Ақкөл қаласында ауған соғысында қаза тапқан жауынгер-интернационалистерге арналған ескерткіштің салтанатты түрде ашылу рәсімі өтті.
Ескерткіш аудандық интернационалист-жауынгер кеңесінің төрағасы Сәтпек Әлімжанов пен ауған соғысы ардагерлерінің бастамасымен бой көтерді. Тақтада аталмыш соғыстың құрбаны болған Иван Фраймут, Кеңес Нұрмағамбетов, Владимир Селиванов, Владимир Ющук есімдері тасқа қашалып жазылған.
Бұл шараға аудан әкімі Теміржан Едігенов, «Аудан соғысы мүгедектері мен ардагерлер одағы» қоғамдық бірлестігінің мүшесі, генерал Марат Марденов, Қазақстан Республикасы Мәжілісінің депутаты Бақытбек Смағұл қатысты. Сондай-ақ, Астана, Алматы, Степногорск, Мәскеу қалаларынан қонақтар келді.
Жиналғандар алдында сөз сөйлеген аудан әкімі ауған соғысының ардагерлерін ұмытуға ешкімнің хақы жоқ екенін айтты. Олар болашақ ұрпаққа Отанды қалай сүю қажеттігінің үлгісі іспетті екенін тілге тиек етті.
Шара барысында Бақытбек Смағұл ескерткішті орнатуға ұйытқы болған Сәтпек Әлімжановты Сағадат Нұрмағамбетов атындағы «Намыс» төсбелгісімен марапаттады.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Ақкөл ауданы.