Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Қайырымдылықтан шет қалмады - АРҚА АЖАРЫ

Қайырымдылықтан шет қалмады

Құрбан айт кезінде Төңкеріс мешітінің имамы Бекболат қажы Хасенұлы жергілікті мектепке арнайы  сый-жоралғысын  жасады. Ұлық мейрамда әрбір ізгі ниетті жан игілікті іс атқаруға тырысатыны анық. Өңірімізде жыл өткен сайын әртүрлі қайырымдылық шараларына көп көңіл бөлінуде. Мұны жақсылықтың нышаны деп бағалауымыз керек.

Биылғы Құрбан айт қалада да, ауылда да барынша жақсы аталып өтті. Жетім мен жесірлерге, жалпы, дәрменсіз күй кешкен жандарға көңіл бөлгендер қатары өскенін осы жолы байқау қиын болған жоқ. Барымен бөліскен жастар қатары көбейгені көпшілікті ризашылыққа бөледі. Базар басында мал сойып, оны қолма-қол үлестіріп жатқан жігіттер қарасы өте көп болды. Ауылдағы мешіт қызметкерлері де олардан қалыс қалған жоқ. Соның бір айқын дәлелін біз Төңкерістегі мешіттің имамы Бекболат қажының ұйымдастыра білу қабілетінен, елмен сөйлесе алатын жайдары мінез-құлқынан да аңғардық.

Әрбір діни шараға үлкен дайындықпен келетін бұл азамат осы күні де имандылық жолындағы қонақ кәдесінен жаңылмады. Айтқанына құлақ түретін, айналасына шынайы көңілмен жиналатын ауылдың үлкендері оның әрбір ісін игілікке санап, санаға жағымды сөздеріне үлкен де болса құлақ аса біледі.
Құрбан айт қарсаңында Төңкеріс мешітіне қол ұшын бергендер қатары аз болған жоқ. Оны имамның жеке басының қадір-қасиеті деп те бағалаған жөн шығар. Бір айта кететін ерекше қағида, Бекболат қажы ауыл жұртын ұлтқа, ұлысқа бөлмейді. Жағдайы әлсіз жанұялардың бәріне көмек қолын созуды үйреншікті іске айналдырған. Мұны бұрындары өткізген шаралардан да көргеніміз бар. «Мектепке жол» акциясы кезінде ол осы бастаманы алғашқы қолдағандардың алдыңғы қатарында жүрді. Құрбандық шалғанда ауылдың тұрғындары Н.Лепинская, Л.Ларионов,
В.Никитюк, И.Безродный, тағы көптеген адамдарға сойылған мал еттерімен көмегін көрсетті. Жалпы, Төңкерісте көпшілік іске ауыл тұрғындары жаппай атсалысуды ортақ парызға санайды. Басшыдан бастап қарапайым жұмысшыларға дейін көмек беру – игі дәстүрге айналған.
Құрбан айт кезінде Бекболат қажы бастаған ауыл үлкендері мектеп ұстаздары мен оқушыларына арнайы ас беріп, шәкірттерге қажетті көптеген құрал-жабдықтарды сыйға тартты. Төңкеріс мектебінің ұжымы волейболдан өткен жарыстарда үнемі топ жарумен келеді. Сондықтан, спортты жанындай сүйетін жастарға бұл жолы жаңа волейбол доптары табыс етілді (суретте). Сыйлықтардың ішінде дәптер, қалам мен қарындаш, тағы басқа көптеген оқу құралдары болғанын айта кету орынды болар.
Ауыл әкімі Совет Жұмабаев жастарға аға буын атынан ізгі тілегін айтып, оқуда, өнер мен спортта озат атануларын, белең алған қоғамдық жат қылықтардан аулақ болуларын ескертті. Сөз сөйлеген ақсақалдар өнегелі сөздерін жеткізіп, ауыл жастарына шын жүректен баталарын берді.

Жанат ТҮГЕЛБАЕВ.
Суретті түсірген автор.
Целиноград ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар