Сөздің қадірін ұғып, қасиетін танимын деген талай журналистің ұстазы болған белгілі қаламгер Баймұрат Азнабаев көзі тірі болса, ертең 80 жастың сеңгірінен көрінер еді. Тынымсыз аға жүрегі бұл күнге сәл ғана жете алмай, өткен жылы мәңгілік дамыл тапты…
Мынау жарық дүниеден ойдан ұшқыр, қиялдан жүйрік не бар екен, шіркін. Ойың оралымды, қиялың қанатты болса, өткеннің өшпес таңбасы сананың сарғайған жайлауында сағымданып, сәуле шашып, арайлап тұрады емес пе. Асылында жақсы мен жайсаңның ғұмыры кәдімгі күн іспеттес. Тіршілікте татар дәмі, көрер жарығы таусылып, көкжиектен әрі асып кетсе де, қызыл жалқын шуақпен шым-шымдап тарайтын сәулесі мен жылуы үзеңгілес жолдастары мен тәлім-тәрбиесін көрген, өміршең өнегесін ұққан шәкірттерінің бойында жүреді екен. Бәлкім, мәңгілік жылу, мәңгілік сәуле дегеніңіздің өзі де осы шығар.
Осы бір ізгіліктің ізетті нұры ешкімнің ат түгіл арыстан үркетін атақ-даңқына, дәрежесіне, биік лауазымына қатысты емес. Өне бойындағы мен мұндалап тұратын кісілігі мен адамгершілігі, жанашырлығы мен қамқорлығы, жаның сүйіп ұнататын барша жақсы қасиеттері болса болғаны. Өз жаныңмен бірге өзектесіп, өз сырыңмен бірге сырласып, біте қабысып, балталаса бұзылмастай кірігіп, ет жүрегің қаншалықты соқса, соншалықты бірге болатындығы, көңіліңнің терең бір түкпірінде қатталып, жолаушы ғұмырда бір жүретіндігі және бір ақиқат. Өз заманында қолына қалам ұстап, халқына қалтқысыз еңбек еткен журналистердің әлденеше толқынын тәрбиелеп, өсіріп, сөз майданының сарабдал сарбазы етіп шығарған адам еді, жарықтық.
Өз басым да, өзге жұрт та қалтқысыз сыйлайтын қарт қаламгер Баймұрат Азнабаев тұрлауы жоқ жалған дүниеден көшіпті деген суық хабар тұла бойымды мұздатып жеткен сәтте осындай ой кешіппін. Зеренді аудандық газетінде табан аудармастан 30 жыл редактор болып еңбек еткен Байекең шын мәнінде жергілікті жастардың ішіндегі талапты мен таланттыға айрықша қамқор адам еді. Аудандық газетке хат-хабар жолдап, қырағы көзіне іліккен жас болса, соны бірден назарға алып, қолынан жетектеп әкеліп, сиқырлы сөз әлеміне енгізгенше тыным таппайтын. Шындығын айтқанда Байекеңе бұл жүктелген міндет те емес. Ешкім одан шалғайдағы шағын ауылдардан қабілетті, талантты бала ізде деп тапсырып та отырған жоқ. Бірақ, әрдайым жақсылықты көксейтін, таланты тас жаратын, талабы таудай жеткіншекті тауып алып жеткізгенше асығатын жақсының адам айтса нанғысыз асыл қасиеті еді ғой ол да. Зерендідегі Байекеңнің бауырына басқан ұясынан сан талай темірқанат балапандар сөз әлемінің зеңгір аспанына қиялай қанат қағып, самғап, шарықтап ұшып шықты. Олардың алды республикалық басылымдарда қызмет етті, етіп те жүр. Сонау жетпісінші жылдары біз өз арамызда Байекең баптаған тастүлектердің ұясын «болашақ редакторлардың мекені» дейтін едік. Осы бір сөз өнерінің құдіреті жүріп тұрған, қасиетінен арылмаған қастерлі заманда Байекеңнің тәлім-тәрбиесін көрген жас қырандардың томағасы сыпырылып, Зерендінің аспанынан да кең кеңістікке ұшырылды. Олар «Азнабаевтың алдын көргендер» деп аталатын. Зеренді редакциясында Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетінде сырттай оқитын екі-үш талапкер әрдайым үзілмеуші еді. Бертін мектеп бітірген жастар аудандық газеттің ұстаханасында шыңдалып, қаламдары төселіп, білім көкжиектері кеңейер еді. Арада бірер жыл өткен соң оларға шағын ғана Зерендінің ауқымы тарлық ететін. Сонан соң қаншама тәлім-тәрбие алған ыстық ұядан пыр етіп ұшып, журналистика деп аталатын өзгеше әлемнің көгінде шарықтар еді.
– Амантай,–дейтін еді маған, өзінің орынбасарына, әрі редакцияның партия ұйымының жетекшісіне,–біздің балапандарды Алматы жаққа ұшырудың жөні келіп тұрған жоқ па?
Біз ізгі тілегімізді білдіріп, көл-көсір ақыл-кеңесімізді айтып, оларды астанаға аттандыратынбыз. Сырттан оқитындар кезекті сессияларында жүрген кездерінде газеттің бар салмағы, күнделікті ауыртпалығы екеуіміздің иығымызға түсетін. Сонда да шаршап, шалдықтық демеуші едік. Жаңағы жастардың білім алып жатқанына өзімізше қуанатынбыз.
