Түзу жолға салады

Пробациялық қызмет – есепте тұрған адамды бақылау мен оның тәртібіне талаптар қою ғана емес, оған көрсетілетін оңалту, әлеуметтік көмек болып табылады.

Ауыр емес, орташа ауырлығы бар қылмыстар үшін пробацияның қажет екені даусыз. Балама жаза орташа ауыр қылмыс жасағандарға қолданатын және құқық бұзушыны түзетуге ықпал ететін мазмұндағы қылмыстық-құқықтық сипаттағы шара ретінде қарастырылған.
Қазіргі таңда біздің еліміздің құқықтық саясатында алдыңғы қатарлы Еуропа, Америка, Азия мемлекеттері сияқты, қоғамдық қауіпсіздікті тудырмайтын істер үшін бас бостандығынан айырмай жазалауды қолдануды іске асыру қолға алынды. Еліміздегі заңнамаға сәйкес, сотталушыларды қоғамнан оқшауламай жазалаудың жаңа түрлерімен қатар, қауіпсіз құқық бұзушыларды жазадан босату тәжірибелеріне негізделген институттар қарастырылуда. Шартты түрде соттау, жазаны өткеруді кейінге қалдыру, шартты мерзімінен бұрын өтеу сияқты жазалауды орындау батыс елдерінде бұрыннан қолданылып отыр. Көп жағдайда пробацияны сотталушыны әлеуметтік тәсілдермен түзетуге бағытталған заңмен қарастырылған санкция ретінде түсінуіміз қажет.
Көкшетау қалалық қылмыстық атқару инспекциясында қызмет істейтіндіктен мен шартты түрде бас бостандығынан айырылған 10 адамға қадағалау жасап отырамын. Оларды жұмысқа орналастыруға ықпал жасадым.  Бұл күнде олар құрылысшы, жүргізуші, күзетші, жүк тиеуші болып еңбекке орналасты. Біздер олар еңбек етіп жатқан ұжымдарда болып, жағдайларымен танысып отырамыз. Ауырып қалған жағдайда дәрігерлік көмекпен қамтамасыз етеміз. Тоқ етері, әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетеміз.
Пробациялық қызметтің өз тәртібі бар. Шартты түрде бас бостандығынан айырылғандар айына екі рет пробация қызметіне келіп, тіркеліп тұруға міндетті. Сондай-ақ, қала аумағына шықса немесе тұрғылықты мекен-жайын ауыстырса пробациялық қызмет өкілдеріне міндетті түрде хабарлауы қажет.
Бейбіт өмірде аяғын шалыс басып, темір тордың ар жағына тоғытылған адамдардан күдер үзуге әсте болмайды. Олардың арасында да істеген қылықтарына өкініп, жаза басқан әрекеттеріне қапаланып жүргендері де аз емес. Ал, шартты түрде босағандардың бойынан адал өмір сүріп, еңбек етуге деген құлшынысты  байқағанда, біз жүргізіп жатқан тәрбие жұмыстарының аз да болса септігі тиіп отыр деген ойдамыз.  
Бибігүл БҰЛАНОВА,
Көкшетау қалалық қылмыстық атқару
инспекциясының аға инспекторы, әділет капитаны.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар