Илья, Жазира, Жасұлан – бәрі де ерледі!

Ауыр  атлетикадан Алматыда аяқталған Әлем чемпионатының соңғы күндері отандастарымызға қуаныш сыйлаумен болды.

Ұлттық құраманың бас бапкері Алексей Ни бұл жарыста меже  екі алтын медаль деп еді. Бірақ, біздің спортшыларымыз одан асып түсіп, шаттығымызда шек болмады. Әу баста құрама қоржынына алғашқы алтынды салған Зульфия Чиншанлоға ризашылығымыз шексіз еді. Енді келесі алтынды Олимпиаданың қос дүркін жеңімпазы, үш мәрте Әлем чемпионы Илья Ильиннен күткенбіз.
Бұл екі ортада  зілтемір көтерген қазақ спортшылары арасынан тұңғыш Әлем чемпионы атанған Жасұлан Қыдырбаев та айды аспанға бір-ақ шығарып, қуанышымыз еселене түсті. Ол 94 келі салмақ дәрежесінде серпе көтеруден күтпеген жерден 219 келі салмақты бағындырып,  қоссайыс қорытындысы бо-йынша тағы бір алтынмен кеудемізді керемет қуаныш сезіміне бөледі де тастады. Мұның алдында қазақтың қайсар қызы Жазира Жаппарқұл да өзінің нағыз  спорттық бабында екендігін дәлелдеп, әлемнің небір ығай мен сығайларының арасынан қоссайыста күміс медальды жұлып алған.
Осының бәріне көңілдері тасыған жанкүйер қауым енді   келесі жеңісті атақты Илья Ильиннен күткен еді. Мұндайда сенімді ақтамайтын Илья ма?! Қоссайыс қорытындысында 432 келіні тік көтеріп, әрі серпе көтеруде 249 келімен әлем рекордын жаңартып, басты қарсыластарының бәрін артта қалдырған саңлақ спортшымыз тағы да тұғырдың биік сатысында мемлекетіміздің Әнұранын қосыла шырқап тұрды. Өзін осы тарихи жеңісімен құттықтаған Елбасына Илья өзінің бұл жеңісін Қазақстан Президенті мен Қазақстан халқына арнайтынын мәлімдеді.
Осылайша біз үшін қуанышты сәттері көп болған бұл Әлем біріншілігі де аяқталды.  Жалпы командалық есепте Қытай мен Солтүстік Кореядан кейін Қазақстан үшінші орынға тұрақтады. Өкінішке орай, өзіміз медаль күткен ақмолалық Анна Нұрмұхамбетова алтыншы орыннан әрі көтеріле алмады.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар