Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ел халқына жолдаған «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауын теледидардан үлкен тебіреніспен тыңдадық.
Елбасы өз сөзін «Біз Жалпыұлттық идея-мыз – Мәңгілік Елді басты бағдар етіп, тәуелсіздігіміздің даму даңғылын Нұрлы Жолға айналдырдық. Қажырлы еңбекті қажет ететін, келешегі кемел Нұрлы Жолда бірлігімізді бекемдеп, аянбай тер төгуіміз керек. Мәңгілік Ел – елдің біріктіруші күші, ешқашан таусылмас қуат көзі» деп бастады. Осы бір қуатты, жарқын, көңілге сенім ұялататын, берекелі болашақты меңзейтін, келісті келешекті көрсететін пікірлерде тыңдаған жанның бойына құйылар қаншама күш-қуат бар десеңізші. Бір ғана Нұрлы Жол деген сөздің сәулесі, арай шашқан мазмұны қандай. Жолдауды тыңдап болған соң отбасы мүшелерінің әрқайсысының көкірегіндегі болашаққа деген сенім нығая түскендей. Бүкіл саналы ғұмырын еңбекпен өткізген менің де, өмір жолын енді ғана бастап жатқан жастардың да сондай күй кешкені анық. Шүкіршілік дедім ішімнен, сендердің жолдарың нұрлы, сәулелі жол болады екен.
Елбасы өз сөзінде қайнаған тіршіліктің күре жолдардың бойында екендігін қадай айтты. Шынында да жол адамның, сол адамдардың баршасының басын құрайтын мемлекеттің қиян асуларға құлаш ұратын сапарының өзегі. Барлық аймақтардың теміржолмен, тас жолмен, әуе жолымен өзара тығыз байланысу керектігіне де тоқталды. Ал, Елбасының ерен ерік-жігерінің арқасында аса сәулетті болып бой көтерген Астанадан тарайтын жол ұлан-байтақ сүйікті Отанымыздың түкпір-түкпіріне жасампаздық рухын жеткізеді. Демек, жол экономикалық байланыстарды ғана нығайтып қоймайды, Нұрлы Жолдағы рухани бірлікті, тынымсыз тірлікті жалғастырмақ.
Елбасының халыққа Жолдауы өміріміздің сан саласын қамтыған, терең ойластырған, әркімнің көкірегінде үміт отын тұтататын, сенімін нығайтатын құжат болып шықты. Терең әрі салмақты, жарқын әрі жауапты. Әсіресе, тұрғын үй туралы ой оралымдары айтылған тұсты тұшынып тыңдадық. Ендігі арада мемлекет әлеуметтік жалдамалы бас-пананы салып, оны тұрғындарға сатып алу құқығын бере отырып, жалға ұсынбақ. Облыс орталығының іргесінде тұрғаннан кейін көптеген адамдардың баспанаға зәру екендігін жақсы білеміз. Ендігі арада, әсіресе, жастарға қол жетпес армандай болып көрінетін баспана мәселесі де оң шешілмек. 2015-2016 жылдары тұрғын үй құрылысын қаржыландыруға қосымша 180 миллиард теңге бөлінбекші. Егер үй салынатын болса, құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілетін болса, қаншама адамдарға жұмыс болады, отбасын асырайтын нәпақа болады.
Ауыл тұрғындары үшін алдымен білім беру, денсаулық сақтау, сондай-ақ, ауыл шаруашылығының дамуына көрсетілетін қамқорлық өте маңызды. Осы жолғы
Жолдауда аталмыш салалардағы бұрынғы бағдарламалардың жалғаса беретіндігі
туралы ашып айтылды. Шындығын айту керек, соңғы жылдары ел іші еңсесін тіктеп келеді. Қазір жастар ауылда тұрғаннан кейін негізгі күнкөрістері мал басын көбейтуге мықтап кірісе бастады. Үкімет тарапынан бірнеше бағдарламалар қабылданып, қаржы да құйылып жатыр. Ендігі арада дамудың сара жолы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, Нұрлы Жолға айналмақ.
Өзгеше серпін алатын, айрықша қуат берген, дамуымыздың бағытын бағдарлап, болашағымызды айқындаған Жолдау шын мәнінде егжей-тегжейлі, өмірлік маңызы бар мәселелердің басын қосып, шешімін сарабдал салмақпен айқындаған құжат. Біз, елдің елдігін көксейтін ауыл адамдары Елбасының Жолдауында айтылған пікірлері мен саясатын қолдаймыз. Әрекетіміз көбейіп, берекетіміз арта берсін.
Сартай ЖҰМАҒАЛИЕВ,
Социалистік Еңбек Ері.
Жаңаауыл ауылы,
Зеренді ауданы.