Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Жұлдыз жарығы - АРҚА АЖАРЫ

Жұлдыз жарығы

Арғы-бергі Көкше қаламгерлерінің жарқын есімдері санада жаңғырып, кешегі өткен, бүгінгі ортамызда жүрген игі жақсыларды ойлап кетсең, есіңе қапысыз түсе қалатын бір есім бар. Ол есімді енді сөнді деуге де қимайсың, өткен шақпен ауызға алуға да дәтің бармай тұрады. Өйткені, әлі ортамызда жүргендей, кездесе қалғанда әлі де сені түзу сәлемі, бауырмал жүрегімен баурап, өпкендей.

Мәтен ағаның ана сүті, ата-тегінің тектілігімен бойына біткен асыл қасиеттер оны бір атаның ғана баласы емес, қалың елінің перзенті деңгейіне көтергені  туған жері – Көкшетау үшін де үлкен  мерей болса керек. Өзі жоқ күндер, сағынтып қояр аяулы бейнесі соны шүбәсіз ұғындырған сайын бұл ақиқат одан бетер шынайылана түсіп, қолда бар алтынның қадіріне енді жеткендей толғанысты ой толқыны жан-дүниеңді тербеп жататыны тағы айқын.

Әрине, бұл – бір жағынан, елге қарата айтылған сөз. Кейде жақсымызды елемей, жампозымызды демемей, мына баянды-баянсыз уақыт үнемі өзіңмен, өзгелермен де бірге иықтасып тұратындай пендешілікке тізгінді ұстатып қоятынымыз жалған ба. Тірісінде ешкімнің ала жібін аттамай, адам мен адамның ара-қатынасында кіммен болсын, тонның ішкі бауындай жараса түскенімен, қатқыл билікке, түлкібұлаң заман мен айналасындағы өмір қайшылықтарына келгенде күлтебілтелеусіз, өз қайрат-қарымын қаламына жаныған әрі қарапайым, әрі қайсар мінездің иесі де қарап отырсаң, осы Мәтен ағамыз екен. Сөзге келгенде алғыр, қамшы салдырмас ағаның мірдің оғындай сын-сықақтарының да қайсысына айызымыз қанбады, көңіліміз толмады деп айта аласыз? Ондай жоқ еді. Тіпті, отыз жол жазғанынан өз жеке дара қолтаңбасы айқын көрініп тұратын. Соларды оқыған, ой елегінен өткізіп, жадыма тоқыған сайын осы бір жан менің өз қара басыма қисапсыз еңбекқор адамның әсерін қалдырушы еді. Расында солай-ды. Біз білетін сексенінші жылдардың бел ортасынан бері аға қаламынан туған небір әдеби, көсемсөз дүниелердің өзі осындай ойға табан тіретпей қоймайтын. Әдебиет пен баспасөздің барлық дерлік жанрына атсалысып, елеулі туындылар беру тек қана бесаспап қаламгердің қолынан келетіні ақиқат. Солардың ішінде көздеген нысанасына дөп тиюмен болған сындарлы сатирасының орны бір бөлек-ау деп топшылайсың. Ал, бұл қатарға басқасын айтпағанда, көркемдік деңгейі жоғары «Қасқатау» дастаны мен аса бір ыждаһатты аударылғаны дау туғызбайтын Мұрат Аджидің «Қыпшақтар» романын қосатын болсақ, нағыз сөз майталманы ретінде өзін жете таныта білген аға бітімі ерекше мен мұндаламай ма?!.
Осы арада даралық деген де бір сөз сұранып тұр-ау. Иә, ол – Мәтен ағаның кісілікке, адамгершілікке келгенде, талайдан биік тұрар мінез-құлқының даралығы, жанының тазалығы еді. Өз пайымдауымша, облыстық «Көкшетау» газетінің бас редакторы бола жүріп, аяулы жанның күнделікті тұрмыс-тіршілік, жүріс-тұрыстың ию-қию иінінде әлдебір астамшылыққа салынғанын, қызмет деп адам мінезінің өзгермелі бір кінәратына бой ұрып қалуын көрген-білгендер жоқ шығар. Қашанда серігі – биязылық, ара-арасында ақылға да, нақылға да жарайтын  берекелі сөзімен, ақжарқын кейпімен әдіптелген сыпайылық. Содан да болар, редакция қабырғасында әлі бергеніміз шамалы, береріміз де беймәлім, жаңа келген тұстың өзінде кабинетіне ағалап еркіндеу кіретінбіз. Жағдайымызды бұқпантайсыз ашық айтып, оң қабақ танытқан басшыдан бойымызға қанат, ойымызға от біткендей біртүрлі еңселеніп шығатынбыз.
Бұл әрине, әркезде бірдей ағамыз біздің кіруімізді тосып, жайдары, қаннен-қаперсіз кең отырады деген сөз емес. Редактордың жұмысы қызығуға, сол орынды көксеп, топшылауға ғана оңай. Басқа түскен соң енді көріп жүрміз оның не екенін. Әр жаңа нөмірдің жоспары, күніне әлденеше рет бірде жұмсақ, бірде бұйрық раймен үлкен үйден соғылатын қоңырау, «бүгін оқырлық не береміз?» деп шақшадай басың шарадай болатын оқырман қамы, бір істің бір іске қиюы келмей жататын жанталас, осының бәрі алдымен бірінші басшының мойнында. Бұған шығармашылық ұжымның өз ішіндегі кейде қу жаныңды ғана қалдырғандай болатын түрлі интриганы қосыңыз.
Сондықтан, алды толған қолжазба, біз көретін Мәтен ағамыз да бөлмесінде кейде қатулы, кейде тіпті шарасыздау кейіпте отыратын. Жоғарыда біз аңғартып өткен қиын жағдайдың бірі бұл кісінің басынан Жанайдар Мусин ағамыз обкомға хатшы болып сайланып, сол кісінің орнына өзі редактор болып тағайындалған тұста қылаң бергені де белгілі. Сол күндері өз қалауымен орынбасарлығына өзі жақсы білетін тұстасы, өмірді көрген, танымал журналист Сәкен Хасенеев ағамызды алып келіп, ұжымға таныстырғаны күні бүгінгідей есте. Сол Сәкен ағамен кейін қашан Көкшетау облысы таратылғанша облыстық телерадиокомпанияда бірге қызметтес болдық, тіпті,  жақын да араласып тұрдық. Адамгершілігі өте мол, тамаша бір жан еді.
Бірақ, осы кісілігіне, қаламгерлік қабілет-қарымына еш шүбә келтірілмегенімен, ұжым жаңа басшының бұл ұсынысын қолдай қоймай, сол ағамызға бірер күннен кейін өзі іштей түсініп, келген қызметінен қайта кетуіне тура келді. Бұлай болуына себеп, дәл сол кезде қазіргідей емес, кадры мол, шығармашылық әлеуеті жоғары дейтін газеттің өз ішінде де осы орынға лайықтылардың сөзсіз баршылығы еді. Дегенмен, бір басылымның тағдыры өзіне сеніп тапсырылған редактордың да мұндайда қарамағындағыларды аласартпай-ақ, өз діттеген шешімі, осы жөн-ау деген қисыны болатындығын естен шығармайық. Осы орайда, ұжымға өз сөзінің өте қоймауы қай басшыға оңай тиеді дейсіз. Бәлкім, ішінде бәрі қайнап жатса да, Мәтен ағамыздың сырт көзге ештеңе сездірмей, сол тұйықтан өзін де, өзгелерді де сабырлылықпен ойдағыдай алып шыға білуі бір жағынан қанына біткен ұстамды мінезінен, екінші жағынан редактор ретінде талайды көрген тісқаққандығынан-ау деп ойлаймын.
Әдетте, адамды шыңдайтын өмір мен ортасы. Редакторды да солай. «Торғай таңында» газет шығарудың талай-талай өткелегінен өткен, материалдық-техникалық базаның өзі бірден қалыптаса қоймаған жаңа облыста осы бір жанкешті жұмыстың небір ыстығына күйіп, суығына тоңған басшының маңдайына біткен екінші басылым – «Көкшетауда» да редакторлық қызметінің жемісті өрбуі заңдылық еді. Осы арада заңдылық деген сөзімізді де сәл тарқата кетейік. «Ойлап отырсам, Мәтен марқұмның «Торғай таңын» ұзақ жыл басқарып, кетер-кеткенше қадірін жоғалтпай, қайта көкіректе жылы ұялап қалуы оның керемет кісілік келбетінде екен. Жасыратыны жоқ, ұлы Абай айтқан «өзінде бармен көзге ұрып», «бас басына би болған» өзімшіл жұртпыз ғой. Ол кезде газеттегі моральдық, психологиялық ахуал да оңды емес еді. Соның себеп-салдарына көз жүгіртіп, сабасына түсіруде Мәтен көп еңбек сіңірді» деп жазған еді биыл аға қазасына байланысты Ақмола облыстық «Арқа ажары» газетінде жарық көрген аза сөзінде торғайлық белгілі ақын Әбжан Әбілтай.
Міне, туған жеріне осындай биік өресі, толысқан іс-тәжірибесі, былайша айтқанда, мол көрген-түйгенімен қайта оралған ағамыздың сол бір ауыс-түйісте облыстық «Көкшетау» газетінің де тізгініне бекем ие болуы редакция қабырғасындағы баршамыз үшін ешбір дау тудырмас қалыпты жағдай болатын. Әрі ол кісінің бұл жақта осы лауазымға бірден емес, сатылап көтерілгені де есімізде. Торғайдан келіп, хат бөлімін басқарып жүргенінде қаламын небір өзекті тақырыптарға құлшына сілтеп, «Хаттар» бетін түрлендіріп-ақ жіберіп еді. Әсіресе, кемшілік атаулыға бүйідей тиетін «Біздің Ара» топтамасында сатирик жазушының қолтаңбасы айқын сезіліп, фельетон, өлеңіне дейін өткірлігі, көркемдік деңгейімен көзге бірден ұрып тұратын. Одан арғы редактордың орынбасары қызметінде де сол баяғы жұмыс үстелінде тапжылмай, көз майын тауысып, ертеден қара кешке бөлім-бөлімнен түсетін қыруар материалды ынта-шынтасымен, ерінбей-жалықпай ой сүзгісінен өткізумен болатын тынымсыз кейпін ғана көретінбіз. Мақаланың мұртын басып, кем-кетігін түзеуде қамшы салдырмайтын шебер әдеби редакторлығы да әмбеге аян-ды.
Сөйткен, Мәтен ағаның Жанайдар аға сияқты өз жеке басыма танытқан қамқорлығына да ризамын. Бірер апта өзінің ұйғаруымен ауыл шаруашылығы бөлімі меңгерушісінің міндетін атқарып жүрдім де, көп ұзамай біржола хат бөліміне жетекшілік ететін болдым.
– Әуелде сені сенім артып, ауыл шаруашылығы бөліміне жөн көріп едім. Бірақ, кейін тағы бір елеп-екшеп, жол жасы үлкен ағаларыңдікі деп отырмын. Сен баратын хат бөлімі де осал емес. Газет пен оқырман арасын байланыстыратын негізгі бөлімдердің бірі. Бұған дейін Нұрқан ағаңмен бірге істеген өзіңнің сыралғы бөлімің,–деп еді сол тұста жауапкершілік жүгін барынша сездіре түскендей болып.   
Осы күні үнемі сол сөз де есімнен шықпай, бөлім жұмысын бір кісідей алып жүрдім ғой деп ойлаймын. Әйтеуір, алдымдағы ағаларға ұқсап бағып, солар салған сара жолдан ауытқымағаным аян. Жақсының шарапатын қараңызшы, Мәтен ағам туралы айтайын деп отырып, аз ғана уақыт сол бөлімде бірге қызмет атқарған тау тұлғалы Әуез Өтеев ағамыздың да жанының жайсаңдығы көз алдымда көлбей өтіп жатқан жайы бар. Күні кеше ғана қасына артық-ауыс жақындаудың өзіне тайсалған редактордың білдей бір бірінші орынбасары. Енді міне, зейнеткерлікке шыққан соң ол кісі де хаттар бөліміне келген. Жазуы маржандай. Сол мәнерімен алдындағы хатын қорытып болады да, оқуға маған қарай сырғытады. Кешегі басшымыз, орнымнан лезде ыршып түсемін.
– Жоқ, аға, мен сіздің материал-ыңызды оқымаймын. Сол күйі жібере беріңіз.
Әкемдей бола тұра, үлкен адамның бойындағы қалыптасқан тәртіпті айтсайшы.
– Сен бөлім меңгерушісісің. Қысыл-ма. Оқуың керек, – деп көнбейді. Көбіне қолымды қоямын да, бірден секретариатқа жөнелтемін. Ал, кейде оқи қалсаң болды, айна-қатесіз, әдемі жазуы соңына дейін өзі жетелейді де отырады.
Шіркін, осы күні Мәтен, Әуез ағалардың өз ісіне деген сол бипаздығы қайда? Бүгінгінің жастары қолмен жазбақ түгілі, компьютерде өзі терген материалын үстінен қарап, оқып шығуға ерінеді. Сосын да ара-арасында сөйлем мен сөйлем байланыспай, әріп қатесінің өріп жүргені…
Біздің буын үлкендердің әрбір орынды деген ақыл-кеңесін құлағымызға құйып алуға тырысушы едік-ау. ҚазМУ өз алдына, Жанайдар аға, Мәтен, Баймұрат, өзге де ағалар өзімізді журналистиканың көне соқпағымен қаншама ілгері жетеледі, бірде батырып, бірде жұмсартып айтса да, әрдайым тек қана тілеуқорымыз бола білді. Мәтен ағаның «Халық кеңесіне» жұмысқа сұранғанымда қатты қиналғаны да әлі күнге жадымда. Алдында ғана редакциядағы бас көтерер жігіттердің бірі – Кәрібай досым республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің Көкшетау облысы бойынша меншікті тілшісі болып тағайындалып, жұмыс қолы қысқарыңқырап қалған тұс еді. Сонда да алған бетімнен қақпады, түсінді. Жалпы, кейін де жаны таза, пейілі кең ағамыздың мұндайда біреудің жолына кесе-көлденең тұрып, бағын байлапты дегенді атымен естімеппіз. Бұл да ішкі сезім-түйсігінің молдығынан еді. Әйтпесе, осының бәрі сол тұста редактор ретінде өз басына әсте де оңай соқпағаны белгілі. Мәселен, бұл кезде редакцияның Бақберген Амалбеков, Мәули Әлімов сияқты белді қызметкерлері де бірінен соң бірі республикалық басылымдарға меншікті тілші болып ауысып жатты. Осының бәрін бертін абзал ағаның өзі де «Бұқпа» газетінде жарық көрген ғұмырнамалық баянында тарқатып жазып кеткені мәлім.
Осылайша өзі тұщысы мен ащысын бірдей көрген үш басылымның қай-қайсысында да өзінің азаматтық, қаламгерлік һәм редакторлық парызын терең түсініп, адал өтеген Мәтен аға шынымен де бақытты жан. Несімен дейсіз ғой? Соңында қалған бір қаралық кітаптарымен. Артында бір ауыз жақсы сөзін айта жүретін тұстастары, біздей інілері, шәкірттерімен. Жалғандық пен жасандылық атаулыға жаны қас сирек қасиетіне дейін жүректерде жатталып қалуымен. Осы күні көзі тірі болса, ендігі өзі негізін қалаған «Бұқпасында» мына алмағайып заманның суқаны сүймес талай кілтипанын дөп басқан қаншама өткір дүниелері жалғанның жарығына шығып, бәз баяғыдай әлі де оқырманын баурап жататын еді. Арғы жылы қыста Қопа көлінің үстімен бір жүріп өткенінің өзінде балықшылар мұзда қалдырған көр-қоқыстан үлкен экологиялық проблеманың шетін қылтитқан көзі қарақты, ұстанымы мықты ағамыз емес пе еді. Оның бәрі енді тек соңында қалған мол мұра.
Мына қамшының сабындай қысқа ғұмырда әркімнің мың өкініші, соның ішінде «қап, әттеген-ай» дегізетін бір өкініші болады екен. Кейінгі жылдары ағамызбен құданың құдасы дейтіндей, туыстыққа ұласа бастаған сыйластығымыз да өте жақсы еді. Жүрегіне ота жасатып, Жаңыл тәтеміз күні-түні ауруханада қасында болғанда да, халін біліп, жылы сөзімізбен көңілін демдеп шыққанбыз. Одан кейін де қым-қуыт тіршілік, мойын бұрғызбайтын газет жұмысы… Соңғы рет Алматыда емделіп келіп, бүгін-ертең барып шығайын деп жүргенімде, аяулы жанның бізді күтіп тұрмайтын қазасы да жан-дүниемізді астан-кестен еткен. Пендеміз ғой, артынан барып қана өкініп, санымызды соғып жатамыз. Тұрлаусыз өмір деген осы екен. Ештеңе күйіп-жанып жатқан жоқ, бір жарты сағат уақыт тауып, неге көзі тірісінде бір кіріп шықпадым екен деген сол күндердегі өкініш ойлап кетсем, әлі де жаныма тыным бермейді. Өзің сыйлап, шын бағасын білген, саған деген риясыз ақадал көңілін де жақсы аңғарып, ықылас-пейілін көрген жанның алдында бұл да болса, бәлкім, інілік парызым шығар маза бермей жүрген.
Қазақ баспасөзіндегі алымдылар мен шалымдылар қатарынан ойып тұрып өз орнын алған аға есімін мәңгі есте қалдыру да ендігі жерде біздер, көзі тірілер үшін үлкен бір сын. Осы орайда, өзі тұрған үйіне ескерткіш тақта орнатылуына қадам жасалса, жақсы-жайсаңдарымызды ұмытпай, ұлықтай білуде ұлағатты бір іс сол болар еді. Манадан бері өлді деуге болмайтын Мәтен аға жайлы айтылып жатқан тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні: жақсының аты ешқашан өшпейді. Адам баласына бір-ақ рет берілетін азды-көпті өмірді таза, адал сүрудің, қаламымен, ұлтжандылығымен туған халқына қалтқысыз қызмет етудің жарқын үлгісін көрсетіп кеткен жайсаң жанның талай жақсы қасиеті мен мұндалап, жарық жұлдыздай өзіне тартып тұрары анық.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар