Қазақ – биімен бірге жасаған халық

Туғалы жүген, құрық тимеген шу асау шиыршық ата бұлқынған. Құшақ толы жалы, қамыстай шаншылған қос құлағы әлдебір дауылдың екпінімен бұлғақтайтындай. Қоладан құйған мінсіз мүсіндей сұлу бесті құлын күнінен еркін көсілген ен даласын аңсайтын тәрізді. Ойхой, дүние! Сайын даланың төсінде самал желмен жарысқан күндер-aй! Құдіретті төрт  тұяқ көлденең жатқан көк  тасқа тисе, қамырдай илейтіндей. Серіппедей бүгілген аш белде, жалпақ жаяда,  буырқанып, бұғып жатқан бұла күш бар.

Әне, қыл сағаққа қылбұрау түсті. Еркіндікпен күн кешкен, жалпақ жонда  жұлдызша ағып, бал бұлақтың былдырлап аққан тұнығынан ғана ішіп, мың сан шөптің ішінен сүйгенін ғана жеп, қоң біткен, еркін өмірге есі кете масаттанған  шу асау темір бұғалықтың тегеурініне көндіге алатын емес.
«Асау үйрету» күйі осылай басталады. Сан ғасыр бойы жылқыны серік еткен, ердің қанатына балаған қазақ дәстүріндегі шу асауға бас білдіру. Алпыс екі тамырында ыстық қаны атойлап, өне бойы еркіндікті аңсайтын ноқтаға басы сыймаған жылқы жарықтық құтты қазақтың өзі тәрізді. Азаттыққа үйренген, бостандыққа бауыр басқан сайын далада соққан желдей, ұшқан құстай азат күн кешкен атам қазақтың темір тәртіпті мойынсұнбаған тұсы, азуын айға білеген аруақты кезеңінің кейпі қылаңдап, осы бидің астарында бұғып жатқандай.
Қазақтың қай биі болмасын алдымен, ұлттың тұрмыс-тіршілігін, бітім-болмысын сипаттайды. Әр бидің ишарасының астарында атан түйеге жүк болар мағына жатыр. Халық арасында би қимылдарын меңзейтін идеялар ұлттық ойындар мен салт-жоралар да сақталған. Қазақ би өнерінің негізгі ерекшелігі – бидің табиғатын қол қимылымен көрсетуде. Әр қимылдың аты, мәні бар. Қол қимылы арқылы сыпайылықты, нәзіктікті, ұяңдықты, қуанышты көрсете алады. Толайым тұтас болмағанымен, сергек көңіл түсінетін ым, ишара. Қазақ  би өнерін орыс халқының билерімен салыстыратын болсақ, олар  би қимылдарымен тылсым табиғаттың өрнекті өңін көрсетуге тырысады. Қимылдары кең,  ауқымы алымды, көбінесе аяқ қимылдарын пайдаланады.
 Бізде кішкентай элементтердің өзі маңызды. Қазақтың ұлттық би өнері қазақ халқының тыныс-тіршілігін, салт-дәстүрін аңғартуға негізделген. Қол өнері, ою, кілем, өрмек тоқу, ши орау, осының бәрі күй ырғағына сәйкестендіріліп, би болып шыққан. «Аққу», «Қыз ұзату», «Көбелек», «Асау үйрету», «Киiз басу» деген  дәстүрлі билер соның дәлелі. Ықылым заманнан  халқымыз өнер мен тұрмыс тізгінін бірдей дәрежеде ұстай білген. Ән айта жүріп, дөңгелене билей кетсе, күйге орайласатын  би  қимылы бірден табыла кеткен. Бірде-бір жақсы мен жайсаң бас қосқан мәжіліс бисіз өтпеген. Қазіргі таңда да әр іс-шарада би биленбесе, әлдене жетпегендей көп көңілі қоңылтақсып тұрар еді. Рәуішті салтанаттың сәні, мазмұнды мәслихаттың мәні келе бермейтіндей. Мың құбылған, самал желмен тербелген қырмызы қызғалдақ іспетті би ырғағы көңілдерге күннің мөлдір шуағы тәрізді салтанатты рең беріп, қуаныш пен шаттықтың нұрын себізгілейді емес пе? Бәлкім, халықтың құпиялы би өнерін өліп-өшіп жақсы көретіні де сондықтан шығар. Әйткенмен, би өнерін сырттай қызықтау, жалаң қимылдарға көзбен сүйсіну жеткіліксіз. Ондағы бір-бірімен жымдасқан, бірін-бірі мағыналық тұрғыдан үстей толтырып, қимылдың жырымен, ырғақтың лебімен өрілген  мәнерлер өз алдына бір дастан. Кәдімгі тереңнен тартып, толғайтын эпостық жыр тәрізді. Тек оны түсіне білетін көрермен керек. Әркімнің талғамы әрқилы. Кез-келген көрермен толайым түсініп, тұшына алмауы әбден мүмкін. Кешегі кеңес заманында түрі ұлттық болғанымен, ішкі мазмұн-мағына өзгеше сипат алды, ол, жаңа үрдіс, жаңа заманның саясатына сай түлеген, жаңарған сипат болды. Осыдан барып, ұлттық дүниелердің үрдісі кеміп, ұлағаты қашты. Басқасын қайдам, дәл қазақтың би өнеріне көңіл аударып, шыққан кезеңі, өрістеген өлкесі жайлы мәнді мағлұмат айтылмайтын.
 «Қазақта би болмаған» деп керенау пікір айтатындар  да баршылық еді. Бұған қарсы біздің айтатын уәжіміз бар. Қазақтың би өнері өзге халық мәдениетінен бастау алып, кейін ғана пайда болды деген көзқарастармен де келісу өте қиын. Шындығында, қазақ би өнерінің бастауы сонау ғасырлардың терең қойнауында жатыр.
̶ Әлімсақтан күнге, тәңірге табынған кезде би элементтері болғаны белгілі. Бақсылар қолдарына дабыл ұстап, дене қимылдарын жасады. Ол да би түріне жатады. Себебі, дене қимылы ̶ би. Дене қимылдарын сақ дәуіріндегі тасқа қашалған петроглифтерден көруге болады.  Белгілі бір қағаздық құжаттардың жоғынан «қазақта би болмаған»  деп үзілді-кесілді пікір айту дұрыс емес. Мысалы, «Қара жорға»  жаңа заманға сәйкестірілген буын ойнату биі. Қара жорғаға арналған күйге сәйкестендіріп қалыптасқан. Аттың үстінде отырған шабандоздың іс-қимылын көрсетуге негізделген ұлттық бидің бір түрі. Ол кейін зерттелген, Қытайдағы қазақ қандастарымыздан келген дәстүріміздің бөлшегі. Би өнерін зерттеушілер Ольга Всеволодская  ̶  Голушкевич, Лидия Сарыновалардың жазбаларына да сүйеніп, қазақта би  өнері болған деп  нық айта аламыз, ̶  дейді бұл орайда, Ақан сері атындағы Көкшетау мәдениет колледжінің «Жарқын» халықтық би ансамблінің жетекшісі Гүлмира Мерғалиқызы.
Асылында би өнері қазаққа етене жақын. Шара Жиенқұлова, Гүлжан Талпақова, Дәурен Әбіров, Зауыр Райбаев сынды би өнерінің майталмандары ұлтымыздың би өнерін жер жаһанға танымал еткені пікіріміздің нақты дәлелі.
Қазақ би өнері бүгінде даму қарқыны жақсы өнердің бір бөлшегі. Еліміздегі үлкен жетістік Астанада «Астана балет» би ұжымының құрылуы болды. Ұжым қазақтың ұлттық биі мен классиканы дамытуға өз үлесін қосуда. Отандық және шетел хореографтары  ұжыммен жұмыс жасайды. Олардың сахналық киімдеріне, образдарына үлкен мән беріледі. Одан басқа, «Салтанат», «Гүлдер», «Алтынай» бишілер ансамбльдері де бар.
Облысымызда шетелге барып танылған, қазақ ұлттық би өнерін насихаттаумен келе жатқан «Жарқын» халықтық би ансамблінің алатын орны ерекше. Ақан сері атындағы Көкшетау мәдениет колледжіне барған сәтте, мың бұрала билеген қыздар мен жігіттердің образы бірден көздің жауын алады екен. Билеген мезетте өзіңді бірге би ырқына көндіріп жібереді.
«Жарқын» би ансамблінің құрылуы тәуелсіздік алғанымызға 20 жыл толуымен тұспа-тұс келіпті. Ансамбльді құруға мұрындық болған Ақан сері мәдениет колледжінің директоры Құралай  Ғазизқызы Ыдырысова. Негізгі бағыты ̶
қазақ ұлттық биінің фольклорлық ерекшелігін ескере отырып, жаңа серпін беру. Ансамбль ұлттық би мәдениетінің, би өнерінің жан-жақтылығын танытады.
Ансамбль алғаш рет қалалық «Ақмола жұлдыздары»  байқауында өнер көрсетті. Аз уақыт ішінде белгілі бір жетістіктерге жетіп, көпшілікке таныла бастады. Мысалы,  2012 жылы облыстық «ІІІ Ұлттық Дельфий» ойындары байқауында «Ұлттық би» аталымы бойынша бірінші орынды  иеленді.
 Ал, ең алғаш Түркия елінде өткен VІ халықаралық фольклорлық ансамбльдер байқауында көрген жанның көзін арбап, талайларды тамсантып би биледі. Айта кетуге тұрарлық жәйт, ансамбль бишілері Ресей, Иран, Грек, Әзірбайжан, Түрік елдерінің  халықтық ансамбльдерімен қатарлы жақсы өнер көрсетті.  Байқау біткен соң ансамбль бишілері тағы бір сыннан  мүдірмей өтті. Бұл  ̶  Қазақстан жастары VІІІ Халықаралық Дельфий ойындары еді. Ансамбль «Ұлттық би» аталымында бас жүлдені иеленді. 2013 жылы «Халықтық»  мәртебесін алу мақсатымен би бағдарламасын ұйымдастырды. Бүгінгі күнде «Жарқын» халықтық би ансамблі атанып отыр. Осы жылы Орал қаласында өткен X Дельфий ойындарында ІІІ орын алды.
Дарынды да шебер бишілерді  үйрету мақсатында «Мәдениет қайраткері» төсбелгісінің иегері Ғалия Бөрібаева, республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаты, педагогика ғылымдарының докторы, доцент Балжан Тілеубаева, колледждің жетекші хореографы Андрей Погорелый сынды еңбек сіңірген балетмейстерлер  тынымсыз көп жұмыс атқарады.
–Биді үйрету үшін  баланың биге деген ынтасы  болуы керек. Бала қай жақтан келсе де басынан бастап тер төгіп жұмыс жасаса оның еңбегі жемісті болады. Қазір ауылдікі, қаланікі деген бөлініс жоқ. Ауылдың баласы қала баласынан асып түсіп те жатады. Тек үлкен нәтижеге қол жеткізем деген балада бір пайыз талант, тоқсан тоғыз пайыз еңбек  болуы шарт. Бұл ретте, Құралай Ғазизқызының бастамасымен жыл сайын Астана, Алматы қалаларынан белгілі балетмейстерлер Ізім Тойған, Балжан Тілеубаева, Алмат Құмжаров келіп өткізетін шеберлік сыныбының маңызы зор, ̶ деп Гүлмира Мерғалиқызы өз пікірін білдірді.
Ансамбльде мәдениет колледжінің икемі мен шеберлігі ұштасқан қыздары мен ұлдары өнер көрсетеді.Таңертеңгі уақытта сабақ басталса, кешқұрым уақытты дайындықпен  би бөлмесінде өткізеді екен. Өнер атаулыны сүйетін жан ғана биші өнерінің ауыртпалығын қара нардай көтере білер.
̶ Алғаш Ақан сері атындағы мәдениет колледжіне түскен сәтте өте қиын болды. Себебі, биші болуды армандасам да кәсіби тұрғыдан бидің қыр-сырын білмеген едім. Уақыт өте келе сабақтарға, күнделікті дайындықтарға үйреніп кеттім.  «Жарқын» халықтық би ансамблінде өнер көрсетіп, байқауларға қатыса бастадым. Биші болу маған қатты ұнайды. Әсіресе, қазақтың ұлттық билерін жаным сүйеді. Болашақта Шара Жиенқұлова, Гүлмира Ордабаева, Әйгерім Қалаубаева сияқты биші болсам деймін. Колледжді тәмамдағаннан кейін, Астана қаласындағы «Шабыт» ұлттық өнер академиясында режиссер-хореограф бөліміне оқуға түскім келеді. Қазақтың ұлттық би өнерін дүйім қауымға танытып, өзім ойлап тапқан билерді сахнада қойсам деген арманым да бар, ̶  дейді ансамбль бишісі Розалия Фазылова.
Қазақ би өнері  ̶  баға жеткізгісіз өшпес қазына. Адам көзбен ғана емес, жүрекпен сезініп, түйсінетін үлкен өнер. Қазақтың құдіретті ұлы өнерінің жайқалып өскен бір бұтағы секілді. Сол себепті, ұлттық би өнерінің тарихына қазақта би болды ма, болмады ма деп еш күмән келтіруге болмайды. Дүдәмәл пікірлердің айтылуы жөнсіз. Ұлттық өнерге күмән келтіргенше, осы асыл қазынамыздың ортаймауына үлес қосқан абзал. Қазақ би өнеріміздің  ғұмыры  ұзағынан болғай!

Суретте: Сахнада   ̶  «Жарқын» халықтық би ансамблінің бишілері.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар