Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
отан үшін ештеңеден тайынбадық - АРҚА АЖАРЫ

отан үшін ештеңеден тайынбадық

Қазақта: «Ер елі үшін туа-ды, елі үшін өледі» деген аталы сөз бар. Алда-жалда жау жағадан ала қалса, Отаныңды қорғау  − міндетің.

Мен де алаңсыз балалық шағым өткен Сырымбеттен әлі бұғанам бекімей жатып, соғысқа аттанамын деп ойлаппын ба?  18 жасымда әскер қатарына шақыртылып, болашақ қаруластарыммен Кенигсберг қаласына жіберілдім. Сол жерде үш айлық даярлықтан өтіп, біраз әскери машықты меңгергеннен кейін бірден ұрысқа кірісіп кеттік. Бұл жаудың өз ұясындағы ажалы тақап қалған кез еді. Өте ауыр шайқастар осы қаланың маңында өтті. Үшінші Беларусь майданының құрамына кіретін бізге жау әскері  зор қарсылық көрсетті. Қамалдар мен қарапайым ғимараттардың қабырғаларының өзі қалың. Ондай берік қаланы сирек көрдім.  Үйлердің  ішіне кіріп, жаудан қабат-қабатпен тазартамыз. Соңғы  қабатқа келгенде, жылжитын жері қалмаған фашистер амалсыздан беріледі.
Жан берісіп, жан алысқан сондай шайқастардың бірінде  бастан жараланып, саптан шықтым.  Сөйтіп, госпитальда біраз емделгеннен кейін  елге жіберілдім. Сол ұрыста және бір  айтпағым, «Кенигсбергті   азат еткені үшін» медалін кеудеме тақтым. Одан кейін де талай ордендер мен  мерейтойлық медальдарға ие болғаным анық. Бірақ, қолыма алғаш қару ұстатқан қалада өз өмірімді бәйгеге тігіп алған осы марапаттың орны мен үшін қашанда бөлек. Сол соғыстың салдарынан,   үйге келгеннен кейін де жарамнан толық айыға қоймадым.  Түннің артынан күн шығатыны сияқты, соғыс та әйтеуір бітті.  Халықтың тұрмысы түзеле бастады. Тәрбиелі шаңырақтан жар сүйіп, сегіз перзент тәрбиелеп өсірдік. Ревизор болып еңбек етіп, жасым келгенде, зейнеткерлікке шықтым. Біраз жыл бұрын өмірлік жарымнан айырылып, жалғыз қалғаныммен, балаларымнан  тараған 25 немеренің қызығына кенеліп отырған жайым бар қазір.
Тоқсанға таясам да, сол он сегізім ойыма жиі орала береді. Талайлар оққа ұшқан, өзім де жараланған ол қатерлі шақты қалай ұмытайын. Менің де жүрегімде мәңгіге жазылмайтын жарам ғой.  Сол күндердің тірі куәгерлерінің де қатары күннен-күнге сиреп барады. Өздері кетсе де,  олардың ел үшін жасаған ерлік істерін кейінгі ұрпақ ұмытпаса екен деймін. Кейде өздерімен болған кездесулерде  жастар маған «Соғысқа қалай тап болдыңыз?» деп сұрақ қойып жатады. Отаныңды қорғау қажет болса, қалай қолға қару алмайын.
Осы орайда, ел алдындағы азаматтық борышын өтеуге құлықсыз жастарға қарата, бірер сөз айтқым келеді. Махамбет бабамыз айтпақшы, еңку-еңку жер шалмай, егеулі найза қолға алмай, ерлердің ісі біткен емес.  Біз көрген соғыстан аулақ қылсын. Бірақ, әр жас Отан қорғауға дайын болуы тиіс. Бейбіт өмірде де елге мықты қалқан керек. Сондықтан,  жастарыма сенімге лайық азамат болыңдар деп ақ батамды беремін.

Сәлім МАРДЫШЕВ,
соғыс және еңбек ардагері.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар