Жәрмеңкенің жиі өтіп тұрғаны жақсы

Өткен сенбі күні облыс әкімі Сергей Кулагин Көкшетау қаласындағы  Тәуелсіздік алаңы мен «Алтын ғасыр» сауда үйінің алдында ұйымдастырылған ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесін аралап көріп, оның ұйымдастырылу деңгейіне назар аударды.

Жәрмеңкеде Ерейментау және Есіл аудандары ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерінің, сондай-ақ, облыс орталығындағы өңдеуші кәсіпорындардың өнімдері ұсынылды. Бұл күні азық-түлік өнімдері нарық бағасынан 15-20 пайызға төмен сатылды. Қала тұрғындары жылқының етін 1100 теңгеден, ірі қара мал және қой етін 900 теңгеден сатып алып жатты. Облыс басшысы әр сауда орынында болып, өнімнің сапасы мен бағасына назар аударды. Жолыққан қарт адамдардың сауалдарына орнықты жауап беріп, жаңа жылға дейін тағы осындай үш жәрмеңке ұйымдастырылатынынан хабардар етті.

Ерейментау ауданы әкімінің орынбасары Абай Әлжановтың айтуынша, бұл өңірден қалалық әкімдіктің және 13 ауылдық округінің ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілері келген көрінеді. Олар негізінен ет және сүт өнімдерін саудаға шығарды. «Новомарковка» ауылдық округінде тұратын Александр Микша өзі өсірген көкөністерді тұтынушылар назарына ұсынды. «Еңбек» агрокешені әкелген ірі қара мал еті мен «Қойтас» ауылдық округіндегі «Әлдібеков» шаруа қожалығында өндірілген жылқы мен қой еті де үлкен сұранысқа ие болды.
Біз Көкшетау қаласының тұрғыны Қарлығаш Төлемісованы әңгімеге тарттық.
– Осындай жәрмеңке қашан болады деп күтіп жүремін. Өйткені, орталық базардағы азық-түлік тағамдарының бағасы шарықтап кетті. Мәселен, базарда ірі қара мал, жылқы еті мен  картоп бағасы қымбат. Ал, менің жарытымсыз еңбекақыммен мұндай азық-түлік тағамдарын сатып алу мүмкін емес. Бүгін  арзан бағамен біраз керек-жарағымды сатып алдым. Әлеуметтік жағынан аз қамтылған қала тұрғындары үшін мұндай жәрмеңке қажет-ақ, –  деп ағынан жарылды ол.
Облыс орталығындағы  өңдеуші кәсіпорындар өз өнімдерін  Тәуелсіздік алаңындағы арнайы жабдықталған шатырларда саудаға шығарды. Қалалық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Нұрбек Кенжеболатов ет пен шұжық, балық, ұн және нан, сүт өнімдері, күнбағыс майы, картоп, көкөніс, қарақұмық, күріш, қант, бал және кондитерлік өнімдердің дені түске таман сатылып болғанынан  хабардар етті. 
Осы жолы күн суық болса да халық қарасы көп болып, сауда да қыза түсті. Жалпы, бұл күнгі жәрмеңкеде 40,9 миллион теңгенің 152 тонна азық-түлік өнімдері сатылды.
Суретті түсірген Төлеген ҚОСШЫҒҰЛОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар