Ерейментау өңірі сұлу табиғатымен қатар, ерте замандардан сыр тартатын түрлі ескерткіштерге бай. Оның айғағы ретінде бұл маңға жиі келетін түрлі археологиялық-этнографиялық экспедицияларды айтуға болады. Мәселен, өткен жылдан бері Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің арнайы экспедициясы аудандағы Торғай селолық округіне қарасты Құмай өзенінің жағалауында зерттеу жұмыстарын жүргізуде.
Жуырда ауданға құрамында Парламент Мәжілісінің депутаты, саясаттану ғылымдарының докторы, профессор Камал Бұрханов, Мемлекет тарихы институтының директоры, тарих ғылымдарының директоры Бүркітбай Аяған, педагогика ғылымдарының кандидаты Жабай Қалиев, Еуразия ұлттық университетінің аға ғылыми қызметкері Дүйсен Сейітқали және басқа да мүдделі адамдар бар делегация келіп кетті. Олар болашақта осы маңда ашылуға тиісті «Түрік қағанаты ордасы мұражайы» орналасатын маңды аралады. Бұл маңдағы ғұндар дәуірінен бері сақталып қалған түрлі ескерткіштерді, басқа да тарих үшін өте құнды жәдігерлерді тамашалады. Олардың бәрінің фотосуреттері үш тілде шығатын халықаралық ғылыми «Mangi EL» журналында жарияланатын болады. Яғни, шетелдік тарихшылар да бұл өлкенің көне тарихымен танысуға мүмкіндік алады.
Ал, ең бастысы, алдағы уақытта бұл маңда туризмді дамыту, сол арқылы тарихымызды кеңінен таныстыру көзделген. Бұл өз кезегінде «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі өткізілген кезде шетелдік туристерді Ереймен өңіріне де көптеп тартуға мүмкіндік береді.
Нұрлыбек ТӨРЕГЕЛДИН.