Орталықтардың жұмысы халыққа қолайлы болуы керек

Қазақстан Республикасы Парламенті  Сенатының бір топ депутаттары жүргізуші  куәліктерін беру және автокөліктерді тіркеу мәселелерімен жете танысу мақсатында Астана қаласының мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы мен Ақмола облысы Целиноград ауданының халыққа қызмет көрсету орталығында болды

Бүгінгі таңда Қазақстанда жүргізуші куәлігін алуға теориялық және практикалық емтихан тапсыруды ескергенде, орташа есеппен 2 сағат уақыт кетеді. Осындай нәтижеге мемлекеттік органдардың деректер қоры мен ақпараттық жүйелерді интеграциялау және автоматтандырудың арқасында қол жеткізілді. Автокөлікті тіркеу және қайта тіркеуге кететін уақыт та қысқартылып отыр. 
«Халыққа қызмет көрсету орталығы» РМК бас директорының міндетін атқарушы Әсемгүл Балташеваның айтуынша, орталық қызметкерлері құжаттар қабылдауға, ал,  әкімшілік полиция қызметкерлері көлік құралдарын тіркеу куәліктері мен жүргізуші куәліктерін дайындау үдерісіне қатыстырылады. Осылайша міндеттер қатаң бөлініп, азаматтардың құжаттарды дайындау мен айналысатын орындаушылармен тікелей байланысына  жол берілмейді. Нәтижесінде бұл сыбайлас жемқорлық көріністерінің алдын алады.
Ағымдағы жылдың қазан айынан бастап Астана қаласындағы мамандандырылған ХҚКО-ларда психоневрологиялық және наркологиялық диспансерлердің анықтамаларын да алуға болады.  Қазақстанда қазір осындай 5 орталық жұмыс істеуде. Жыл аяғына дейін Қызылорда, Петропавл,
Павлодар және Талдықорған қалаларында тағы төртеуі ашылатын болады.
Бұған қоса, сенаторларға өткен жылы барлық 260 орталықта орналастырылған Connection Point өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышы таныстырылды. Бұл жерде электрондық-цифрлық қолтаңбасы бар азаматтар кезек күтпей, электрондық үкімет порталы арқылы өздеріне электрондық қызметтер ала алады. Өткен тоғыз айда еліміздің халыққа қызмет көрсету орталықтарында 94 892 жүргізуші куәлігі, автокөлікті басқаруға – 16 958 сенімхаты беріліп, 409 296 автокөлік құралы тіркеуден және қайта тіркеуден өтіпті.
Сенаторлардың Целиноград ауданына сапарында ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі Асқар Жұмағалиев та бірге  болды.
Жанат ТҮГЕЛБАЕВ.
Суретті түсірген автор.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар