде аймақта ардагерлерге жан-жақты көмек-қолдау көрсетуге арналған арнайы айлық өтуде. Айлық аясында 103 мың зейнеткердің барлығын жарылқап тастау мүмкін емес болар, әйтсе де, оларға мүмкіндігінше көңіл аударуға бағытталған шаралар іске асырылуда. Жуырда ардагерлер арасында облыстық көркемөнерпаздар байқауының гала-концертін ұйымдастыру да жоспарланып отыр.
Кездесу барысында сөз алған диқаншылар әулетінің отағасы, Социалистік Еңбек Ері Сартай Жұмағалиев (суретте) өзінің өмір жолынан сыр шертті. Он бір жасынан еңбекке араласқан ол 39 жыл бойы ауыл өмірін өркендетуге атсалысты.
Қарт механизатор атқан таңмен таласып жайқалып тұрған алқапқа шығудың өзінің адам жанына теңдессіз ләззат сыйлайтынын айтады. Қара жұмыстан жасқанбаған атамыз «Жаман инженер болғанша, жақсы етікші бол», − деген ұстанымнан жаңылмаған адам. Ол аспандағы Айға ұмтылмай, нақты қолдарынан келетін тірлікке бет бұрса ғана сол істен нәтиже шығатынын еске салды кейінгі буынға. Сартай атаның ұлдары да бүгін осы салада еңбек етіп жүр.
Осы орайда, Көкшетау қаласының «Құрметті азаматы», теміржолшылардың облыстық ардагерлер ұйымының төрағасы Владимир Луганскийді білмейтін адам аз өңірімізде. Өз өмірінің 66 жылын осы салаға арнаған «Құрметті теміржолшы» ес білгелі тек ары-бері ағылған от арбаның үнімен тыныстаған. Содан болар, оның санасын қандай мамандыққа барып, қай кәсіпті игеру жөніндегі ойлар да торламаған екен. Ата-анасы мен жақын-жуығының бәрі осы салада болған соң, соларға қарап, Владимир теміржолшы болады. Қарттың ізінен ерген ұрпағы да осы кәсіпті қалап алыпты.
Ақмола облысының төтенше жағдайлар органдары ардагерлер кеңесінің төрағасы, өңірдің өртке қарсы қызметінің бұрынғы басшысы Сапарғали Асылбековтың ұлдары Мұрат пен Жанат та әке жолын қуған. Алдынғысы – өртке қарсы қызмет полковнигі, кейінгісі подполковник шенінде. Әулет үлкені мұндай деңгейге оңайлықпен жетпеген көрінеді. Он екі жасында әкесінен айырылып, бірден колхоз жұмысына араласып кеткен. Кейін арнайы жолдамамен оқып, төтенше жағдайлар саласына келген. Әлемдегі ең шарапатты мамандықтар санатындағы құтқарушы бола жүріп, Сапарғали атаның өрт сөндіру кезінде бастан қатты жарақат алған кезі де болыпты. Соған қарамастан, өз өмірін бәйгеге тігер мамандыққа перзенттерін де баулыған жанның тағылымды ғұмыры расында да үлгі алуға тұрарлықтай.
Педагогтардың ішінен Темірбаевтарды білмейтіндер кемде-кем болар өңірде. Кездесуге келген сала ардагері Күләш Темірбаева әкесі Қазжан Әбдірахманұлы бастаған сара жолды жалғағанын айтады. Оның бауырлары Тамара, Жеңіс, Роза да осы жолда. Әкесінің ізгі ісін жалғастырған Майя Жеңісқызы да бүгін білім беру саласында еңбек етіп жүр. Жалпы алғанда, аталған әулет оқу-ағарту саласына 200 жылдай тер төгіп келеді. Кездесуге жиналған басқа да еңбегімен еңселі әулет мүшелері жас-тарды қызықтырған сауалдарға жауап беріп, өз тәжірибелерімен бөлісті. Шара соңында оларға естелік сыйлықтар табыс етілді.
Перизат ӘБІЛҚАСЫМҚЫЗЫ.