Әлеуметтік саланың дамуы – ел жағдайының ілгерілеуі

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Светлана Жақыпова жұмыс сапарымен Атбасар қаласында болып, осындағы бірқатар денсаулық сақтау саласы мекемелерін аралады, жергілікті тұрғындармен кездесіп, Елбасының Қазақстан халқына арнаған Жолдауының негізгі бағыттарын түсіндірді.

Алдымен, вице-министр орталық аудандық аурухана мен ауданаралық туберкулезге қарсы диспансерді аралап көріп, жаңа қондырғылардың жұмысымен танысты, сырқат адамдармен әңгімелесті. Қазіргі кезде аудан бойынша елді мекендерде қырық шақты маман жетіспейтін көрінеді. Жас мамандар тұрғын үймен қамтылмай отыр. Қазір ауруханада  82 миллион теңгенің күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан көрінеді. Биылғы жылы перзентхана бөлімшесі кеңейтіліпті. Алдағы уақытта үш ауданға қызмет көрсететін ауданаралық травмотология бөлімшесі мен инсульттік орталық ашылмақшы.
Вице-министр денсаулық сақтау саласы мекемелерінің ұжымдары мен жергілікті тұрғындар алдында сөйлеген сөзінде Елбасының шешімімен екі министрлік біріктіріліп, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту бағытындағы жұмыстардың қолға алынып жатқанын атап өтті.
– Елбасының тапсырмасы бойынша халықты жұмыспен қамтып, лайықты әлеуметтік жағдайлар туғызуымыз керек. Бұған қоса, қазақстандық әрбір азаматтың бойында отансүйгіштік сезім де жоғары болуы тиіс. Әркім өзінің адал еңбегіне сүйенбей болмайды. Денсаулық сақтау саласы бойынша кейбір әлеуметтік маңызға ие аурулардың тізімі бекітіліп, оған қарсы тұру шараларын жүзеге асыру мақсатында үйлестіру кеңесі құрылды. Өмірдің қиыншылығына тап болған сырқаттарға әлеуметтік жағынан көмек көрсету мәселелері қаралуда. Бүгінгі таңда бірқатар мемлекеттік бағдарламалар аясында жұмыс орындары ашылды. Атап айтқанда, республика бойынша 12 мың мүгедек жұмысқа орналастырылды, – деді вице-министр өз сөзінде.
2030 жылдарға дейінгі әлеуметтік дамыту тұжырымдамасында денсаулық сақтау және әлеуметтік қамтамасыз ету салаларының алдына нақты міндеттер қойылған. Осы орайда, министрлік әлеуметтік тәуекелділік картасын жасаған көрінеді. Бұған туберкулез бен өзге де қауіпті ауру түрлері көп тараған өңірлер енгізілген. Карта ауруларға қарсы жүргізілетін шараларды қаржыландыруға көмектеседі. Шынын айту керек, қазір халықтың кей санатының  зейнет қоры мүлдем жоқ. Осы орайда, оларды жұмысқа  тарту туралы заң жобасы жасалып отыр. Кей азаматтар өз кірісін жасырып, зейнет қорына қаржы аудармай, бұған тек қана зейнет жасына жақындағанда ғана кірісетін көрінеді. Алдағы уақытта бұл келеңсіздіктердің бәрі ескеріліп, базалық зейнетақы төлеуде еңбек өтілі мен жарнасы есепке алынатын болады. Биылғы жылдан бастап еңбек озаттарына «Еңбек» ордені мен «Еңбек ардагері» медалі тағайындалмақшы.
Суретті түсірген Ермұрат ДОСЫМОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар