Көрегенділіктің тағы бір дәлелі

 Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаев  Қазақстан халқына арнаған кезекті Жолдауын  жылдағыдай жылдың басында емес, өтіп бара жатқан жылдың аяғында арнауының себептерін Жолдауды тыңдаған әрбір зерделі адам түсінуге тиіс.

 Шынында да, бүгінгі таңда әлемде орын алып отырған түрлі жағдайлар, сонау 2007 жылдан бері жалғасып келе жатқан қаржы дағдарысы, біраз мемлекеттердегі келеңсіз жайлар, алпауыт елдер арасындағы теке-тірес сынды мәселелердің  әлемнің барлық елдеріне дерлік өзінің кері әсерін тигізері хақ.
  Елбасы өз Жолдауында баса назар аударғандай, мұндай күрделі жағдайдан еш қиындықсыз өту мүмкін емес. Яғни, біз – Қазақстан оған дайын болуымыз керек. Олай болмаған жағдайда іс түзелмейді, жағдай жақсармайды. Міне, Елбасының жыл аяқталуға бір жарым айдан артық уақыт қалғанда өз Жолдауын паш етуі осындай жайлардан туындап отыр деуге негіз бар.
Зейін салып қарасақ, биылғы Жолдаудың бұрынғылардан өзгешелігі көзге ұрып тұр. Біріншіден, мәселе Ұлттық қорға байланысты болып отыр. Мәселен, осы уақытқа дейін талай «білгіштер» «Ұлттық қордағы ақшаны халыққа үлестіріп беру керек» деген сияқты ұшқары пікірлер де айтқан болатын. Сондай-ақ, «қашан пайдасын көреміз» дегендей мазасыз күй кешкендер де аз болмаған еді. Енді міне, Елбасы атап көрсеткендей, сол Ұлттық қорға қол салатын сәт туды. Қаржы дағдарысы «тізгінге көнбей» тұрған шақта экономикамызды алға бастырып, көптеген әлеуметтік жобаларды тоқтатпау, жалақы мен зейнетақыдан тарықпау үшін осы уақытқа дейін «көздің қарашығындай» сақтап келген қазына кәдеге асатын болды.
 Екіншіден, 2015 жыл басталғанға дейін Парламент қажетті заңдарды пысықтап, Үкімет керекті бағдарламаларды тәптіштеп, бюджетті бекітіп дегендей, Президент атап өткен «Нұрлы жол» бағдарламасын жүзеге асыруды бастауға дайын болу үшін Елбасы өзі айтқандай Жолдау жылдағыдан ертерек паш етілді. Сондай-ақ, биылғы Жолдаудың тағы бір ерекшелігі, осы уақытқа дейін атына заты онша сай болмай келген «Қолжетімді бас-
пана» мәселесі нақты мәніне ие болатын болды. Нақтырақ айтсақ, несиенің үстеме ақысы 1-2 пайыз-
дан аспай, ешқандай делдалға жол берілмесе, бұл тұрғыда іс алға басуға тиіс. Енді осыған инфрақұрылымды одан әрі дамыту, әлемдік стандарттарға сай жолдар салу, әуежайларды жаңғырту сынды мәселелерге де қыруар қаржы бөлінетіндігін қоссақ, әлемдік қаржы дағдарысы  «бізді айналып өткен бе?» деген ойға қалуға болады. Бірақ олай емес.
Бәрі Елбасының сындарлы саясатының арқасы. Айтпақшы, Президент бөлінетін қаржының әрбір тиыны үшін қатаң сұраныс болатындығын ерекше атап өтті.   Сонымен, Елбасының кезекті, мерзімінен сәл ертерек жарияланған Жолдауы еліміздің одан әрі де қарқынды дамуының жолдарын анықтап берді. Ендігі міндет – онда көрсетілген міндеттерді бұлжытпай орындау.

Жексенбай  ДҮЙСЕБАЕВ,
Қазақстан Республикасы  Парламенті  Мәжілісінің 
депутаты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар