Ғалымдар зерделеп, жастар жырға қосып…

Облыс орталығындағы Мәлік Ғабдуллин музейі мен Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің ұйымдастыруымен Кеңес Одағының Батыры, академик, жазушы Мәлік Ғабдуллиннің туған күніне орай, «Қазақ жазуы тарихының түп негіздері және бүгінгі кейбір проблемалары» тақырыбында ғылыми конференция өткізіліп, соңынан «Елі үшін еңбек еткен батыр Мәлік» атты жас ақындар мүшәйрасының жеңімпаздары анықталды.

Конференция басталмас бұрын күні кеше ғана жер қойнына тапсырылған екі мәрте Кеңес Одағының Батыры марқұм Талғат Бигелдиновті еске алу құрметіне бір минут үнсіздік жарияланды. Одан соң шараны Мәлік Ғабдуллин музейінің директоры, ақын Құдайберлі Мырзабек ашып, жүргізіп отырды. Ол 15 қараша Мәлік Ғабдуллиннің туған күні екенін еске салып, осынау мерейлі күнге орай, жыл сайын дәстүрлі түрде «М.Ғабдуллин оқулары» мен ғылыми конференцияның өтетінін тілге тиек етіп,  батыр бабамыздың  100 жылдық мерейтойы қарсаңында атқарылып жатқан бірқатар шаралармен таныстырып өтті. Жиында Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің бірінші проректоры, техника ғылымдарының докторы Темірхан Жарқынбеков сөз алып, ерліктің жарқын үлгісін көрсеткен, артына өшпес мұра қалдырған Мәлік Ғабдуллиннің есімі ұрпақ жадында мәңгі сақталатынын жеткізді.
Конференцияда «Қазақ халқының әліпби жүйесіндегі алғашқы жазуы», «Ежелгі ғұн жазуының генезисі мен түркі жазуымен байланысы», «Мәлік Ғабдуллин еңбектеріндегі әліпбилік қолданыс кезеңдері» тақырыптарында «Көкше» академиясының профессоры, филология ғылымдарының докторы Қасиет Мәлғаждаров, Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты Сәбит Жәмбек пен қазақ тілі мен әдебиеті мамандығының магистранты Ауғанбек Манарбек жасаған баяндамаларда алғашқы жазулардың пайда болу тарихы кеңінен әңгімеленді. Ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Ерболат Баятұлы «Алаш арыстары және қазақ жазуы мәселелері» тақырыбында келелі ой түйіндеді.  Мәлік Ғабдуллин музейінің қызметкері Қуаныш Оспанов тіл жайында толғаулы терме айтып, көптің көңілін тербетті. Құдайберлі Мырзабек те Талғат Бигелдиновтің рухына бағыштап, өлең оқыды.
Конференция одан әрі жас ақындар арасында «Елі үшін еңбек еткен батыр Мәлік» атты жыр мүшәйрасымен жалғасын тауып, Жанайдар Мусин атындағы қазақ педагогикалық колледжінің оқушысы Хапсамет Нұрғайып, «Көкше» академиясының студенттері Ақынбай Сәрсенби мен Гүлдана Догдырхан және Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің студенті Мұхаммед Қоңқаев бақ сынасты. Қазылар алқасының ұйғарымы  бойынша жас ақын Ақынбай Сәрсенби бірінші орын алып, мүшәйраның өтуіне демеушілік көмек көрсеткен облыстық «Арқа ажары» газетінің бағалы сыйлығына ие болды. Ал, екінші және үшінші орындардан көрінген Мұхаммед Қоңқаев пен Хапсемет Нұрғайып та арнаулы жүлделерге ие болса, Гүлдана Догдырхан Алғыс хатпен марапатталды. Осылайша даңқты жерлесіміздің туған күні осындай мазмұнды шаралармен есте қалды.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар