Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Талабы таудай Сәменбет - АРҚА АЖАРЫ

Талабы таудай Сәменбет

Шағын қаламызда өткізілген соңғы ауыл шаруашылығы жәрмеңкесінде мал өнімдерімен сауда жасаушылардың ішінен бір жерлесіміз көзге көп түсе қоймайтын ешкі етімен, тіпті, жарты литрлік пластмассалық құтыларға  құйылған ешкі сүтімен елді ерекше елең еткізді.

Құтының жапсырма қағазынан Ерейменнің өнімі екені көрініп тұр. Осыны біліп алған біздер де бұл күнде таңсық болып кеткен осы өнімді өндірушілерге жол тарттық.

Ықыласпен қарсы алған жылы жүзді, аққұба келіншек жеке ауласында ешкі саууды кәсіп ететінін, құтыға құйылған оның өнімін саудаға алғаш рет алып шыққандарын тілге тиек етті. Әйел затына лайық ізетпен сөзін сабақтаған кейіпкерім мені жатсынбай, өздерінің отбасы жайында қысқаша сыр шертті.
Отағасы Жанұзақ әке-шешесімен, келіншегімен 1992 жылы Моңғолияның Баян-Өлгей аймағынан қазіргі Күншалған ауылына келіп қоныстанған екен. Әкесі бертін дүние салыпты. Қарт анасы қазір қолында тұрады. Бастапқыда мал баққан. Сол жылы атамекенде өмірге келген тұңғыш ұлдары Қонысбек бүгінде аудандық орталықтандырылған аурухананың жансақтау бөлімшесінде орта буын медицина қызметкері болып істейді екен. Кенже ұлдары Еламан №8 агротехникалық колледжінде оқиды, болашақ құрылысшы. Әкелері Жанұзақтың өзі «Бұйратау» ұлттық табиғи паркінде  аңшы-биолог.
Ендігі мәліметті ортаншы ұлдары Сәменбеттің өзінен алуымызға тура келді.  «Жылқы кісінескенше, адам сөйлескенше» дегендей, өзіміз жолыққан Астана гуманитарлық колледжінің түлегі, суретші-көркемдеуші мамандығын меңгерген бозбала қазіргі кәсібі жайында кеңінен сыр шертті. Әңгімеміз қой-ешкі емін-еркін жайылып жүрген Ерейменнің Степной орман шаруашылығы аумағындағы табиғаты көркем Ақсораң  шоқысының баурайында өрбіді.
–Анамның ешкі сауынын қолға алғанына бір айға жуықтап қалды. 25 бас мал күніне екі мезгіл – таңертең және кешке сауылады. Бұл түліктің бір ерекшелігі, бап талғамайды. Сүті де құнарлы, еті де ағзаға жеңіл сіңеді. Мал шаруашылығын кәсіп еткен ата-бабамыз осының бәрін бағзы заманнан жақсы білген. Күнделікті сауылған сүтті құтыларға құйып, аптасына екі рет Ерейментаудан автобус-
пен Астанаға жеткізіп тұрамыз. Бізбен оны сатып алуға келіскен делдалдар терможәшікке салып,  сауда орындарына түсіріп отырады, – дейді Сәменбет.
Күзге таман шөптің жұғымы кеміп, сауын малының суала бастайтыны табиғи заңдылық. Сол себепті, қолға алған ісін қожыратпай, жыл он екі ай жалғастыру үшін сүтті ешкілер сатып алу ойда бар.  Сұрастырып білгенде, көршілес Целиноград ауданының Софиевка ауылында сатылатын бір ешкінің бағасы 100 мың теңге екен. Ал асыл тұқымды бір қошқардың құны Атбасар ауданында 30 мың теңге тұратын көрінеді. Нарық заманында бұл бағаға таңдануға  болмайды. Дегенмен, дәл қазір осыған тәуекел етуге қаржы тапшылығы қолды байлап тұр.
Кейіпкеріміздің талпынысы түсінікті. Өйткені, келешекте ешкі сүтін түбегейлі іс қылып, одан айран, ірімшік, құрт әзірлеуді, тері илеуді, қойдың жүнін кәдеге жаратып, киіз басуды мақсат етіп отыр. Етін диеталық жеңіл тағам ретінде сатсам дейді. Жазда анасының көмегімен ұзындығы он метр киіз басқан екен, ешкі терісін де илеп көріпті. Бастапқы нәтижесі жаман емес. «Тек алушы табылмай тұр. Иленген мал терісінен жеңіл көлікке лайықтап орындық қап, сырт киім, үй тәпішкесін тіксек, қамшы, жүген өріп, жүнді де игілікке пайдалансақ ата кәсібіміз жаңғырар еді», – деп өз ойын ортаға салады талапты жігіт.
Иә, бұл сөздің жаны бар. Халқымыз «талаптыға нұр жауар» деген емес пе. Егер өз кәсібін дамытқысы келетін жас жігітке жергілікті  билік орындары көмек-қолдау көрсетіп, шағын цех ашуына жеңілдікпен несие бөлсе, Сәменбеттің бұл ұмтылысынан нәтиже шығар еді.  Алдымызда «ЭКСПО-2017» көрмесі де келе жатыр. Оған да кәсіпкерлік саласында осындай өзіміздің ұлттық өнімдерімізбен  қадам басу  бәрімізді де ойландыруы тиіс.
Н.МҰРАТБЕКҰЛЫ.

Ерейментау ауданы.

Суреттерде: Сәменбет Жанұзақ және оның өнімдері.
Суреттерді түсірген автор.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар