Жылу есептегіш құралдары тұрғындар үшін тиімді

Бүгінгі таңда көп қабатты тұрғын үйлерде орнатылған жылу есептегіш құралдарының жылу ақысын үнемдеуде пайдасы мол екенін өмір өзі көрсетіп отыр. Осы орайда, біздің тілшіміз  «Қазақстан тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын модернизациялау және дамыту орталығы» акционерлік қоғамы филиалының директоры  С.Қ.Айтуғановқа жолығып, әңгімелескен еді.

 

–Сұңғат Қапарұлы, қысқы жылу беру маусымы басталғалы құлағымыз шалып қалатынындай, облыс орталығының кейбір тұрғындары пәтерлерінің салқындығын не тым жылылығын биыл үйлеріне ортақ есептегіш құралының орнатылуымен байланыстыратын көрінеді. Алдымен,   осы мәселенің анық-қанығын ажыратып берсеңіз?
–Мұндайда мынаған баса назар аударған жөн. Дұрыс орнатылған есептегіш  құралдары  жылу энергиясының  берілу сапасына ешқандай әсер ете алмайды, жылу беру мөлшерін азайтпайды, не көбейтпейді. Есептегіш құрал мұндай міндеттерді орындамайды.   Тұтынушылардың  үйлеріндегі жылу беретін жүйеге әсер етпейді және жылу энергиясын пайдалануда қандайда бір қолайсыздықтың пайда болуына себеп бола алмайды. Осы орайда, жылу торабында ақаудың орын алып, жылу жүйесі дұрыс ретке келтірілмеген деген ойдамын. Сол себепті, әлгі үйлер жылуды толық  көлемде ала алмай отыр.  Жалпы, пәтерлерде жылу беруді реттеп отыратын есептегіш құралдарын дұрыс орнатқан жағдайда,  тұтынушы бұдан ұтпаса, ұтылмайды. Бұл автоматты жүйе сыртта ауа-райы жылы болса, жылу аз берілген жағдайда ақшаны да аз тартады. Өйткені, есептегіш құрал тұрса, тұтыну көлемі аз болған жағдайда төлем де соған сәйкес болатыны сөзсіз.   
–Егер үйде автоматтандырылған жылу  қондырғысы орнатылмаған болса, жылу беруді реттеу мүмкін бе? Әрі  онымен кім айналысуы керек?
–Ретке келтіруге болады, алайда, үнемі қолдан келе бермейді.  Бұл ретте,  мен жылу беруді сапалы және сандық түрде реттеудің мүмкіндіктерінің  бар екендігіне тоқталғым келеді. Алайда, мұның барлығы  біздің жылу беретін көздерге тәуелді. Сондағы мамандар арнаулы үйлерге қаншалықты жылу көлемі қажеттігін жүйелеп отырады.    Егер жылу есептегіш  орнатылмаған болса, онда жылу берілетін соплоны  дұрыс қадағалап, қалыпты температураны ұстап тұру қажет. Жылу тораптарын пайдалану белгілі бір тұрғын  үйдің    жекеменшігі болып саналатындықтан,  бұған  кондоминиум нысаны ретінде басқарма органы жауап береді.  Көп жағдайда бұл  пәтер иелері кооперативі немесе компаниялар  басқармасы.  Өкінішке орай, пәтер иелері кооперативінің  бұл шаруаны талапқа сай атқаруға мүмкіндіктері шамалы.  Сондықтан, пәтер иелері кооперативі осы жылу пункттеріне қызмет көрсету жөніндегі  келісім-шарттарға отыруы  тиіс. Жылу пункті автоматтандырылған ба, әлде жоқ па, соған қарамастан, тұтынушылар мүддесі үшін ұзақ уақыт сенімді және сапалы сервистік қызмет жасау қажет болады.    
– Көппәтерлі тұрғын үйлерде жылу энергиясы  есептегіш құралын орнату мәселесі тұрғысында тұрғындар арасында екі түрлі пікір қалыптасқан.  Біреулері  оны  орнатуды жақтаса, енді біреулері аспаптың қымбат тұратындығын алға тартады. Бұл жөнінде не  айтар едіңіз?
–Құралдың қымбаттылығы бойынша айтар болсақ,  көппәтерлі тұрғын үйлер 2,5 мың  шаршы метр алаңды алып жатса, оны сатып алуға   жұмсалған қаржы  бір жылу беру маусымында өзін-өзі ақтайды. Құралдарды тексерістен өткізу 3 жыл аралығында жүзеге асырылады. 2011- 2020 жылдарға  арналған  тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасы аясында  жөндеу жұмыстары  жүргізілген үйлердің тұрғындары құралдарды орнатқан  соң біршама  қаржы үнемдеуге қол жеткізгендерін сезініп отыр.  
–Бүгінгі таңда облыстың аудандары мен қалалары осындай есептегіш құралдармен қаншалықты деңгейде жабдықталған?
– Бізде мұндай дерек жоқ емес, бар. Облыс аудандары мен қалалары бойынша жағдайды қадағалап отырамыз. Сонымен қатар, бұл мәселеге  мониторинг жүргізумен ДАРЕМ және облыстық  энергетика басқармасы айналысады.  Қазіргі кезде  тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының даму қоры арқылы республикалық бюджет  қаржысы есебінен қайтарымды негізде есептегіш құрал-жабдықтарымен жарақтандыру жөнінде   бағдарлама әзірленген. Есеп құралдары үшін заңға сәйкес тұтынушы төлейді. Облыс бойынша есеп құралдарымен жабдықталу көрсеткіші орта есеппен 24,4 пайызды құрайды.  Көкшетау қаласында бұл көрсеткіш 11,4 пайыз.
– Сіз еліміздің  жылу  есептегіш аспаптармен жүз  пайыз қамтамасыз етілуіне не  кедергі болып отыр деп санайсыз?
– Көппәтерлі  тұрғын үйлерде   кез-келген шараларды жүргізу үшін тұрғындардың өздері  бұған да-йын болулары қажет. Жөндеу жұмыстарын  жүргізу, айталық, насос, темір есік қою, домофонды ауыстыру ең алдымен,  тұрғындар үшін қажетті игіліктер екені естен шықпауы тиіс. Пәтер иелері үшін есептегіш аспабын орнатпай сол жылуға көп төлеген тиімді ме, жоқ, әлде орнатып, аз төлеген тиімді ме? Мұны әркім өзі-ақ біле жатар. Есептегіш аспап  бәрін өз орнына қояды, ең бірінші кезекте ол тұтынушы  мүддесін қорғайды. Барлық тұрғындар осыны түсінулері қажет.
Сондай-ақ, жөндеу жұмыстарын жүргізу,  терможаңғырту және жаңғырту   бойынша алда тұрған міндеттерді шешуге халықты жұмылдыру үшін  әрбір үйде басқарушы компания, пәтер иелері кооперативі болуы керек. Есептегіш аспапты орнатуда оның  экономикалық тиімділігінің маңызы  өте зор.  Бұл  ынталандыру  қазіргі кезде заңнамалық деңгейде бекітілген. 
– Есептегіш аспаптар  100 пайыз орнатылған соң жылу   тарифы өседі деген сөздерді де естіп жатамыз. 
– Олай болуы мүмкін. Бәрі жылда өсіп жатқан жылу тасымалдағыштарының құнына байланысты. Тарифтің электр  энергиясы, мазут, көмір және басқа да шығындардан  қалыптасатыны белгілі.
– Әңгімеңізге рахмет.
Сұхбатты жүргізген Бостангүл ЕРМАНОВА.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар