Өткен ғасырдың орта шенінде сол кездегі Кеңес Одағының орталығы астықтан, оның ішінде бидайдан таршылық көрмес үшін тың және тыңайған жерлерді игеруге бастамашы болғандығы белгілі.
1954 жылдың наурыз айында «Астық өндіруді одан әрі ұлғайту және тың және тыңайған жерлерді игеру туралы» шешім қабылданып, онда Қазақстанда, Сібірде, Оралда, Солтүстік Кавказ бен Қиыр Шығыстың кейбір аудандарында тың жерлердің есебінен дәнді дақылдар егістігінің көлемін 13 миллион гектарға дейін жеткізу жоспарланған болатын. Бұл көрсеткіштің жартысын бір жыл ішінде қазақ жерінде игеру міндеті тұрған еді.
Міне, биыл бұл бастаманың қолға алынғанына 60 жыл толып отыр. Әрине, Тың игерудің пайдасы мен зияны туралы алуан түрлі пікірлер айтылуда. Дегенмен, бүгінгі әңгіме ол туралы емес. Сайып келгенде, бұл да біздің тарихымыздың бір парағы.
Өткен сенбі, яғни қарашаның 14-і күні Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында Ауыл шаруашылығы қызметкерлері күні мен Тың және тыңайған жерлерді игерудің 60 жылдығына орай салтанатты жиын өтті. Шараға алғашқы тың игерушілер, ауыл шаруашылығы саласының ардагерлері, Қазақстан Респуб-ликасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары, ауыл шаруашылығы министрлігі және басқа да мүдделі ұйымдардың өкілдері қатысты. Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков өз баяндамасында Қазақстан және бұрынғы одақтың басқа да елдері үшін тың жерлерді игеру тарихи сипатқа ие, аса маңызды оқиғалар қатарына жататынын атап өтті.
1954 жылы бүгінде Александр Бараев атына ие болып отырған Шортанды кентіндегі Астық шаруашылығының ғылыми-зерттеу институты құрылды. Институт топырақты эрозиядан (бүлінуден) қорғау мақсатында дәнді дақылдардың өнімділігін арттыруға мүмкіндік беретін егін шаруашылығының топырақ қорғау жүйесін әзірлеген болатын.
1953 жылы бұрынғы Кеңес Одағының бидай себетін егіс алқабының 11,3 пайызы Қазақстанға тиесілі болса, 1960 жылы оның үлесі 30 пайызға жетті. Қарапайым тілмен айтсақ, Қазақстан ең ірі астық өндіруші аймақтардың бірегейіне айналды. Жалпы тың игерілген жеті жыл ішінде Қазақстанда 100 миллион тоннадан астам астық жиналды.
Бүгінде Қазақстанда ауыл шаруа-шылығының үлесінде 21,8 миллион гектар егіс алқабы бар. Ал, ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі 2004 жылмен салыстырғанда 4 есеге дейін көбейіп отыр.
Жиын барысында «Тыңның өткені мен бүгіні» фотокөрмесі, раритеттік ауыл шаруашылығы техникалары көрсетіліп, ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Сондай-ақ, журналистер арасында өткізілген «Тыңға арналған ең үздік материал» байқауының қорытындысы шығарылып, бас жүлдені Целиноград аудандық газетінің қызметкері, қарт журналист Моисей Михайлович Гольдберг иеленді.
Сонымен қатар, салтанатты жиында
23 тың ардагеріне «Еңбек ардагері» медалі табыс етілсе, мұндай құрметке біздің облыстан Социалистік Еңбек Ерлері Ибрагим Жанғоразов, Владимир Дитюк пен Тұрлыбек Әбілпейісов ие болды.
Тың игерудің мерейтойына арналған шара өнер шеберлерінің концертіне ұласып, Маржан Арапбаева, Ескендір Хасанғалиев, Таңатар Досымжанов және басқа да танымал өнер иелері әннен шашу шашты.
Астана қаласы.