Музейлер бірлесіп…

Мәлік Ғабдуллин және облыстық тарихи-өлкетану музейлерінің ұжымдары Атбасардағы Ілияс Есенберлин музейі мен жергілікті тарихи-өлкетану музейінде болып, «Отансүйгіштіктің ерен үлгісі» тақырыбында тағылымды шара өткізді.

Атбасар мен Көкшетау – ежелден елі мен жері, тарихы тұтаса тамырласқан егіз өлке. Ерден-Жүзен заманында ғалым Шоқанның ел басқаруға талпынып, аға сұлтан сайлауына түскен жері де осы Атбасар болатын. Кешегі Біржан сал, Ақан серілердің әні қалықтаған Атбасардың күзгі жәрмеңкесінде өз тұсында думан көрігін қыздырған Ыбырай Сандыбайұлына «үкілі» деген анықтауышты сыйға тартқан да Атбасар базары болатын. Осындай рухани байланыс ХХ ғасырда өмір сүрген қазақтың қабырғалы азаматтары Мәлік Ғабдуллин мен Ілияс Есенберлиннің арасында болғандығы анық. Бұған Мәлік Ғабдуллин музейінде сақтаулы тұрған Ілекеңнің: «Қадірлі Мәке! Ақ ниет, адал сыныңызға осы кітабымды шын жүрегімнен сыйға тартып отырмын. І.Есенберлин. 12.ІV.1969ж.» деген қолтаңбасымен сыйлаған «Қаһар» романы дәлел.
Кездесуде Ілияс Есенберлин музейінің директоры Ұлболсын Даниярқызы атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырса, Мәлік Ғабдуллин музейінің директоры Құдайберлі Мырзабек бабалардың ерлік рухын бүгінгі жастардың санасына сіңіру басты міндет екеніне тоқталды. Ол ұлы тұлғалардың ұлағатты жолдарын бүгінгі «Мәңгілік ел» идеясымен сабақтастыра келе, музейлер арасындағы рухани қарым-қатынас дами беретіндігіне сенім білдірді. Сондай-ақ, батыр жайлы түсірілген деректі фильмнің дискісі мен «Мәлік батыр» кітабын тарту етті.
Музейдің ғылыми қызметкері Асылбек Байтанұлы «І.Есенберлиннің «Қаһар» романындағы Көкшетауды аңсау күйі» тақырыбында баяндама жасаса, Аягөз Махметова «Ғажайып өмір баспалдақтары» деген жылжымалы көрмемен таныстырды. Қуаныш Оспанов атбасарлықтарға Көкшетаудың саз сәлемін жеткізді. Кездесуге ұйытқы болған облыстық тарихи-өлкетану музейінің  басшысы  Кенжебай Мұқышев  Біржан сал, Ақан сері әндерін нақышына келтіре орындады.
Кездесу одан әрі қалалық тарихи-өлкетану музейінде жалғасты. Музей негізін қалаған белгілі өлкетанушы Клара Әмірқызы кезінде орыс помещигі Беловтың бірінші қабаты тастан қаланған, екінші қабаты ағаштан өрілген еңселі үйінің ауласымен қоса, музейге берілуіне қол жеткізген.  Музейде сол өңірден табылған көне берен сауыт, «НАТИ» тракторы, «Максим» пулеметі сияқты келушілер қызыға тамашалайтын үлкенді-кішілі бірегей жәдігерлер көп екен.
Іссапар барысында Ұлы Отан соғысы мен Ауған соғысының ардагерлері туралы мәлімет жинап жүрген Мәлік Ғабдуллин музейінің аға ғылыми қызметкері Жанат Қажыбаева аудандық әскери комиссариаттың басшысы Ж.Таңатаровпен, аудандық ауған соғысы ардагерлері кеңесінің төрағасы В.Свердзинскиймен, ауған соғысының ардагері, әскери медбике Е.Бирюковалармен кездесті. В.Свердзинский музей қорына    «О павших в Афганистане» атты аз данамен шыққан  кітапты, Е.Бирюкова соғыста жүріп анасына жазған хатын, өзге де құжат көшірмелерін тапсырды.
Атбасардағы осынау бір танымдық іссапардан көтеріңкі көңіл-күймен оралдық. Ендігі міндет–батыр академик Мәлік Ғабдуллин мен аса көрнекті жазушы Ілияс Есенберлиннің алдағы жылы болатын бір ғасырлық тойларын өз дәрежесінде атап өту жолында бірлесе жұмыс атқару болса керек.

Асылбек БАЙТАНҰЛЫ,
Мәлік Ғабдуллин музейінің
ғылыми қызметкері.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар