Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Қазақтың маңдайына күзетшілікті жазып қойған ба?!. - АРҚА АЖАРЫ

Қазақтың маңдайына күзетшілікті жазып қойған ба?!.

Жексенбай СҮЛЕЙМЕНОВ, жеке кәсіпкер:
–Тепсе темір үзетін азаматтар мен өрімдей жас жігіттердің  мекемелерде күзетшілікте жүруі мені қатты ойландырады. Баяғыда, біздің жас кезімізде  көрінген жерде күзет болмайтын. Қазір әкімдік, мемлекеттік мекемең не, жеке секторың не, бәрінде күзет. Кейде өз-өзімізден осыншалықты қорғанудың қажеті не деп ойлап қаласың.

Екінің бірінің бұл салаға келе беруі дұрыс емес қой. Мағжан айтпақшы, от болып жанатын албырт жаста осындай жұмыста отырып қалған жастарымыздың келешегі не болмақ? Бұл әрі жақсы тұрмысты қамтамасыз ететін жұмыс емес. «Табысы аз, ештеңеге жетпейді»,− деп ажырасып кетіп жатқандардың ішінде мен осы күзетшілер отбасыларының да аз емес екендігін білемін.
Соңғы уақытта мен осы салада әйелдерді жиі кездестіретін болдым. Бұл мені қатты алаңдатады. Себебі, әйел – ана ғой. Ал, күзетшілік – тәуліктік жұмыс. Қашанда қазақта еркек түздің, әйел  үйдің адамы болған. Енді сөткелеп жұмысқа кеткен әйелдің отбасын ойлап көріңіз. Жалпы, кәсіпті әркімнің өзі таңдайды ғой. Десек те, осы бір жайттарға назар аударылғанын қалар едім.

Айгүл ЖАНБАТЫРОВА, Бұланды аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы:
−Мені бәрінен бұрын күзетшілікке неге тек өзіміздің қаракөздеріміз келеді деген сауал қатты мазалайды. Қай жерге бара қалсаң да, бұл жұмыста қазақтың жап-жас жігіттері жүреді.  Өзге ұлт өкілдерін көрмейсің. Оқимын, білемін, ізденемін деген адамға жағдай бар ғой қазір. Ендеше, тек күзетшілікті ғана білетін біз неге сонша енжармыз?
Мен мұны бір жағынан біздің ұлтымыздың бойындағы ұяңдықпен байланыстырамын.  Біз өзі тумысымыздан қанағатшыл халықпыз. Күнкөрісімізге азын-аулақ тиын-тебенімізді тапсақ, соған мәз болып жүре береміз.  
Арғысын айтпағанда, Алаштың  Ахмет, Мағжан, Міржақып, Жүсіпбек бастаған  ғұламалары  халқымыздың санасын серпілту жолында көп тер төкті. Сол үшін бірі «Маса» болып ызыңдаса, бірі «Оян, қазақ!» , − деп ұрандатты. Әлем елдерін алып қарасақ, Жапония, Қытай мен Корея, жалпы көп мемлекет жастарын оқытуға, жан-жақты жетілдіруге баса  мән береді. Соның арқасында олар жаһан халқын елең еткізер жаңалықтарды жиі ашып отыр. Біздің жастар неге осындай өнертабысқа жандарын салмайды? Жалпы,  айта берсек, сауал көп.

Арман ТӨПЕЕВ, қала тұрғыны:
−Мен жастар ресурстық орталығында жұмыс істеп жүріп,  жастарды толғандыратын  мәселелермен бетпе-бет келдім. Солардың ішіндегі ең өзектісі – жұмыссыздық. Жоғары немесе орта оқу орнын бітірген жастардың ішінде жұмыссыз жүргендер көп. Тіпті, қайсыбірінің қызыл
дипломдары да бар қалтасында.  Оның себеп-cалдарын зерделеп қарар болсақ, жастардың бәрі дерлік қарапайым жұмыстарға баруға дайын емес. Бірден жылы орынға отыра қалғылары келеді. Ал, жай жұмысты намыс көреді. Олармен салыстырғанда, жұмыссыздар санын көбейтпей, күзетші болып, нан тауып жүргендердің ісі ақылға сыйымды емес пе?
Әр мекеменің қауіпсіздігіне жауап беретін солар. Жуырда облыстық ішкі істер депар-таментінде түрлі  қылмыстардың ашылуына атсалысқан бірқатар күзет қызметкерлері алғыс хаттарымен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.
Жұрттың бәрі мемлекеттік қызметші, не  кәсіпкер, шенеунік болуға жаралмаған. Қарапайым жұмысты, яғни, сол күзетшілікті атқаратын адамдар да керек. Сондықтан, шама-шарқынша адал еңбек етіп, өз нәпақасын тауып жүргендердің жағасынан ала беріп қайтеміз. Олар кейбіреулер сияқты көшеде қол жайып, қайыр сұрап жүрген жоқ қой.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар