Атбасар қаласында тарихшы, өлкетанушы, шежіреші Шыңғыс Мұратұлының «Қылды Қарауыл Көмекей әулетінің шежіресі» атты кітабының тұсаукесері болып өтті.
Шараны ағайынды Арлан мен Шамай батырлардың ұрпақтары ұйымдастырып, оған Көмекейдің үлкен және кіші ауылдарының өкілдері қатысты. Жиналғандар Бөгенбай бидің бауыры болып келетін Мүсірептің ұрпағы, Зеренді селосының молдасы Сабыр Хамзиннің Бөгенбай би және оның бауырлары Арлан мен Шамай батырлар жөніндегі әңгімесін ұйып тыңдады.
Шарада қазақ шежіресі мен түркі халықтарының мәдениеті туралы бірнеше кітаптардың авторы Шыңғыс Маратұлы сөз алып, басылымда тарих тасасында қалған ұлы аталарымыздың қасиетті аруағы жоқтаусыз қалмау үшін кейінгі өскелең ұрпаққа ата-бабаларының ерлігін үлгі-өнеге ету мақсатында Қылды Қарауыл руынан шыққан Көмекей Боранбай паң, батагөй Бөгенбай және Наурыз билер, Қалақ, Әз, Малғара, Меңдіқұл, Наурызбай, ағайынды Арлан – Шамай, Жайылған батырлар, Мұсақұл палуан туралы жинаған деректерді ұсынғанын айтты.
Басылымнан Қылды Қарауыл руының ағайынды Қалақ батыр мен Тілеу ұрпақтарының шежіресі мен суреттері, Қалақ, Жайылған батырлар, Мұсақұл палуан, Жолдыбай, Кенесары хан, Бөген би, ағайынды Арлан мен Шамай батырлар, Мұсатай күйші және өзге де ірі тұлғалар төңірегіндегі ақиқат пен аңыздарды, жырларды, Жанайдар сардар жөніндегі дастанды оқуға болады.
Жиын соңында аталмыш кітап алдағы уақытта мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша қайта басылып шығатыны айтылды.
Сабыржан БЕКБОЛАТОВ,
аудармашы.
Атбасар қаласы.