Шымшымалар

Бәкеш АЙСИН

Көршілер
Біздің көрші
Ауылымыздың молласы.
Ал, емші
Ол кісінің жолдасы.

Қарызға ақша сұрадым,
Келіп қалғасын күз деген.
«Құдайы көршің үшін
Намазыңды бұз деген».
–Дұрыс айтасың, көршім, – деді,
Кедей болсаң да, ерсің! – деді.
Біраз уақыт шыдай тұршы,
Біреу-міреу өлсін – деді.

О, заман-ай,
заман-ай…
Әйелге – әйел тиіп ап,
Еркекті-еркек сүйіп ап,
Тұрмыс құрған заман-ай.
Әкіммінғой, – деп қойып,
Көп ақшаны жеп қойып,
Қылмыс қылған заман-ай.

Түнгі
көбелектер
Базардың әр жағында,
Темір жол вокзалында,
Қонақ үйдің жанында,
Ресторанның маңында,
Жезөкшелер қаптап жүр.
Құдайдың қыз қылып,
Жаратқанын ақтап жүр.
Теңге бергенді жақтап жүр,
Доллар бергенді мақтап жүр.
Қалталыларға мазақ болып,
Қазақ атын даттап жүр.

Қазақтың
жиендері
Немістен де жиен бар,
Кәрістен де жиен бар.
Ой, шіркін,
Қазақтың қыздарын-ай…
Дән болып егілген бе?
Жиен бар негрден де.

Жалғыз
қалған ана
Еркегүл Кенжегүлге
«Мамканы қолыңа алсай» – деді. Кенжегүл шешесіне
«Тұңғышыңа барсай» – деді.
Тұңғышы «үйіміз тар» – депті.
–Қодаржанға бар, – депті.
Қодаржан Жұмақанға,
Жұмақан Жұматайға
Шығарып сала берді,
Ана жалғыз қала берді.
***
Дәл осындай ұл-қызды,
Қай күні құдай туғызды?!.

«Банкі»
Байларда да «банкі» бар,
Кедейде де «банкі» бар.
Байлардікі.
… «Альянс банкі», «Нұр банкі».
Кедейдікі
1л, 2л, 3 литрлік құр банкі.

Шала қазақ
«Қазақпын» – деп шұжық жейді,
Табағыңа қол салып.
«Шошқа ұстаған қызық» – дейді,
Қорасына тор салып.
Газеттерге жазылғанда,
Орысшасын қалдырмайды.
Ең болмаса «Балдырғанды»,
Сәбиі үшін алдырмайды.
Әкесі де қара қазақ,
Шешесі де қара қазақ,
Түсіндірші құдай үшін.
Қайдан шықты шала қазақ???

Қиын қонақ
Соғымға егер шақырсаң,
– Тағы кімдер бар? – деп тексереді.
Сосын өзі бәрінен кеш келеді.
Ал, шақырмасаң,
– Асыңнан ауыз тимедік, – деп,
Үйіңе бес келеді.

Белгісіз бағыт
– Кітап алыңыз, – деп едім,
–  Болмай тұр тиын-тебен, – деді.
Ілесіп дүкенге кеп едім,
Үш-төрт шөлмекті көгендеді.
Ақшаны шашып араққа,
Барамыз біздер қай жаққа?

Кітап дүкені
Дүкеншісі бір орынында тұрмай,
Жорғалап жүр құрдай.
Орысша сауатты болғанымен,
Қазақ әдебиетінен жұрдай.
Білмейді Құнанбайды да,
Білмейді Тұманбайды да.
Ал, саудадағы қабілеті,
Сатады Күн мен Айды да.

Жебір
Кеңес үкіметінің аламаны,
Енді коммерсант болып саналады.
Бұрын жесе жасырынып,
Қазір қадалған жерінен қан алады.

Күткені
құлын ғана
Былтыр да байтал қысыр қалды,
Биыл да байтал қысыр қалды,–
деп үй иесі Жұманәлі
Қара айғырды кінәлады.
Ал, өзі анау Жұпарға
Қосылғанына он үш жыл.
Он баладан болса жұрттарда,
Бұларда жалғыз Қоныс жүр.

Әттең-ай,
әттең…
Үйінің есігі кодовый,
Телефоны сотовый.
Өзі қазақ болса да,
Қазақша тілі мертвый.
Білеміз бұл ағаны,
Автомобилі бағалы.
Әттең-ай, әттең, не керек,
Ұлттық намысы шамалы.

Жұма күнгі
шақырыс
– Ассалаумағалейкум!
– Уағалейкум…
– Молдеке…
Сізді шақыра келгенім.
– Кім еді, шырақ, өлгенің!
– Ой-бай!!!
Жаман сөзді атамаңыз
Бүгін күн жұма болғасын,
Дұға оқытайық,– деп еді
Ата-анамыз.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар