Өткен сенбі күні облыс әкімінің бірінші орынбасары Қадырхан Отаров Көкшетау қаласындағы Тәуелсіздік алаңы мен «Алтын ғасыр» сауда үйінің алдында ұйымдастырылған ауыл шаруашылығы жәрмеңкесін аралап көріп, ұйымдастырылу деңгейіне көңіл бөлді.
Бұл жолғы дәстүрлі жәрмеңкеде Зеренді, Шортанды аудандарының ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері мен облыс орталығындағы ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуші кәсіпорындар өздері өндірген азық-түлік тағамдарын саудаға шығарды.
Жәрмеңкеде жалпы құны 41,8 миллион теңгенің 102,6 тонна азық-түлік тағамдары сатылды. Тұтынушылар назарына 32 тоннаға жуық ет пен ет өнімдері, 6,5 тонна ұн мен ұн өнімдері, 20,5 мың дана жұмыртқа, 11 тонна картоп, 12,5 тонна көкөніс, 6,6 тоннадан астам сүт және өзге де азық-түлік тағамдары ұсынылды. Мұндағы азық-түлік бағасы қала базарларындағыдан біршама арзан болғандықтан, тұтынушылар саны көп болды.
Шортанды ауданының әкімі Гүлнұр Сәдуақасованың айтуынша, бұл жолы жәрмеңкеге ет өнімдерінің барлық түрлерімен қатар, ет өнімдерін қайта өңдеумен айналысатын «ҚазГрупХолдинг» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өздері дайындаған қайнатылған, қақталған шұжық түрлерін де әкеліпті. Бұл өнімдер Астана қаласының көптеген дүкендеріне жөнелтілетін көрінеді. Жәрмеңкеде ауыл тұрғындары да өз тауарларын ұсынды. Ет, сүт және түрлі жемістер мен көкөністердің бағасы арзан болғандықтан, тұтынушыларға қол жетімді болды.
Жәрмеңкені аралап шыққан облыс әкімінің бірінші орынбасары Қадырхан Отаров Шортанды ауданының әкімі Г.Сәдуақасованың жәрмеңкені ұйымдастыру барысындағы белсенділігіне ризашылығын білдірді.
Аудан көркемөнерпаздарының концерттік бағдарламасы да жұрт көңілінен шықты.