Облыс әкімі Сергей Кулагин кезекті жұмыс сапарымен Қорғалжын, Егіндікөл аудандарында болып, осы өңірлердің әлеуметтік-экономикалық жағдайымен танысты, актив жиналысына қатысып, тиісті міндеттер жүктеді.
Алдымен, өңір басшысы ат басын Қорғалжын өңіріндегі Тыңғылықты ауылында салынып жатқан «ELNUR GROUP» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің мал бордақылау алаңына бұрып, сол жердегі шаруа жайымен танысты. Мал бордақылау алаңының басшысы Дәулет Сартаевтың айтуынша, 1 мың ірі қара малға арналған қора қараша айының соңында пайдалануға берілмекші. Осында
40 адам жұмысқа тартылмақшы. Олар үшін тұрғын үйлер салу да көзделіп отыр. Әзірше, «Сыбаға» бағдарламасы бойынша сатып алынған 1350 ірі қара мен 45 асыл тұқымды бұқа бұрынғы мал қораларында бағылуда. Серіктестік 3 мың тонна шөп маялап алыпты. Облыс басшысы мал басын бес мың басқа жеткізуді тапсырды. Осы жолы Нұра өзені үстінен өтетін көпірдің жағдайына назар
аударылып, аудан орталығына кіре берістегі Дударай стелласының маңын абаттандыру тапсырылды.
Бұдан кейін Қорғалжын мемлекеттік табиғи қорығын аралап көріп, жабайы қаз санының азайып кеткеніне қынжылыс танытты. Астанадан ат сабылтып келіп, заңсыз түрде аңшылықпен айналысатындарға тосқауыл қоюды және туризмді дамытуды міндеттеді. Аудан орталығындағы
5 қабатты тұрғын үйдің қаңырап бос тұрғанына көптеген жылдар өтіпті. Облыс әкімі елді мекен ұсқынын бұзып тұрған бұл үйді тез арада бала бақшаға айналдыру жөнінде тапсырма берді. Төрт жүзге тарта оқушысы бар Қорғалжын мектеп-гимназиясында әр жылдары сантехникалық жүйе, есіктер мен терезелер ауыстырылған екен. Спорт залының шатыры жөнделіп, өткен жылы жаңа бу қазандығы орнатылған көрінеді. Облыс басшысы мұғалімдермен және оқушылармен кездесіп, интерактивтік тақтаны сыйға тартты.
Аудан орталығында 82 бөбек бала бақша кезегінде тұрған көрінеді. «Ақ ботақан» серіктестігінің бала бақшасына теледидар сыйға тартылса, өткен жылы күрделі жөндеуден өткен аудандық мәдениет үйінде өнерпаз әжелермен жүздесу де әсерлі болды. Cондай-ақ, «Таңдау» еңбек ресурстарын даярлау орталығының мәселесі де шешілетін болды.
Облыс басшысы аудан активімен кеңес өткізіп, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде аудан әкімі Қайыр Рыскелдиновтың есебін тыңдады. Биылғы жылы ауданда мал бордақылау алаңы мен 3 мейманхана салынып, ауыз су мәселесі шешіліпті. 120 шақырым жол жөнделген көрінеді. Алайда, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, туризм және өзге де салаларда әлі де шешімін күткен мәселелер жетерлік. Бұрын берілген облыс әкімі тапсырмасының үшеуі орындалған. Ауданда мал шаруашылығы саласын дамытып, Астана қаласын ет және сүт өнімдерімен қамтамасыз етуді одан әрі белсенді түрде жалғастыра түсу қажет. Активте облыс әкімі орталық аудандық аурухананың бас дәрігері Азамат Дүйсеновке жедел жәрдем автокөлігінің кілтін тапсырды.
Түс ауа облыс әкімінің сапары Егіндікөл ауданында жалғасын тауып, «Полтава Блок Строй» серіктестігінің құрылыс материалдарын жасап шығаратын кәсіпорнының жұмысы, Алакөл орта мектебінің тыныс-тіршілігіне назар аударылды. Спиридоновка селосында орналасқан «Армавир» серіктестігінде 923 бас асыл тұқымды ірі қара, 166 жылқы бағылып, Ақмола мен Қостанай өңірлеріне сатылатын көрінеді. Осындағы жергілікті мектепте болған өңір басшысы пән кабинеттері мен залдарын аралап көріп, бұл оқу орнына да теледидар тарту етті. Биыл білім шаңырағына қомақты қаржы бөлініп, жөндеу жұмыстары жүргізілгенін аңғардық.
Аудан орталығында орналасқан «Балбөбек» бала бақшасында да әңгіме мектеп жасына дейінгі мекемелердің жағдайы, туындап отырған мәселелерді іскерлікпен шешу туралы болды. Ауданда ветеринарлық зертхана филиалы ғимаратының құрылысы жүргізілуде. Ондағы мердігер ұйымда әкім тарапынан жұмысты талапқа сай ұйымдастыру жөнінде тиісті тапсырмалар алды.
Актив жиналысында аудан әкімі Азамат Тайжановтың атқарылған жұмыстары туралы есебі тыңдалып, тиісті баға берілді. Биыл 349,7 мың тонна астық жиналған. Шаруашылықтардың біразы техника паркін жаңартқан көрінеді. 8,6 мың ірі қара мал бағылып, оларды асылдандыру жұмыстары жүргізілуде. Көркем ауылында жаңа мектеп салыныпты. Жергілікті бюджеттен қаржы бөлініп, күре жолдарға ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген.
Облыс әкімі өз сөзінде ауданның Астана қаласын ет және сүт өнімдерімен қамтамасыз етуге жеткілікті үлес қоса алмай отырғандығын атап көрсетті. Сондай-ақ, бірқатар өзекті мәселелерге назар аудара келе, арнайы техника сатып алынып, жол пайдалану учаскесі ашылатынын жеткізді. Мұнда да орталық аудандық аурухананың бас дәрігері Наталья Шуминаға жедел жәрдем автокөлігінің кілті тапсырылып, бірқатар мамандар Құрмет грамоталарына ие болды.