Газетте күнделікті іс барысында тәжірибеден өткен, сырттай болса да білім алған жаңағы жастар енді бір кезде облыс орталығына жұмысқа шақырылатын. Қай жерде жүрсе де, өздерінің ең алғашқы тырнақалды хабар-ошарлары жарияланған «Коммунизм таңы» – «Заря коммунизма» газеттерін ұмытпайтындықтары даусыз.
Редакция ұжымы қазақтың жалпақ тілімен айтқанда, «сүттей ұйып тұратын». Арман-мақсатымыз, асыл мұратымыз бір еді. Осы жерде жар сүйіп, шаңырақ көтергендері қаншама. Сондай «ақ түйенің қарны жарылған» ғажайып сәттерде қақ төрде әкелік мейірімін төгіп, ұстаздық ұлағатын ұқтырып, Байекең отырар еді. Редакциядағы ғұмыры таусылып бітпейтін, машақаты мол шаруада ғана басшылық жасамайтын, түйткілді тұрмыстың тығырықтарынан шығар жолды нұсқап, отбасылық өмірімізге де жанашыр, қамқор болушы еді.
1967 жылы Зеренді ауданы қайта құрылып, аудандық газет ұйымдастырылған болатын. Біз Баймұрат екеуіміз танысып, табысқан, тіпті, достасып кеткен Қызылтудан бірге оралдық. Өйткені, Қызылтуда бір газетте қоян-қолтық жұмыс істеген болатынбыз.
Қаламды қасиет деп таныған Баймұрат ағаның жылдар бойғы шығармашылық еңбегі кейін жинақ болып шықты. Мысал әңгіменің мықты шебері еді. Жинақ екі тілде жарық көрді. Қазақ тілінен орыс тіліне өзім қотардым. Бұл арада да Азнабаевтың септігі тигендігін айта кетсем болар. Осы шағын мысал әңгімелерді аудару арқылы мен аударма дейтұғын өлкеге тұңғыш рет қадам бастым. Әрі шынын айтуым керек, қазақшаға шорқақ тілім ептеп жаттыға бастады. Мысал әңгімелердегі көркем тіркестердің астарындағы ойды ұғып, аудармасын дәл беруім үшін тіл мәйегін, бояуын, қуатын ұғынуға тура келді. Сөйтіп, мен ұят та болса айтайын, ана тілімнің уызына жари бастадым. Байекең өз шығармашылығын аудартумен қатар, көкшетаулық қаламгерлердің де жақсы дүниесін аударуға кеңес берді. Сөйтіп, мен арқалы ақын Еркеш Ибрагим мен татардың белгілі жазушысы Ибрагим Салаховтың шығармаларын аудардым.
Оның отбасындағы ұстанымы да кейінгі толқын жастарға үлкен өнеге еді. Шығармашылық жұмыстың шырмауына батып, күні-түні газет жұмысымен жүрсе де, отбасындағы адамдар ағарған ішсін деп сиыр ұстайтын. Өзінің күтімі күшті, мәуелі бау-бақшасы болды. Бір қызығы, Баймұрат сол бау-бақшада жұмыс істегенді, өсімдіктерді күтіп-баптағанды жақсы көруші еді. Кейін үлкен қалаға жұмысқа қаншама рет қолқалап шақырғанда бармай қалған себебін осыдан ұқтым десем де болар. Сірә, ол кісі өзі туып-өскен, табиғаты тамылжыған Зерендіні, қордалы қара шаңырағын, қара шаңырақтың жанындағы алақанының табы сіңген бау-бақшасын қимаған болар. Біз жастар ғой, ала құйын арманның жетегіне ілесіп, тіршіліктің теңізінде мидай сапырылысқан ақбас толқындардың арасында жастықтың желкенін керіп жүре беретінбіз. Ал, туған жерге тамыр жайған ақ қайың іспетті абзал аға табан аударып кете алмаған. Кеткізбеген де жаңағы тамырлар. Жан-жаққа тарамданып, жер қойнауына сіңіп кеткен тамырлардың бірі туған жерге деген оттай ыстық сүйіспеншілігі десек, енді бірі перзенттік ықыласы мен құрметі. Ал, ана бір жеңді білектей жуаны елін сүйген, жерін сүйген махаббаты шығар-ау. Ол туған жердің жылуын табанымен сезіп тұрмаса, жүре алмайтын жан еді.
Арада қаншама жыл өтті. Сол бір шақ, қызықты да қызулы дәуір естен кетер емес. Сағынышпен ойға оралады. Біртүрлі ыстық, жаныңа соншалықты жақын. Қайтіп оралмасын білсең де, аракідік жаныңа жай тапқызбай, бебеулетіп әлдебір беймаза сезімге бөлеп тербететіні бар. Әлде адамның жан жүрегінде өткен уақыттың әдемі де әсерлі сәттері жиған жүктей жинала бере ме екен?!.
Қанша уақыт өтсе де, зеренділік оқырмандар жан-дүниесі мөлдірлік пен көркемдіктен, ізгілік пен ізеттен тұратын Баймұрат Азнабаевтың байсалды бейнесін, келісті кескінін ұмытпайды деп сенемін. Ал, шуағы мен шырайы біздің, қаламдастары мен шәкірттерінің жүрегінде сәуле шашып тұрары хақ…
Амантай АХЕТОВ,
жазушы.
Алматы.