Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Дүние құлпырып, нұрға малынған Мақпал кеш - АРҚА АЖАРЫ

Дүние құлпырып, нұрға малынған Мақпал кеш

«Көкшетау» мәдениет сарайында әсем сазды өнерімен аты шыққан, қазақтың қиғаш қас, қара көз, ерке қызы Мақпал Жүнісова өз көрерменімен қауышты. Хас өнерді қадір тұтатын туған халқының мақтанышына айналған жұлдыздың ән-кешіне көрермен қауым көп жиналды.

Қазақстанның Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, әнші Мақпал Жүнісова араға он жыл салып, Көкше жеріне қайта келіп отырғанын айтты. Сол кезде келгенінде мәдениет сарайының жөнделмеген ескі еденіне туфлиінің өкшесі кіріп кеткенін айтып бір күлдіріп, осынау жылдар ішінде ғимарат та,  қала да ерекше келбетке еніп, жақсы жағына өзгергенін айтты. Осынау көгілдір Көкшені аралап келген сапарының барысында Ақмола облысының Зеренді, Бурабай, Еңбекшілдер аудандарында болып, Біржан бабасының басына барып тәу еткенін қуана мәлімдеді. Осы күндер ішінде Көкше халқының өзіне деген ас та төк ыстық ықыласынан көңіл көкжиегінің заңғар аспандай биіктегенін айтып, әуелете әнге басты.

Концертін «Бір ауылдың түлеп ұшқан жастары едік» деп келетін әйгілі «Армандастар» әнімен ашып, зал толы халықты өзімен қосыла ілестіріп әкетті. Келесі кезекте Мақпал әнші:
Дүние құлпырады,
Боянып дала нұрға.
Сонда да мен тұрамын
Көзіңнің жанарында,–
деп шырқай шалқытса, енді бірде Ақмарал Леубаеваның «Тағдырым бар ешкімге ұқсамайтын» деп өзінің ішкі мұңымен бөлісті.
Келесі кезекте мақпал үнді Мақпал әнші үстіне кең етіп тігілген, басынан аяғына дейін жалт-жұлт еткен әсем көйлек пен келісті бас киімін киіп, қасиетті домбырасын қолына ала, «Таудан аққан тасбұлаққа» шырқырата басты. Енді бірде домбырасын тықылдата «Көзіме қара, мұңым бар. Жанымды менің кім ұғар» деп Мұқағалидың өршіл де сыршыл әндерінің кейіпкеріне айналды.
Ел алдына шынайы келбетімен шығып, фонограммасыз табиғи таза дауысымен өнер көрсетіп жүрген Мақпалдың өнер жолына 32 жылдан асыпты. Осынау уақыт ішінде ерекше сезім мен әсем әуезге толы әндерді өмірге әкелген әншінің шырқаған әр әні өмір-дастан десе болғандай. Кеше ғана өмірден өткен, қазақтың сыршыл терең ақыны Фариза Оңғарсынова да көзі тірісінде Мақпал әншіге өзінің биік бағасын беріп кеткен. Концертте көптің сұрауы бойынша ақын-композитор Әбиірбек Тінәлиевтің «Фариза, Фаризажан, Фариза қыз» әні тағы орындалды. Әнші қыз «Сен мені білесің бе, білесің бе,  жан екем жаралмаған күресуге», – деп ұлы ақынның жанұшыра жырлаған жан сырымен қосыла тербеліп, көрерменін баурап алды. Осы қараша айында Алматы қаласында ақиық ақын Мұқағали «Қыз да болсаң, өзіңе мұң шағамын, мұң шағамын» деп жадау көңіліне қазақтың асыл қызынан тірек іздеген Фариза ақынды еске түсіру кеші өтетінін, оған өзі де қатысып ән айтатынын көпшілікке жеткізді. Көкшеге келіп Кәкімбек Салықовты еске алмау мүмкін емес деп, көзіне жас ала,  жерлес ақынның «Бір ауыз сөз» әнін шеберлікпен шырқата орындап берді.
Өткен ширек ғасырдан астам уақыт ішінде өзінің сұлу кейпіне сахналық сәні қалыптасқан әсем әнші әр әніне сай концерттік костюмін де өзгертіп отырды. Бұл жолы көптен көрермені көрмеген, жиек-жиегі аппақ таспен жарқырай әдіптелген жібек қара көйлегімен сахнаға жарқ етіп шыға келді. Жалғыз қызы Мерейге арналған «Асылым, ардағым, мен сені бақытты етермін, сен үшін, сен үшін өмірден еңсемді түсірмей өтермін» деп әсем мұңлы әуезімен шалқытса, енді бірде «Нұр жауып тұрған көктемде, гүл тере  бардым бөктерге» деп зор дауысымен сахнаны кең тынысқа бөледі. Көңілі әнмен өскен  көрермен қауым да Мақпалға деген ыстық ықыласын шоқ-шоқ гүл шоқтарымен білдіріп, Арман Бердалин секілді айтыс ақыны жүрекжарды жырын дереу шығарып, сүйікті әншісіне арнап жатты.
Үш сағатқа созылған концерт барысында өмірдегі бақытын өнерінен тапқан әнші қыз «Қазақтың ерке қызымын» деп сахнаны әсем әнімен баурай малына билеп жүрсе, келесі кезекте «Қазағым, қазағым, сарқылмасын ажарың!» деп бүкіл қазақ даласының есен-амандығын тіледі. Осы концертте әншінің жанына еріп келген республикалық «Шәмші әндері» байқауының жүлдегері, «Қазақконцерт» бірлестігінің жас әншісі  Нұрболат  Абдуллин де өз өнерімен көпшілікке танылды. Араға он жыл салып, көгілдір Көкшеге оралып, сұлу сазымен көрермен қауымға тамаша әсер қалдырып, шынайы қуаныш сыйлаған әнші Мақпал тағы да елінің ән жұлдызына айналып, әсем әнімен көгілдір аспанында жарқырай көріне, биіктеп бара жатты.

Шынар БЕКМАҒАНБЕТҚЫЗЫ,
журналист

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар