ҰЛТҚА ТҰЛҒА БОЛҒАН АДАМ

немесе сардаланың жезмаралы туралы эссе

Ұлтымыздың біртуар ұлдары біртіндеп бізден алыстап барады. Бірақ та олар көзден кетсе де, көңілден кетпейді ғой… Менің өмір жолымда екі ұлы ұстазым болды. Ғылым жағынан академик Ебіней Арыстанұлы Бөкетов, ақындық өнер жағынан Кәкімбек Салықов еді.

Аяулы Кәкең (Кәкімбек Салықов) атпал азамат, арқалы ақын, көпшілікке танымал талай әндер тудырған композитор, мемлекет және қоғам қайраткері, халқымыздың ардағы еді. Былтырғы Астананың сілбілеген сабырлы жауынды күзінде ол кісімен қимай-қимай қоштасып ек. Енді, міне, бір жыл толыпты Кәкеңнің о дүниелік болғанына.
Кәкімбек Салықов бар саналы ғұмырын халқының болашағына арнап еді. Тасқынды талантын, еселі еңбек күшін сарп етті, елі үшін аянбады. Солтүстік Қазақстан облысының Шал ақын ауданында туып, Көкшенің ну қарағайлы, қайыңды жерінде өскен балаң жігіт Мәскеудің түсті металлургия және алтын институтына оқуға түскен ғой. Мектепті үздік бітірген бозбалаға бір туыс ағасы «оқысаң Қаныш ағаның оқуын оқы» деген екен. Сөйтіп, Кәкімбек Мәскеудің тау-кен саласына жақын жоғары оқу орнын тәмамдаған. Осында оқып жүргенде сол астанада жоғары санатты экономист мамандығын игерген Мәриям Мәженқызымен отау құрған. Кенші инженер атанған ағамыз еңбек жолын Жезқазғанның шахталарынан бастады, осылайша халқымыздың данышпан ұлы Қаныш Сәтбаевтың жолын қуды. Жәй ауысым шебері лауазымынан бастаған Кәкең шахта басшысына дейін көтерілді. 1972 жылы Одақтағы шахталар бойынша еңбек өнімділігі жөнінде орасан зор табысқа жеткені үшін 40 жастағы Кәкең Социалистік Еңбек Ері атағына ұсынылады, бірақ та Димекең (Қонаев) «әлі жассың ғой, өскемендік кеншіге (орыс) берейік» дейді. Сонымен, Кәкеңнің кеудесіне Ленин ордені тағылып, соны місе тұтады ағамыз.
Сол заманда Үлкен Жезқазған, қазақстандық мысты игеру деген бүкіл Одақ бойынша дүрілдеп тұрды. Кен орындарында, кен барлау экспедицияларында Сәтбаевтың шәкірттері жұмыс істейтін. Абыройлы Кәкең партия органдарын басқарады. Қ.И. Сәтбаев атындағы кен-металлургия комбинатының партком хатшысы, Жезқазған қаласы партия комитетінің бірінші хатшысы, облыстық партия комитетінің екінші хатшысы, одан әрі Мәскеудегі Орталық Комитеттің инспекторы…
Ол кезде несін жасырайық, мемлекет, қоғам қайраткерлері компартия арқылы өсті, шыңдалды. Дәуір солай-тұғын. Кәкең де сол уақытта партияның түлегі еді, соған сенді, бар жан-тәнімді, еңбегімді халқымның келешегіне бағыштаймын деді. Ең жоғарғы орган – Орталық комитетте ол табаны күректей 10 жыл істеп, тіпті, сол органның бір мезгілде қоғамдық негізде партком хатшысы болыпты, Л.И. Брежневтің өзі оған партиялық жарна тапсырып отырған. Соғыстан кейін Сталин КСРО өңірлері бойынша 4 инспектор тағайындаған болатын. Сол төртеудің біреуі Қазақстан мен Орта Азия бойынша инспектор еді.  Міне, Кәкең осы қызметті адал атқарды. Инспектор болып істеп жүрген кезінде оның кураторы ОК хатшысы Капитонов болған. Талай жыл Мәскеуде қызметтегі Кәкімбек ағамыз Қазақстанға сұранады, алайда, республика басшылығы тарапынан ұсыныстар түспейді. Капитонов оған қазіргі қазақстандық басшылық сені республикаға шақырмайды дейді. Сөйтіп, Кәкең 1984 жылы Нөкіс қаласынан бір-ақ шығады, Қарақалпақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы, Өзбекстан Компартиясы Орталық комитетінің бюро мүшесі болып тағайындалады. Бес жыл осы қызметте істеді, Қарақалпақстан республикасына еңбегін сіңіріп, халқының құрметіне бөленді. Бұдан әрі  1989 жылы КСРО халық депутаты болып сайланып, Мәскеуде Жоғарғы Кеңестің экология комитетін басқарды.
Ал, ақындық, композиторлық өнер Кәкеңе туа біткен. Ақан мен Біржанның, Үкілі Ыбырай мен Балуан Шолақтың елінде туған Кәкімбек солардың ән-жырларымен сусындап өскен. Әсіресе, ол Ақан серіні пір тұтты, өзіне ұстаз тұтты. Оларға арнап бірталай туындылар шығарды. Соцреализм қағидаты бойынша Мұқаңның Құнанбайды жағымсыз кейіпкер етіп көрсеткеніндей, Ғабең де өз пьесасында Науан хазіретті теріс персонаж ретінде сомдаған ғой. Ал, Ақан сері Науан хазіретпен  бажа болған. Хазірет сол заманға лайық ескіше асқан оқымысты еді, оның шәкірттерінің бірі – Сәдуақас Ғылмани, есімі қазір Астана қаласының орталық мешітіне берілген. Сәкен серінің де (Жүнісов) Ақан серіні сомдаған кезінде әттеген-айлары бар еді деп отыратын Кәкең. Ал, Ақанның ғажайып өлеңдерін Мағжан керемет талдаған ғой, бірақ, тағы да зерттей түсуді керек етеді дейтін тағы ағамыз.
Жастық, жігіттік шағы Жезқазғанда өткен Кәкең «Жезкиік» ән-өлеңін туындатты ғой. Бұл ән қалың көпшілік айтып жүретін танымал, қазіргіше айтқанда, хитке айналып еді. Осы әннің бір нұсқасын талантты композитор Жақсыгелді Сейілов шығарған. Ал, «Осы екен ғой аққу жеткен» әні ше?! Мәскеуді мекендеген кезде:
Шөліркеген далаға,
Жаңбырлы бұлт болар ма ем.
Піскен кезде мол егін,
Дихан болып орар ма ем, орар ма ем.
Қайтқан құстар ұшады,
Еділдетіп, Оралмен,
Елге жетіп қалар ма ем,
Ере кетіп солармен, солармен, –
деп жырлаған. Қандай сағыныш туған жерге деген!
Құлагер жортқан құба бел
Сағындым Сарыарқамды…
Ақан, Біржан, Сәкендей,
Серілер туған Сарыарқам…
Немесе «Үш арыс» өлеңіндегі:
Абайдың інілері-ай,
Қазақтың ірілері-ай,
Сәкен, Ілияс, Бейімбет…
Яки «Жылжиды аққу…»:
Жылжиды аққу айдында,
жылжымайды,
Мұңаяды, ол неге тұнжырайды.
Сыңсып салған әніне тебіреніп,
Қамыс басы қамығып, су жылайды.
Су жылайды, тұнжырайды,
Жылжиды аққу айдында,
 жылжымайды.
Қалқиды аққу айдында,
қалқымайды,
Баяғыдай бой жазып шалқымайды.
Сыңарынан айрылып қалған күні,
Бұл өмірдің қызығы жартылайды.
Жартылайды, шалқымайды,
Қалқиды аққу айдында, қалқымайды.
Сырғиды аққу айдында, сырғымайды,
Жақын барып хал-жәйін кім сұрайды.
Қатар жүрген күндерді сыйлайықшы,
Біреу ерте, біреу кеш бір құлайды.
Бір құлайды, кім сұрайды,
Сырғиды аққу айдында,
сырғымайды.
Көркемдік кестесі, сезім тереңдігі жағынан бірінен-бірі өтетін қандай мөлдір туындылар!
…Ағаның аты ерте шықты. Кенші ақын, ел басқарған азамат еді. Кеңестік дәуір кезінде оның өлеңдері, поэмалары газет-журналдарда көптеп басылатын. Оқитынбыз, тұшынатынбыз. Бәріміздің Тұмағамыз атанған асқан лирик ақын Молдағалиев өткен ғасырдың 70-ші жылдары «Жалын» альманағының редакциясында бірде отырғанда Сабырхан Асанов ақынға:
– Мен инженер ақындарды да көбейтіп жатырмын, осылардың алды Кәкімбек, Иранбек, міне, енді Бақытжанды да шығарып отырмын, – деп еді.
Ақын Кәкімбек өз өлеңдерімен оқырмандар жүрегін жаулап алды, кітаптары бірнеше тілге аударылып жатты. Ол қоғамдық жұмыстармен де айналыса берді. Мәскеуден келгеннен соң  1992 жылдан Алматыда Арал мен Балқашты қорғау комитетін басқарды, ұлы ғалым Қаныш Имантайұлының 100 жылдығы қарсаңында 1998 жылы құрылған қордың тұңғыш президенті, кейін құрметті президенті болды, халықаралық экологиялық академияның академигі атанды. Елбасы оған министр, т.б. жоғары лауазымды қызметтер ұсыныпты, бірақ та, Кәкең бұған саналы түрде бармаған, бар денін, қуатын шығармашылыққа арнаған.
2002 жылы қалың жұртшылық Кәкеңнің 70 жылдығын Алматыда, Жезқазғанда, туған жерінде кеңінен атап, өткізді. Елдің сүйіспеншілгіне бөленген Кәкеңе кеншілер Астанадан пәтер сыйлады, сөйтіп, Кәкең өмірінің соңғы 12  жылын Астанада өткерді. Кезінде Ебіней аға «сенің Мәскеуде Кәкімбек деген ағаң бар» дейтін. Мәскеудегі үйін көргем жоқ, бірақ, Астанадағысында ылғи да болып, етене араластық. Әрине, Кәкең бар қазақтың ағасы атанды, маған аға ғана емес, кейін қайын аға да болды  (әйелім Айман Көкшедегі Зерендінің қызы).
Өмірінің соңғы жылы Астананың 15 жылдығына орай ұйымдастырылған ақындар мүшәйрасында Кәкең  жүлделі алғашқы орынды иеленді, өзінің «Астана – елдің ажары» атты соңғы кітабының тұсаукесерін өткізді. Кім біліпті, бұл басылым  соңғысы боларын, алайда, Кәкең кейінгі 10 жыл жемісті еңбек етіп, «Фолиант» баспасынан көптеген кітаптар басып шығарды. Әсіресе, Тәттімбетке арнаған поэмасы өте сәтті шықты. Алдында жазған «Қарақалпақ», «Кенесары» атты туындылары – шоқтығы биік шығармалар.
Кәкімбек ағам достыққа адал, берік еді. Оның Б. Әшімовке, Е.Бөкетовке, Н.Тілендиевке, М.Қозыбаевқа арнаған кітаптары осыған дәлел болады. Аса көрнекті мемлекет қайраткері Фазыл Кәрібжановтың өмірін зерттеп те бір кітап арнады. Адамгершілігі мол, адами қарым-қатынаста сарабдал да салиқалы жан еді. Қаншама үлкен лауазымды қызметтер атқарған. Ешқашан да өзін жоғары көтермейтін. Қашанда қарапайым қалпы, күнара «Фолиант» баспасына барады, одан орала бере, фотокарточкалармен айналысады да атақты қазақ әйел-қыздарының (Бибігүл, Айман, Жәния, Роза, Зағипа, Оразгүл, Әсима, т.б.) фотопортреттерімен бірге өлең портреттерін жасады,  менің кеңсеме соқпай кетпейді, үйі кеңсемнен 50  метр жерде болды. Енді, шынын айтқанда, екеуміз тонның ішкі бауындай болдық десек артық кетпеймін. Біраз сырларын тілге тиек ететін.
Ол кісінің адалдығын айтайын. Кезінде Қонаевқа қара бұлт үйірілгенде, Пленумда Мәскеудегі төрелер Кәкеңе де Димекеңді мінберден сына деген ғой. Алайда, ағамыз ондайға бармаған. Мұны білген Димаш аға Кәкеңді кездестіріп «рахмет қалқам, ризамын, мені талап жатқанда қоса таламай, қайта қарсылық көрсетіпсің» деген екен. Міне, бекзаттық деп осыны айт. Бұл ретте 1985-86 жылдары Д.Қонаев орнынан алынатын кезде ел ішінде басшылыққа Қарақалпақстаннан К. Салықов келеді деген сөз шыққаны рас екендігін атап өткен жөн…
70-ші жылдары Кәкімбек үлкен бастықтардың бірі болатын. Бір күні Алматыға келеді іссапармен. Күн батуға жақын. Қас қарайған. Жаңбыр құйып тұр екен. Жазушылар одағынан жанынан өте бере, жолдың жиегінде киімі жұпыны Мұқағалиды көреді. Жүргізушісіне тоқта деп белгі беріп, Мұқағалиды мәшинесіне салып алып, үйіне апарып тастайды, үстіне өзінің су жаңа плащын жабады. Міне, ақынды ақын қорғады деп осыны айт.
Ақын Кәкімбек  дарынды аудармашы да болды. Ол А.Пушкиннің «Евгений Онегин» романын толық нұсқада, М. Лермонтовтың, Я. Полонскийдің, Р.Гамзатовтың, Я.Коластың өлеңдерін шебер аударды. 
Кәкеңнің 75 жылдығын да, 80 жылдығын да Астана қалалық әкімдігі лайықты атап өтті. Әндері шырқалды, өлеңдері айтылды. 80 жылдығында сахнаға ақ костюммен жарқырап шығып, алды-арты алқызыл гүл шоқтарымен көмкерілгенде қасымда отырған бір апай «бақытты адам ғой» деп еді. Әлбетте, өлген адамға бәрібір ғой, алайда, шын мәнісінде жоғары дәрежедегі мемлекет және қоғам қайраткерінің, абыз ақынның денесі Астанадағы ұлыларға арналған пантеоннан жай табады деген халықтың емеуріні болғанын айтпасқа амал жоқ…
Иә, Кәкең бақытты болды, 82 жыл ғибратты ғұмыр кешті, өз заманының алдыңғы саптағы, жоғары интеллікті адамы еді. Алайда, аққу сынды ағатайдың қанаты өткен жылдың қарашасында қайырылып қалып, жұртымыз ел ардағынан айрылып қалды. Сен біздің мәңгі есіміздесің жан аға, жырларың ескірмейді, ұрпағымыз оларды өштірмейді!
Кәкем-ай,   
Әлпештейтін әр сөзімен әкем-ай…

Жоқ шығар бұдан бетер асқан қайғы,
Қабырғам сөгілгендей, жас  парлайды.
Оқыстан жетімсіреп қалдық біздер,
Оқушы ек өлеңдерін, дастандай-ды.
Бір өзі әлем еді ерекше бір,
Жүзінен шашатұғын бөлекше нұр.

Қаузаған кенін іздеп, жер қойнауын,
Тастамай бір сәтке де елді ойлауын.
Жезқазған жез бен мысын қолыменен
Шыжымдап қысып ұстап бел байлауын.
«Жезкиік» әні қандай қалықтады,
Сардарым  сарабдал сөз парықтады.
Білімі – тау-кен ғылым Мәскеудегі,
Ілімі – сап түзеген әскер легі.
Абайдың жалғыз томын тастамай ол
Ұстазым Ілекем мен Қаскем деді.
Өзі де өрге шапқан Құлагердей,
Алтын жыр,
Күміс әнге мұрагердей.
           
Орындап сылқым күйді Тәттімбеттен,
Дариға, жастық шағын гәккулеткен.
Әлі де аялайды,
Саялайды
Өлеңі ардағындай «Аққу жеткен».
Сүйсінер әндегі ел бар ғажапқа,
Жеткендей әр жүрекке, әр қазаққа.

Жырлары мың құбылды бояулармен,
Көзіммен оқып көріп тоям дәрмен.
Кәкеңдер Мәскеудегі жиындарда,
Теңдескен небір ұлық-нояндармен.
Бәрі де барлап қарар байыппенен,
Өлеңді өрге сүйрер ғайыпперен.

Өнерде сүмбіле  жан, дара, бекем,
Ғасыл ой даналардан қалады екен.
Қарақалпақ елінде қазағымның,
Көрсеткен кім екенін алабөтен.
Ағаның алды кеніш таусылмайтын,
Мінезі мейірбан ед жан сыйлайтын.

Жазсам жыр жәмиғатқа жарар деңіз,
Өлеңдер топ-тобымен қалар егіз.
Кәкеңнің бүйірінде қатып шемен
Жатты ғой бағы ашылмай Арал теңіз.
Азамат бар ақындық жүрегімен,
Күресті айдын үшін білегімен.

Көрді ол биік таудың құлағанын,
Халқының көзін жасқа бұлағанын.
Ұлықтап Қаныштай ұлы ағаны,
Басқарды зият қорын ғұламаның.
Күмбездің болған Кәкең өре, басы,
Құрметті аталмыш қор төрағасы.

Қашанда өзі қадари қазағымен,
Ақынның қиялы мен ғажабы кең.
Ебіней – жан досына жазған ағам,
Реквиемді Моцарттай азабымен.
Құлақтан кетпейді әуен мұңлы, зарлы,
Жас өсер әр сөзіне ынтызарлы.

Айтайын түніменен жыр-хиссаны,
Өрмекпен тоқығандай бір сисалы.
Аспанға пәруардігер әуелеткен
Дастанымен дарабоз Нұрғисаны.
Аққуға үнін қосқан ақтаңгерім,
Достықты Кәкеңдерден тапқан дедім.

…Дүние шыр айналар дүрмекпенен,
(Адами маздақ шоғын үрлеп келем).
Отыз том толған екен әз ағаның,
Жазғаны зор талантпен тірнектеген.
Бақұл бол, арда емген абзал ақын,
Мәңгілік ғұмыр сүрсін жазған хатың!

Бақытжан ТОБАЯҚОВ.
Астана.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар