халық денсаулығын қорғау жолында

«Нұр Отан» партиясының Ақмола облыстық филиалының қоғамдық қабылдауында азаматтардың өтініштерін қабылдау күні – «Депутатпен тікелей желі» өткізілді. Онда сайлауалды тұғырнаманың «Ұлт денсаулығы» бағыты бойынша сараптама тобының жетекшісі, партияның облыстық мәслихаттағы фракциясының мүшесі Серік Аяғанов денсаулық сақтау мәселелері бойынша азаматтардың сауалдарына жауап қайтарды.

– Сәлеметсіз бе, менің аты-жөнім Берік Мұстафин. Екінші топтағы мүгедекпін. Көптен бері ревматологта емделемін. Менің сауалым, зейнетақымның аздығына байланысты дәрі-дәрмекті тегін алып тұруыма бола ма?
–Тегін берілетін дәрі-дәрмектің тізімі бекітілген. Ал, ол тізімге кірмейтіндерін науқастың өзі сатып алуы тиіс. Мен cізді ревматологтың қабылдауына жазып, емдеу шараларын белгілеп алайын. Сол бойынша ем алып, денсаулығыңызды түзеуіңізге болады.
–Облыс орталығында  емхана мен дәрігерді өз қалауымызбен таңдауға мүмкіндігіміз бар ма? Менің анам жиі ауырады. Сол себепті,  облыстық ауруханада емделгенді жөн көреді. Ал, мамандар ондай құқыңыз жоқ деп қалалық емханаға жібереді.
–Сіздің таңдау құқыңыз бар. Қазіргі уақытта «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырылуда. Біз төрт жылдан бері осы бағдарлама аясында жұмыс жасап келеміз. Оның негізгі бағыты бойынша науқастар  емдеу орындарын еркін таңдай алады. Сіздің учаскелік отбасы дәрігеріңіз бар, сондай-ақ, cіз порталда кезекке тұрып, облыстық ауруханада емделе аласыз. Егер бір кедергілерге тап болсаңыз, облыстық денсаулық сақтау басқармасының сенім телефонына хабарласуыңызға болады.
–Егер анамның қан қысымы кенеттен көтеріліп кетсе, бірден облыстық ауруханаға әкелуге бола ма, әлде, міндетті түрде қалалық емханаға апару керек пе?
–Бұл ретте, мұны жедел жәрдем қызметі шешеді. Егер науқас жүрек ауруымен ауырса, онда ол тікелей облыстық аурухананың тәулік бойы қызмет көрсететін  кардиологиялық бөлімшесіне жеткізіледі. Егер анаңызда әдеттегідей қан қысымы көтерілсе, бұл жағдайда қалалық аурухана  дәрігерлері де көмек көрсете алады.
–Елімізде медициналық сақтандыру жүйесі енгізіле ме?
–Елбасының Жолдауында 2017 жылы елімізде міндетті медициналық сақтандыру жүйесі енгізілетіні атап көрсетілген.  Сондықтан, қазіргі уақытта осы мәселе бойынша денсаулық сақтау министрлігінің бақылауымен бірқатар жұмыстар атқарылуда.  Айта кетерлік жәйт, бұған дейін 1995-1999 жылдары осындай сақтандыру жүйесі енгізілген. Сондықтан,  біз 2017 жылы тағы да міндетті медициналық сақтандыру жүйесіне өтеміз деп ойлаймын.
– Сәлеметсіз бе, менің сұрағым «Боровской» ықшам ауданында медициналық қызмет көрсетудің сапасы жайында.  Қабылдауға келерден бұрын күні мен уақыты көрсетілген талон алсаң да, кезекке тұруың қажет. Қашан  маманның алдына жеткенше зықың шығады. Алдын ала талон алмасаң, невропатолог дәрігердің қабылдауында болу, тіпті мүмкін емес. Неге қабылдауға телефон арқылы жазылуға болмайды? Соны білейін деп едім.
–Мен  бұл мәселені бақылауыма алып,  оңтайлы бір шешімін тауып көремін. Мысалы, облыстық  емханадағыдай мұндайда  қабылдауға телефон арқылы, ғаламтордың көмегімен, сондай-ақ, алдын ала өзің келіп жазылу сияқты үш түрі бар.
–Екіншіден, біздің учаскелік отбасылық №2 емханада,  тоғызыншы учаскеде  дәрігерлер жиі ауыса береді. Көбіне жас кадрлар қызмет атқарады. Ал, олардың тарапынан науқастарға деген менсінбеушілік байқалады. Сонда оларды колледждерде қалай оқытады?
–Иә, бүгінгі күнде медициналық мекемелерді мамандармен қамтамасыз етуде көптеген қиындықтарға тап болудамыз. Әсіресе, бұл жағдай отбасылық емханаларда жиі орын алуда. Мұның  бірқатар себептері бар. Мысалы, жас мамандарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі әлі де болса шешімін таппағандықтан, олардың қатары, әсіресе, сирек мамандықтағы кадрлар тапшы. Сондай-ақ, медицина қызметкерлерінің этикасы да күрмеулі мәселелердің бірі. Хабарласқаныңыз үшін рахмет. Қойылған сауалдар бойынша анық-қанығына жетуге уәде беремін. 
–Менің төркін жұртым қазір Солтүстік Қазақстан облысына қарайтын Айыртау ауданының Қаратал ауылы.  Емделуге Петропавл қаласына барады. Осы орайда, біздің Көкшетау қаласына келіп емделуге бола ма? Шұғыл түрде ота жасау керек болды дейік, сонда ол тегін бе, әлде…
–Шұғыл жағдайда ота тегін жасалады. Егер жоспарлы түрде болса, порталға кезекке тұру қажет. Ал, Айыртау ауданы тұрғындарының Ақмола облыстық ауруханасында емделуіне болады.
–Диабеттің 2-ші типімен ауырамын. Терапевт жазып берген дәрілердің көмегі аз. Ал, көмегі жақсы «Амарил 4» деген препарат қымбат болғандықтан, тендерден өтпей қалыпты. Келесі тендерлерде осы жағдайды ескеруге бола ма?
–Бұл мәселені денсаулық сақтау басқармасының өкілдері шешеді. Оларға, сіздің сауалыңызды жеткізейін.
–Қайырлы күн, Серік Әкпенұлы, менің есімім Жанна. Ауруханаларды шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттіқ қазыналық кәсіпорын санатына  ауыстырған соң, медицина қызметкерлерін тұрғын үй алу кезегіне қоймайтын болды. Сонда  бұл  мәселе әрі қарай  қалай шешілмек?
–Бұл өзекті мәселелердің бірі. Қазіргі уақытта кәсіподақ ұйымдары да медицина қызметкерлерін бұрынғыдай  азаматтық қызметшілер санатына жатқызу немесе мемлекеттік коммуналдық кәсіпорын мәртебесін беру мәселесін көтеруде. Бірақ, әлі нақты шешім жоқ. Облыстық мәслихаттың депутаттары ретінде біз де билік орындарының алдына  медицина қызметкерлеріне арнап тұрғын үй құрылысын жүргізу мәселесін қойып келеміз.  Бүгінде облыстық емхананың жанынан  екі он сегіз пәтерлік үй салынуда. Жыл соңына қарай тапсырылатын бұл үйлер  ведомстволық болмақ. Оған қоныстанатындарға  пәтерді жекешелендіру  құқы берілмейтін сияқты.
–Қалада тіркелмеген адамға медициналық көмек көрсетіле ме?
–Көрсетіледі. Елімізде бұл жағынан медициналық қызметтің тегін кепілді көлемі қарастырылған.  Соның аясында әрбір тұрғынның ауруханаға жатарда кез келген медициналық ұйымды таңдауға құқы бар.
–Мен мына бір мәселе бойынша хабарласып тұр едім. Облыстық ауруханада дәрігерлердің қабылдауында болып едім. Рентген суреттерінен  жамбас буынының  4 дәрежелі коксоартроз ауруы-
на шалдыққаным белгілі болды. Келесі жылдың қаңтар айында жоспарлы түрде ота жасалмақшы. Осы орайда, сұрайын дегенім, отаға квота беріле ме?
–Мұндай бір отаның құны 800 мың теңге. Бірақ, ол  науқасқа тегін жасалады. Бұл ауыр ота, алайда, белгілі бір тәртіпті сақтай отырып,  сауығып кетуге болады.
–Сәлеметсіз бе? Менің үш жастағы ұлым жедел респираторлық вирустық ауруымен жиі ауырады. Осыған байланысты қандай дәрі-дәрмектерді тегін алуға мүмкіндігіміз бар?
–Жедел респираторлық вирустық инфекция кезінде алты жасқа дейінгі балаларға антибиотиктер мен дене қызуын түсіретін дәрі-дәрмектер тегін босатылады.
–Алдағы уақытта  медициналық жоғары оқу орындарына оқуға түсу  үшін халықтың аз қамтылған топтарына жататын мектеп түлектеріне аудан әкімдерінің гранттары  қарастырыла ма?
–Иә, қарастырылуы тиіс. Себебі, аудандар мен ауылдық жерлерде, сонымен бірге, облыс орталығында да денсаулық сақтау саласының бастапқы буындарында  мамандар жетіспей отыр.  Осыған орай, облыс әкімінің бюджет комиссиясына, білім, денсаулық сақтау басқармаларына орта мектеп түлектерін облысымызда жетіспейтін мамандықтарға тарту үшін тиісті жұмыстар жүргізу жөнінде  берген тапсырмасы бар.
–Мен, Алпысбай Байғабылов Целиноград ауданының Рақымжан Қошқарбаев ауылында тұрамын. Өзім ІІ топтағы мүгедекпін. Екі мың тұрғыны бар ауылымызда  медициналық пункт жұмыс істейді. Ал, болашақта осында дәріхана мен аурухана ашуға мүмкіндік бар ма?
 –Целиноград ауданының қала маңындағы аймағының даму жоспарына сәйкес 2017 жылы сіздердің ауылдарыңызда жаңадан типтік үлгідегі кең  фельдшерлік-акушерлік пункт салынбақшы. Онда дәріханалық пункт те қарастырылған. Оған дейін нысанға барлық инфрақұрылым,  коммуникациялар тартылып, құрылыс та басталады. 
Тікелей желі барысында барлығы 16 адам телефон шалып, өздерін толғандырған сауалдарға тұшымды жауап  алды.

Тікелей желіні дайындаған
Ырысгүл АШУОВА,
арнаулы тілшіміз.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар