Ауыл шаруашылығы кооперациясы: аяқ алысы қалай болады?!.

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісіндегі «Халықтық коммунистер» фракциясының депутаттары  Владислав Косарев,  Тұрсынбек Өмірзақов, Түлеш Кенжин,  Борис Сорокин, Жексенбай Дүйсебаев облысымыздың Сандықтау ауданының бірқатар елді мекендерінде болып, халыққа «Ауыл шаруашылығы кооперациясы туралы» Заң жобасын таныстырды.

Халық қалаулылары алдымен, Сандықтау ауылының мәдениет үйіне жиналған жұртшылықпен тілдесіп, олардың аталған кооперацияларды құруға қатысты пікірлеріне құлақ асты. Осы тұста көпшіліктің алдында сөз алған Мәжілістегі Халықара-лық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі
Владислав Косарев тұтастай ел тұрғындарын аса қажетті деген азық-түлікпен қамтамасыз етіп отырған ауылдың, ондағы еңбеккер халықтың тұрмысын жақсарту бағытында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан – 2050» ұзақмерзімді даму cтратегиясы негізінде Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамын құру мақсатында осы заң жобасының әзірленгенін ерекше атап өтті.
Ал, төменгі палатаның Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Тұрсынбек Өмірзақов соңғы жылдары елімізде ауыл шаруашылығы саласындағы ірі құрылымдардың айтарлықтай қысқарғанына тоқталды. Керісінше, шағын шаруа қожалықтар саны 8 есеге артқан екен. Ұсақ шаруашылықтар көбейгенімен, нарықтың қатал заңына шыдас бермей, құлдырап кетуде. Бұл өз кезегінде кезінде өзіміз тонналап экспорттаған сүт пен еттің өзін шетелден импорттауымызға әкеліп соқтырып отыр.
Аграрлық саладағы мүмкіндігіміз өзге мемлекеттерден әлдеқайда жоғары болғанымен, бытыраңқы шаруашылықтар сол әлеуетті ел экономикасына пайдалы етіп қолдануға мүмкіндік берер емес. Салыстырмалы түрде алар болсақ, кооперативтерге біріккен жеке шаруа қожалықтары мен фермерлік шаруашылықтар көрсеткіші Америка Құрама Штаттары мен Франция,
Испания, Нидерланды сияқты Еуропа елдерінде 100-140 пайыз аралығында болса, бізде тек 1,5 пайызды құрайтын көрінеді. Содан да болар, бәсекелестікке төтеп бере алмай, көптеген құрылымдар тарап жатыр.
Осы орайда, сөз алған Мәжілістің Аграрлық мәселелер комитетінің мүшесі Жексенбай Дүйсебаев бұл заңнын қарапайым халыққа не беретіндігін тәптіштеп түсіндірді. Оның айтуынша, қазір елімізде аграрлық кооперация қызметі «Тұтыну кооперативі туралы», «Өндірістік кооператив туралы», «Селолық тұтыну кооперациясы туралы», «Ауыл шаруашылығы серіктестіктері және олардың қауымдастықтары туралы», «Су пайдаланушылардың селолық тұтыну кооперативі туралы» Қазақстан Республикасының бес бірдей заңымен реттеледі. Ал, «Ауыл шаруашылығы кооперациясы туралы» заң аясында осы құқықтық нормаларды бір ортаға шоғырландыру көзделуде. Бұл заңды және жеке тұлғалардың өзара ықпалдастығын жеделдетуге мүмкіндік береді деп күтіліп отыр. Аталған құжатта пайданы теңдей бөлу, кооперативтердегі ашықтықты арнайы тексеру одақтарының қадағалау мәселелері, сондай-ақ, оларға салықтық жеңілдіктер енгізу жайы қарастырылған. Сонымен қатар, кооператив мүшелерінің өз табыстарын еселеу бағытында ірі жобаларды қолға алып, материалдық-техникалық базаларын ұдайы жетілдіруге мүмкіншіліктері молаятын болады.
Біздің аймақ бірігу ісіне бірден кірісіп кеткен сыңайлы. Аудан әкімі Ербол Сағдиевтың айтуынша, бүгінде өңірде 14 ауылдық тұтыну кооперативі құрылған. Сол арқылы аталған кооператив мүшелері биылдың өзінде мемлекеттен 64 миллион теңге көлемінде субсидия алды. Аталған кооперативтер мал шаруашылығын дамыту бағытында болса, енді егін шаруашылығы саласында да бағыты бір тұлғаларды біріктіру, оларға іріленудің игілігін жеткізу көзделуде.
Халық қалаулыларының аталған заң жобасы жайлы ойларын тыңдаған ауыл тұрғындары оларға өздерін мазалайтын сауалдарды қойып, тұщымды жауап ала алды. Сандықтаулықтар көтерген мәселенің негізгісі – мал басын көбейтуге кедергі жасап отырған жайылымның жайы болды. Осы мақсатқа бөлінген тар алқап қарапайым ауылдықтардың көңілінен шықпай отыр. Себебі, әлі күнге дейін жердің көбі ірі серіктестіктер еншісінде қалып отыр. Ал, қалған тұрғындардың мал жаяр жері қағаз түрінде әжептәуір болып көрсетілгенімен, ол тұтас емес, шашыраңқы орналасқан. Яғни, бір кішкентай бөлігі орманның ішінде болса, екінші бөлігі басқа бір тұста. Мәселені мұқият тыңдаған парламентшілер жайылымдық жер жөнінде арнайы заң жобасының әзірленіп жатқанын айтты.
Бұдан кейін депутаттар Жамбыл ауылдық округінің «Приозерный» ауылында болып, ондағы ауыл шаруашылығы саласындағы жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер, жеке шаруа қожалықтары және осындағы ауылдық тұтыну кооперативінің өкілдерімен кездесті. Айтылған құжат жайлы толыққанды мағлұмат алған фермерлер әсіресе, заңды тұлғалардың кооперативке бірігуінің құқықтық мәселелерін көп сұрады.
«Ауыл шаруашылығы кооперациясы туралы» заң жобасы бұдан әрі аудандық мәдениет үйінде «Агробизнес – 2020» бағдарламасының іске асырылу барысына қатысты ұйымдастырылған «Кооперация – мал шаруашылығын дамыту жолы» атты семинар-кеңесте жан-жақты талқыланды. Облыстық ішкі саясат басқармасының қолдауымен өткізілген бұл жиынға Қазақстан халықтық коммунистер партиясы мен басқа да саяси партиялардың, Ауыл шаруашылығы министрлігінің және фермерлік қожалықтардың өкілдері мен аудан тұрғындары қатысты. Жиында сөз алған «Еуразиялық интеграция институты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Жанаргүл Қосманғалиева осы кооперативтер құру мәселесіне қатысты халық арасында жүргізілген сауалнама нәтижелеріне тоқталды. Оған еліміздің 14 облысының 800 тұрғыны қатысқан көрінеді. «Сіздің кооперативтерге бірігуіңізге не кедергі?» деген сауалға сұралғандардың көбі қазіргі құрылымдар жұмысында ашықтықтың жоқтығын, содан ондағы табыстың әділетсіз бөлінетінін, мемлекет тарапынан қолдаудың аздығын атап көрсеткен. Сауалнамаға қатысқандардың 25 пайызы осы жағдай өзгерер болса, бірігуге қарсы еместігін, ал, 3,5 пайызы қазірдің өзінде дайын екен-діктерін айтқан. Жалпы, кооперативтер туралы жұртшылық пікірін жан-жақты зерделеген ұйым басқалармен қосылуға деген қорқыныш құқықтық сауаттылықтың аздығынан
туындады деп топшылап отыр.
Жаңа заң жобасында халықтың бұл күдігін сейілтуге бағытталған нақты шаралар қарастырылған. Семинар барысында сөз алған Ауыл шаруашылығы министрлігі Стратегиялық жоспарлау және талдау департаменті стратегиялық жоспарлау басқармасының бас сарапшысы Динара Ғабдуллина осы мәселеге кеңінен тоқталды. Оның айтуынша, бұл бағытта арнайы тексеріс одақтары немесе қауымдастықтары құрылып, олар жыл сайын кооперативтерге міндетті тексерістер жүргізетін болады. Ал, оған кеткен шығын мемлекетесебінен субсидияланады. Яғни, кооперативтер жұмысында көлеңкелі әрекеттерге жол берілмейді деген сөз.
Шарада тұрғындар тарапынан аталған заң жобасына қатысты бірқатар нақты ұсыныстар айтылды. Парламент депутаттарының айтуынша, ол пікірлер құжатты талқылау барысында да назарға алынатын болады.

Сандықтау ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар